Құрмет төріндегі қария
Ауыл шаруашылығы саласының дамуына айрықша үлес қосып, ауданымыздың өркендеуіне атсалысқан қариялардың қатарында есімі ерекше құрметпен аталатын Қайып Әбдібекұлы негізі Ақжарма ауылының тумасы. Бірақ саналы ғұмырын Шағанда өткізген ардагер еңбегімен, маңдай терімен бүгінде қос ауылға ғана емес, ауданымызға ортақ тұлғаға айналды. Біз Жеңіс мерекесі қарсаңында 85 жасқа толатын қазыналы қартты іздеп, сұхбаттасып, хал-ахуалын білмек ниетте ардақты ардагердің қарашаңырағына бас сұқтық.
Немере-шөберелерінің ортасында қуанышқа кенеліп отырған Қайып Әбдібекұлының балалық шағы қиын кезеңдермен тұспа тұс келді. Екі жасқа енді толғанда алапат соғыс өрті тұтанып, әкесі Әбдібек Жүсіпов майданға аттаныпты. Көзкөргендердің айтуынша, алғашында соғысқа кеткен сарбаздан хат-хабар келіп тұрған екен. Кейін байланыс үзіліп, майдангер соғыстан оралмапты. Сөйтіп бір әпкесі мен бір қарындасы үшеуін анасы Шаһар бағып-қағып өсіреді.
– Анадан асыл жан бар ма?! Анамыз Шаһар бізге әкеміздің жоқтығын білдірмей өсірді. Ол кісі колхоз жұмысына белсене атсалысты. Бірнеше рет «Озат колхозшы» атанып, таңның атысы, күннің батысы демей тер төгіп, еңбекпен еңсе тіктеді. Бойымызда қандай да бір жақсы қасиет болса, онда ол бізге ата-анамыздан дарыды деп есептеймін. Бүгінде біз де ұрпақ өсіріп, ардагерлік кезеңге жеткен қарт болдық. 85 жас аз жас емес, шырағым. Біздің жасымызды, абыройлы жолымызды берсін, – деді Қайып Әбдібекұлы бізбен әңгімесінде.
Қарапайым отбасында өсіп-жетілген Қайып ақсақал бала күнінен білім мен еңбекке құштар, елгезек болып өсіпті. Сол белсенділігі азамат болып қалыптасқан шағында өмірден өз орнын табуына көп әсер еткен. Кейіпкеріміз 1953-1954 жылдары бұрынғы «Комсомол» колхозында 7-ші сыныпты ойдағыдай бітіріп, Қызылорда гидромелиоративтік техникумының гидромелиорация факультетіне оқуға түседі. Аталған арнаулы оқу орнын 1958 жылы бітіріп, жас маман ретінде алғашқы еңбек жолын Тереңөзек су пайдалану учаскесінде қатардағы гидротехник болып бастайды. Жұмысқа ерте келіп, кеш қайтатын, әр тапсырманы тиянақты орындайтын жас маман көзге бірден түседі. Әсіресе Қозтай Әбуов болар баланың болашағына ерекше сеніммен қарапты.
– Аграрлы ауданымыздың тұрғындарына Қозтай Әбуовтің есімі етене таныс деп ойлаймын. Ол кісі 1962 жылы совхоз дирекциясы атынан аудандық су шаруашылығы мекемесіне арнайы хат жазыпты. Хатта мені Тереңөзек күріш совхозына (қазіргі Шаған ауылы) бас инженер гидротехник етіп жұмысқа жіберуді сұрайды. Аудандық су шаруашылығы мекемесі совхоз дирекциясының өтініші негізінде мені Тереңөзек күріш совхозына бас инженер гидротехник етіп тағайындады. Міне содан бері 40 жыл еңбек етіп, Шамахан Құндызбаев, Зинадин Лекеров, Бақтығали Өмірзақов, Баянбай Тұрлыбаев, Әділ Атақаев, Сейілбек Асқаров, Қожабек Дәдікбаев, Аббас Камалатдин секілді азаматтармен жұмыс істеп, зейнет демалысына шықтым. Қазір жасым қартайған соң кейбір әріптес, замандас азаматтардың есімін ұмытып қаламын. Ең бастысы, біздің еңбегімізді, азаматтардың маңдай терін ел-жұрт біледі. Жұртшылықтың алғысынан артық марапат пен құрмет жоқ, – дейді Қайып Әбдібекұлы.
Еңбек жолында білікті маман екенін дәлелдеген азамат шаруашылықтың республикада, одақта атағының дүркіреп шығуына үлес қосты. Күріш танабын инженерлік жүйеге келтіру жұмыстарын жүргізді. Егістіктегі ерен еңбегімен қатар шаруашылық жастарына қоғамдық негізде жетекшілік етті. Совхоздың комсомол ұйымының хатшысы, халықтық бақылау тобының жетекшісі, совхоздың партия ұйымының партком мүшесі, партком хатшысының орынбасары болды. Шаруашылықта 23 жыл бойы бас гидротехник болып қызмет жасады. 1976 жылы Шамахан Құндызбаев директор болып тұрған тұста күріш фабрикасы атанған Тереңөзек совхозы ел қамбасына 1 млн пұт Сыр маржанын құйды. 1986-1997 жылдары №8 бригадаға жетекшілік етіп, күріштен мол өнім алып, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Осы еңбегі елеусіз, ескерусіз қалған жоқ. «Еңбектегі Ерлігі үшін» медалімен, «Лениннің 100 жылдығы» мерекелік медалімен және бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне қатысқанын растайтын төсбелгімен марапатталды. Сондай-ақ аудандық мәслихаттың шешімімен «Сырдария ауданының құрметті азаматы» атанып, ауданның ең жоғарғы наградасына ие болды.
– Мен ешқашан атақ үшін, марапат үшін еңбек еткенім жоқ. Еңбекті адалынан жасасаң, атақ та, абырой да өзі келеді. Осыны кейінгі буын жастарға, ұрпақтарыма әркез айтып отырамын. Бүгінгі күндегі ең жоғары атағым – ата, әке деген атау. Ал ең басты байлығым, құндылығым – отбасым. Отбасым аман болса, Отанымыз дами берсе деп күнде тілеп отырамын, – дейді 85 жастағы қария.
Ардақты азаматпен 1960 жылы шаңырақ көтерген Гүлжан Абзалқызы да бүгінде үлкен әулеттің шамшырағы болып отыр. Мемлекет басшысының Жарлығымен «Алтын алқа» иегері атанған ардақты ана екі ұл мен бес қызды өсіріп, жетілдіріп, немере-шөберенің қызығын көруде.
– Қазақ қай кезде де шүкіршілікке сүйеніп, тәуба еткен халық. Бәріне шүкіршілік етеміз, тәуба дейміз. Қайып аталарыңмен бірге 65 жылға жуық уақыт бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Талай қуанышты бірге қарсы алдық, қиындықтарды артта қалдырдық. Балаларымызды өсірдік, оқыттық, үйлендірдік. Қазір бәрі түрлі салада еңбек етіп жүр. Өсіп-өнген әулеттермен құда болдық. Үлкен ұлымыз Сабыр ауылшаруашылығы саласында еңбек етсе, Шолпан Алматы қаласындағы хайуанаттар бағының басшысы. Мұхтар Қарағандыдағы жабық жүзу бассейнінің меңгерушісі болса, Раушан Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының бөлім басшысы. Ал Гүлназ Алматыдағы хайуанаттар бағының «Жыртқыш аңдар» бөлімінің меңгерушісі. Отбасымыздың алтыншы қызы Гүлфарида Сырдария аудандық ауруханасының оңалту бөлімінің меңгерушісі, жоғары санаттағы дәрігер-терапевт. Кенже қызымыз Гүлзада – Алматы қаласы «Нұрбанк» АҚ бөлім басшысы, білікті экономист. Қарашаңырақтағы баламыз Данияр аудан әкімдігіне қарасты бөлімде мемлекеттік қызметші. Күйеу балаларым мен келіндеріме ризамын, – дейді Гүлжан Абзалқызы ұрпақтарының жетістігіне марқайып.
Өмірінің ең қымбат кезеңін ауылды түлетуге арнаған, ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, абыройға кенелген қариялардың жүріп өткен жолы, атқарған қызметі жас буынға үлгі-өнеге. Сексеннің сеңгіріндегі қос қария тоқсанның төріне жетсек деген ізгі ниетте. Ауданымызда ғасырлық белесті бағындырған қариялардың бар екенін ескеріп, қазыналы қариялардың ғасыр-ғұмыр жасайтынына сенеміз. Лайым, іргелі әулеттің тірегіне айналған мерейтой иелерінің өмір жасы ұзақ болғай!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ