Абыройлы еңбектің берекелі зейнеті
Ұзақ жылғы бейнеттің зейнетіне шығу – адал еңбектің жемісі. Ардагерлік кезеңге абыроймен жету еңбек адамын бақытқа бөлейді. Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектепте ізгілікті іс-шара өтті. Мұнда мектеп ұжымы қос азаматты зейнет демалысына құрметпен шығарып салды. Салтанатты кеш мектепте шаруашылық меңгерушісі болып еңбек еткен Ералы Аманов пен ұлағатты ұстаз Бердібек Зинабдиновтың құрметіне арналды.
Әріптестерінің алдында құрмет-қошеметке бөленіп, төрден орын алған қос азаматқа арналған мерекеге ауыл әкімі Ғ.Әкбаров, еңбек ардагері Б.Дүйсенбаев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Маханбет, «БАҚ» шаруашылығының төрағасы С.Әбжалиев, ардагер-ұстаздар, ауылдағы балабақша қызметкерлері мен ұстаздар қауымы, ұстаздың әр жылдардағы шәкірттері қатысты.
Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде қажымас қайратымен, өнегелі өмірімен, жаңашылдық жолымен, адамгершілік қасиетімен дараланған қос азамат қоғамдық жұмыста да белсенді болды. Олар ауыл мектебінің жұмысына, алға жылжуына жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқарды. Білікті маман атанып, жас кадрларды дайындауда барын салды. Қарым-қабілеттің арқасында «білікті маман» биігіне көтеріліп, асқарлы асудың ұшар басына алқынбай жетті.
Алдымен саналы ғұмырында шәкірттеріне физика пәнін меңгертіп, ұлағатты ұстаз атанған Бердібек Зинабдиновтың өмірдерегіне тоқталатын болсақ, ол 1960 жылы 17 тамызда ауданға қарасты Құндызды ауылдық кеңесінің Амангелді бөлімшесінде дүниеге келген. 1977 жылы орта мектепті бітіріп, сол жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түсіп, оны 1981 жылы физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шыққан.
Еңбек жолын 1981 жылы №175 сегіз жылдық мектепте мұғалім болып бастап, кейін №126 В.И.Чапаев атындағы сегіз жылдық қазақ орта мектебінде қызметін жалғастырды. 1984 жылы Партияның ХХI съезі атындағы совхоздың бастауыш комсомол ұйымының секретары болып, 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» кезіндегі белсенді қызметі үшін бұл жұмыстан босатылады. Ардақты ұстаз 1987-1991 жылдары №126 қазақ орта мектебінде мұғалімдік қызметін жалғастырады. 1991-1995 жылдары қызметтік жолы күрт өзгеріп, О.Мәлібаев атындағы шаруашылықта слесарь болса, кейін өндіріс бригадирі болып жұмыс істейді. 1995-2003 жылдар аралығында №126 орта мектепте мұғалім қызметін, 2003-2008 жылдары осы мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін жауапкершілікпен атқарады. Абыройлы азамат мектеп директоры қызметіне де көтеріліп, 2008-2011 жылдары №126 орта мектебінің директоры болды. Басшылық қызметтегі жемісті еңбегі өз нәтижесін беріп, түлектер ҰБТ-дан жоғары көрсеткіштерге жетіп, аудан мектептерінің алғашқы бестігінен көріне білді.
Соңғы12 жылдан бері мектепте физика пәнінің мұғалімі болып қызметін абыроймен жалғастырып, 42 жыл еңбек өтілімен зейнеткерлік демалысқа шыққан ұстаз еңбек жолында ел сеніміне ие болып, халық қалаулысы да атанды. Сырдария аудандық мәслихатының депутаты ретінде ауылдағы түйіткілді мәселелердің шешілуіне атсалысты. Ұзақ жылғы еңбектің арқасында лайықты марапатын да алды. Бірнеше рет аудандық білім бөлімінің, облыстық білім департаментінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Зейнеткерлікке жеткен азамат 5 ұлдың әкесі, 2 немеренің ардақты атасы.
Екінші ардагер Ералы Аманов та 1960 жылдың тумасы. Жалағаш ауданының Қаракеткен ауылында дүниеге келгенімен, оның бар өмірі, еңбек жолы Сырдария ауданымен тығыз байланысты. Аудан орталығындағы №35 мектепті бітірген соң, әскер қатарына алынып, азаматтық борышын Венгрияда өтейді. 1980 жылдан бастап Тереңөзек кентіндегі ПМК-1608 жылжымалы мехколонасында құрылыс саласында ағаш ұстасы, бригадир болып еңбек етеді. Тереңөзек кентіндегі түрлі мекемелер мен үйлердің бой көтеруіне қосқан үлесі зор. Асқан жауапкершілікті, тәртіпті жаны сүйетін азамат көптеген марапатқа ие болды. 1984 жылы өзімен бір салада жұмыс атқарған сылақшы Жанат Сариевамен отау құрып, тұрғындардың жаңа, кең үйде тұруына үлестерін қосты. 1990 жылы Қалжан ахун ауылындағы шаруашылық меңгерушісі болып тағайындалды. Содан бері мектепте 33 жыл адал қызмет жасап, бүгінде зейнет жасына жетіп отыр. Қазіргі таңда Ералы Тәжікбайұлының бір ұл, екі қызы және жеті немересі бар.
Мерекелік кештің кейіпкерлерін құттықтап, сый-сияпаттарын жасаған құрметті қонақтар қос азаматтың адамгершілік қасиеті мен атқарған адал еңбегі жайында әңгімеледі.
– Қасиетті мекен Қалжан ахун ауылында, білім ошағы мектепте керемет іс-шара өтуде. Қашанда аға ұрпақты құрметтеп, төрден орын берген ұстаздар қауымы бүгін қос ағамызға ерекше құрмет көрсетуде. Қос ардагердің бірі – Ералы Тәжікбайұлы саналы ғұмырының 33 жылын мектептің шаруашылығының дұрыс жүруіне барын салған, еңбектің қара қазанында қайнаған азамат. Мектептің іргетасын қалауға атсалысқан, балалардың жылы және жайлы сыныпта білім алуларына, көркеюі мен абаттануына қолтаңбасын қалыптастырған білікті маман. Ал ұлағатты ұстаз Бердібек Алданышұлының 42 жыл ғұмыры осы мектеппен байланысты. Ұстаздың жастық шағынан басталған ұстаздық қызметі абыроймен зейнеткерлікке жеткізді. Осынау жылдар ішінде мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ұлағатты азамат көптеген шәкірттің дұрыс мамандық таңдауына жол ашты. Қазір ұстаздың шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етеді. Бердібек ағай мектеп директоры болған шақта мектеп ұжымы көптеген жетістікке жетті. Оқушылар білім бәйгесінде топ жарып, ҰБТ-дан жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Ардақты ұстазды тек қана шәкірттері ғана емес, күллі ауыл халқы құрметтейді. Аудандық мәслихаттың депутаты ретінде халық қалаулысы атануы да ұстаздың еңбегіне берілген лайықты баға. Қос ардагерімізге дендеріне саулық, ұзақ өмір тілейміз, – деді орта мектеп директоры Бақытжан Бақбергенова.
Өнегелі өмір иелеріне аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасы мен сый сияпаты табысталды. Сонымен қатар қос құрдастың ағайын-туыстары, шәкірттері ізгі тілектерін жеткізіп, құрмет көрсетті. Іс-шара аясында мерейтой иелеріне арналып ән-шашу шашылды. Өз кезегінде зейнет демалысына шыққан ардагерлер барша жиналған қауымға, әріптестеріне шынайы алғыстарын жеткізіп, шығармашылық сәттілік тіледі.
Б.ЖАНӘЛІ