Тылда ерлік көрсеткен
Менің майдангер атам – Нысан Әбдраманов. Ол – 1900 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Жас кезінде Қаратереңде Арал теңізінде балық аулаумен айналысқан.
Соғыс басталған соң бір жылдан кейін 1942 жылы Ақтөбе әскери комиссариаты арқылы әскерге шақыртылады. Майданда әскери жаттығу үстінде қолынан жараланып, соғысқа қайта бара алмайды. Елге оралған соң әскердегі жауынгерлерге аяқ киім тігумен айналысады. Арал қаласында аяқ киім тігу шеберханасында ағасы Омар екеуі жұмыс істейді. Соғыс аяқталған Қызылорда қаласындағы Тасбөгет құрылысына шақырылып, 1945 жылдан 1949 жылға дейін дарияға бөгет салу жұмысын істейді. 1949 жылдан 1950 жылға дейін Амангелді ауылында колхозшы болып жұмыс істеп, 1950 жылы Жетікөлдегі 10 колонияға келіп, аяқ киім тігу кәсібімен айналысады. Өмірінің соңына дейін осы елді мекенде болып, 1984 жылы қайтыс болған.
Ауыр жарақат алған атам ел қорғау ісіне араласа алмады. Дегенмен, тыл еңбеккері ретінде майдандағы жауынгерлерді киім-кешектермен қамтамасыз етуге өз үлесін қосты.
Иә, жеңіс жолы бізге оңайлықпен келмеді. Қанша жанның қаны төгілді, қаншама ер зұлымдықтың құрбаны болды.
Соғыс тақырыбында ой толғау жазу арқылы майдангер аталарымыздың ерлік істері бізге әрдайым өшпес үлгі-өнеге болып қала бермек. «Өлі риза болмай, тірі байымайды». Ендеше келешек ұрпақ өкілдері, біздер, ер аталарымыздың ерлігін дәріптеу арқылы елімізге адал ұрпақ боп өсуді, халыққа қалтқысыз қызмет жасауды бойымызға ұялатамыз.
Балауса Есен,
№174 орта мектебінің
10-сынып оқушысы