Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Түлектер ауылға сый жасады

Түлектер ауылға сый жасады

Ұлы ерлік – ұрпаққа аманат. Сұрапыл соғыста еті­гімен қан кешкен боздақтар қасық қаны тамғанша Отан үшін жан алысып, жан берісті. Ұлы Жеңіс үшін майданға аттанғандардың қатарында ақжармалық 333 жауынгердің 206-ы туған елге оралмады. Бейбіт күнге жеткен 127 майдангердің туған елді түлетуге атсалысқаны бүгінде ауыл тарихында жазулы.

9 мамыр – Ұлы Жеңіске 78 жыл толу құрметіне Ақжарма ауылындағы №130 Абай атындағы мектептің 50 жылдық түлектері алдын ала тыңғылықты да­йын­­­­­далды. Арман-мақсаттары бір ар­наға тоғысып, ауылға сый жасауды жөн көрді. Түлектер майдангерлерге тағ­зым ретінде игі істің басынан табылды. Ауылдағы «Ақжарма – 2» шаруа­ қожалығымен бірлесіп, төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Марат Бисеновтің қолдауымен «Тағзым» алаңы жаңартылып, ескерткіш жаңа кейіпке енді. Ауылдың қауымдас­тық ке­ңес төрағасы Құдайберген Шыманов­ күні-түні басшылық жасап, ауылдың құ­ры­лыс шебері Мұрат Қалжанов баста­ған құрылысшылар ескерткішті мереке қарсаңына жаңалап шықты.

Соғыстан оралмаған боздақтардың есімі жазылған ескерткіш тақта үлкей­тіліп, қайта жазылып, олардың аты-жөн­дері нақтыланды. Сонымен қатар ауыл­дан аттанып, елге оралған жауын­герлердің есімі де анықталып, мемориал тақтаға 127 жауынгердің аты-жөні қа­шалып жазылды.

– Биыл ауылдан түлеп ұшқанымызға 50 жыл болды. 1973 жылы орта мектепті бітіріп, сан тарапқа аттандық. Бүгінде ел ағасы атанып, туған жерге тағзым ретінде игі іске бастамашы болуды жөн көрдік. Ауыл адамдары аталарына тағзым етуі үшін осы алаңға келеді. Ес­керткіш тақтада соғыстан оралмаған жауынгерлердің есімі жазылған. Бізге «Неліктен ұрпақтары соғыстан кейінгі жылдары ауылды өркендету үшін маңдай терін төккен ата-бабаларына осында келіп тағзым етпеске» деген ой келді. Біздің ауылдан барлығы 333 адам соғысқа аттаныпты. Олардың тірі келгені 127 адам, барлық архив құжаттарын, ұрпақтарының берген анықтамалары не­гізінде нақтыланғандары, әлде де біз білмей қалған аталарымыз бар болуы мүмкін. Дегенмен үлкен іс бітті. Тура Ұлы Жеңіс күнінде осындай бағдарлама жасап, майдангерлер рухына тағзым етуді жөн көрдік. Шаруашылық төрағасы Марат Бисеновке рақмет, қолдау білдірді, ескерткіш жаңаланды, тақта көлемі үл­кейіп, есімдері қайтадан үлкен әріп­термен жазылды. Ескерткіш жанына екінші тақта жасалды. Онда соғысқа барған, елге аман-есен келіп, ауылдың дамуына үлес қоқан жауынгерлердің есім­дері жазылды. Кейінгі ұрпақ ерлік жасаған аталарының есімдерін ұмытпауы керек, – дейді ауыл азаматы, 50 жылдық түлек Серік Нұртазаев.

8 мамыр күні басталған мектеп біті­рушілердің 50 жылдық кездесуі ауыл мектебінен басталды. Түлектер туған елге келіп, ардақты ұстаздарымен кез­десті. Түлектерге сабақ берген, ардагер-ұс­таздар Жақсылық Әбілдаев пен Мәди­на Пірмағанбетоваға мектеп ұжымының алдында алғыс айтылып, сый-сияпат жасалды. Бақилық болған ұстаздар мен достарын еске алып, ауыл бейітіне барып, олардың рухына Құран бағыштады. Ертесіне кейінгі ұрпаққа өнегелі істің үлгісін көрсеткен түлектер «Тағзым» ала­ңына жиналды. Ескерткіш тақта жанында ауыл майдангерлерінің рухына тағзым етілді, гүл шоқтары қойылып, Құран бағышталды.

Ауылдық мәдениет үйінде жалғасқан іс-шарада ауыл әкімі Ерлан Ешмұратов сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын Жеңіс кү­німен құттықтады.

– Ел тарихында Ұлы Отан соғысы туралы талай тарихи деректер бар. Біздің ауыл 6 колхоздан біріктіріліп құрылғаны белгілі. Міне, осы колхоздардан қан майданға аттанған жауынгерлердің 206-ы мерт болды. 127 майдангер Ұлы Жеңіспен елге оралды. Бүгін – тарихи сәт. Ауыл орталығындағы «Тағзым» алаңы жаңа кейіпке енді. Ескерткіш жаңаланып, «Ер есімі – ел есінде» тақ­тасы ашылды. Мұнда майдан даласынан елге оралған жауынгерлердің есімі 50 жылдық түлектердің үлкен ізденісінің арқасында жазылды. Алаңның айналасы да жөнделді, брусчаткалар төселіп, абаттандырылды. Осы істің басы-қасында жү­ріп, ауылдан тарихи орынның ашылуы­­на себепші болған биылғы жылдың 50 жылдық түлектеріне, «Ақжарма – 2» шаруа қожалығының төрағасы Марат Бисеновке алғысымызды айтамыз. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, ата-бабалардың рухына жасалған құрмет еш уақытта аласармайды, – деді ауыл әкімі.

Мерекелік іс-шарада 50 жылдық түлек­тердің атынан Серік Нұртазаев игі істің бүгінгі күнге дейінгі жүріп өткен жолына, яғни әрбір есімі жазылған азаматтың құжаттары қалай табылғаны, қалай нақ­тыланғаны туралы айтты, арнайы слайд арқылы көне құжаттар көрсетілді. Салтанатты кеш ауыл өнерпаздарының кон­церттік бағдарламасымен жалғасты.

Мереке түлектердің ұйымдастыруы­мен көкпарға, тай жарысына жалғасты. Ақ­жарма, Шаған, Аққұм ауылынан келген шабандоздар ұлттық ойынның көрігін қыздырды. Ауыл азаматтары аталарының атынан салым салғызып, жеңімпаздарға сый-сияпат жасады. Ауыл ақсақалдарына ас берілді.

Бірлігі бекем, тірлігі көркем ақжарма­лықтар осылайша Жеңіс күнін лайықты атап өтті.

Бибісара ЖАНӘЛІ
11 мамыр 2023 ж. 313 0