Кілем жуу – табысты кәсіп
Ауа райының жылынуымен қыз-келіншектер кілем жууға асығады. Күннің шуақты күндерін қалт жібермеуге тырысатын келіншектер үшін бұл – жауапты жұмыстың бірі. Тазалықты жаны қалайтындар көктемнің жылымық мезгілінен бастап қара күзге дейін бел жазбай кілем жуып, әбігерге түссе, енді бұл қызметті арнайы орталықтар атқарады. Дәлірек айтқанда, Тереңөзек кентінен жерлесіміз Бағдат Болатұлы клинингтік қызметін ашқанын бірі білсе, бірі білмейді. Негізінен 2019 жылдан бері аудан халқына қалтқысыз қызмет көрсетіп келетін орталық жұмысы жыл сайын кеңейіп, қызмет аясы да өсіп келеді.
Еңбеккеш азамат бұл кәсіп түрін елде пандемия болған уақытта бастауға бел буды. Мемлекеттен кәсіпкерлікті қолдауға арналған 500 мың грант қаражатына ие болып, кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Ауданда бұрын мұндай орталық болмағандықтан сапалы қызмет көрсету үшін еңбекпен тапқан қаржысын да қосып, түрлі құрал-жабдық алуға қол жеткізді.
– Кілем жуу кәсібін біреше жыл бұрын бастадым. Бұл салаға келмес бұрын мал шаруашылығымен айналыстым. Бірақ тұрғындардың сұранысына сай осы кәсіпті бастап, одан әрі кеңейтуге тырыстық. Бұрын тұрғындар қалаға барып, осындай орталық қызметіне жүгінсе, енді алысқа бармай-ақ біздің қызметімізді пайдаланатын болды. Арнайы орынды үйіміздің жанынан салып алған цехта жылдың барлық мезгілінде атқара береміз, – дейді жеке кәсіпкер Бағдат Иттугулов.
Қазір кәсібін толық іске қосып, қажетті құрылғының барлығын жасақтап алған кәсіпкер «Байқоңыр» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы өткен жылы 2,5 пайызбен бизнесті дамытуға 3 млн теңге несиеге қол жеткізді. Бұл қаржыға кілем жуу орталығын түрік технологиясымен жабдықтады. Ең қажетті деген роторлық жуу құралы және кілемді сығатын, кептіретін центрифуга сатып алып, қызметінің сапасын одан сайын арттырды. Әрбір тұтынушының қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында ізденіп, жұмсақ жиһаздарды химиялық тазалау қызметін де жүзеге асырды. Бұл қызметпен жұбайы Жазира айналысады. Кілемнің түсін, сапасын сақтау үшін кілем жуу процесінде тек қана сапалы кір жуатын ұнтақ пен сусабындар, парфюмдер пайдаланады. Ондай заттарды арнайы тапсырыспен сатып алады. Кәсіпкердің тапсырыс көлемі ұлғайғандықтан, қосымша бір адамды жұмысқа тартқан. Күніне 15-20 кілемді жууға қабілетті орталық жұмысы аптаның 7 күнінде де жұмыс жасайды. Тапсырыс берушілерге ыңғайлы болу үшін алып кету, жеткізу қызметі тегін қарастырылған.
– Кілемнің барлық түрін жуамыз. 1-2 күнде дайын болады. Химиялық тазалау қызметін де ұсынамыз. Жұмсақ жиһаз, диван, матрас, плед, көрпе, көрпеше тазалаймыз. Кент бойынша алып кету, жеткізу қарастырылған. Жұмыс процесіне келер болсақ, көріп тұрғандарыңыздай цех заманауи аппараттармен жабдықталған. Кілемді алдымен шаңын қағып, сонан соң жуамыз. Арнайы сусабындарды, парфюм, дақ кетіргіш ұнтақтарды қолданамыз. Түрік технологиясы кілемді сапалы етіп жуады. Тарақпен тарап, кілемді жап-жаңа етіп шығарамыз. Дайын болған кілемді арнайы целлофан қаптамамен жеткізіп береміз, – дейді кәсіпкер Бағдат Болатұлы.
Ал екі қолына бір жұмыс таба алмай отырғандар жайында жас кәсіпкер «Қазір мемлекет тарапынан бизнес бастауға берілетін көмекті тиімді пайдалану қажет екенін айтады. Әсіресе, жастар, әлеуметтік осал топ өкілдері қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, азын-аулақ мал алып, күн көруге болады» дейді. Бүгінде жас кәсіпкер өзінің адал еңбегінің арқасында табыс тауып, халыққа қызмет көрсетіп отырғаны көпке үлгі.
Ең бастысы қызметінің сапасына аса мән беретін ерлі-зайыптылар осы күні бұл салада тәжірибесі толығып, әбден машықтанған. Отбасылық бизнес иелері үшін бастысы – тұрғындардың сенімі мен алғысы. Сондықтан тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсетіп отырған клинингтік орталық қызметіне деген сұраныс көп.
Бибісара ЖАНӘЛІ