Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Руслан Рүстемов: Сырдария ауданы – бекем бірлік пен көркем тірліктің ордасы

Руслан Рүстемов: Сырдария ауданы – бекем бірлік пен көркем тірліктің ордасы

Құрметті сырдариялықтар!

Сіздерді алыптарға алтын бесік болған қасиетті Сырдария ауданының 95 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!

Сырдария ауданы – бекем бірлік пен көркем тірліктің ордасы, халқы ынтымақты іске ұйысқан, қарты қазыналы, жастары жалынды, азаматтары елге жанашыр өңір. Сыр өңірінің өсіп-өркендеуінде бұл мекеннің өзіндік орны бар. Мен тарихы бай ауданда елмен етене араласып, басшылық қызмет атқарған жыл ішінде Сырдарияның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамуына үлес қосқанымды, өмірімнің ең қымбат кезеңдерінің бірін осы ауданда өткізгенімді әрдайым мақтан етемін.

Сырдарияның шежірелі тарихы еліміздің, оның ішінде облысымыздың даму кезеңдерімен, айтулы оқиғаларымен үндесе, біте қайнасып, қалыптасып келеді. Тарихи оқиғалар қаз-қалпында қайталана бермейді. Тарихи оқиғалар әр кезде әр түрлі кеңістік пен уақыт сынынан өтеді. Яғни, ауданның 95 жылдық шежіресіне көз жүгіртіп, өткеннен сабақ алып, болашақтың мақсатын айқындауда мерейтой өткізудің өзіндік маңызы бар. Сырдариялықтардың бұл бағыттағы игілікті көрсеткіштері жеткілікті. Аудан бюджетінің артуы, жаңа нысандардың салынуы, негізгі салалардың дамуы ауданның әлеуеті жоғары екенін білдіреді. Алдағы уақытта да сырдариялықтар аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы міндеттерді абыроймен орындай беретініне сенемін.

Сіздерді ауданның 95 жылдық мерейтойымен тағы да құттықтай отырып, әрдайым табыстың биігінен көріне берулеріңізге тілектестігімді білдіремін.

Құрметпен,
Руслан РҮСТЕМОВ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты
10 қараша 2023 ж. 246 0