Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кіндік шеше

Кіндік шеше

ӨМІР ҮШІН АРПАЛЫС

Таң бозарып атып келеді. Үй ішінде сілтідей тыныштық орнаған. Ал далада желтоқсанның ақ түтек бораны аласапыран күй кешуде. Бас дәрігердің қызметтік көлігін айдайтын Бағдәулет төсектен басын әрең дегенде көтерді. Жаңа жылдың басталуына үш-ақ күн қалған. Жүргізушіні әлсін-әлсін «жалақы түспеді ме» деген ой мазалайды. Әрине, айдың аяғы болғандықтан, қаражат кімге болса да, керегі рас. Қызметтік көлікті оталдырып, айдап кетуіне дайындаған жүргізуші дәл бүгін өміріндегі тосын оқиғаға тап боларын мүлдем сезбеген еді. Уақытылы бас дәрігерді ауруханаға әкеліп, көлігінің май-суын ауыстыруға қам жасаған 32 жас­тағы жігіт облыс орталығына жедел түрде шығуына тура келді. Негізінен оқиғаның мәнісі тереңде жатыр.

Оқиғаның басты кейіпкері – жас келін­шектің жүктілік мерзімі 37-38-інші аптаны құрайды. Толғағы қысқан Салтанатқа ден­саулығына қатысты бала босануға бол­майтындығы жөнінде дәрігерлер тарапынан ескертілген. Дегенмен сәбилі болуды барынша аңсаған келіншек өз басын қатерге тігеді. Барлық жауапкершілікті өз мойнына алған келіншектің бойындағы батылдығы таңғаларлық. Денсаулығында кінәраты бар аяғы ауыр жан босануға жақындаған сәтте «Перзентханаға» келген еді.

– Толғағым қатты қысып барады. Жаным көзіме көрініп тұр.

– Салтанат-ау, сені шұғыл қаладағы ауруханаға апару керек.

– Ботакөз апай, сізге сенемін. Мені қинамай осы жерде босандырыңыздаршы.

– Олай болмайды. Ана мен баланың өміріне қауіп төніп тұр. Шұғыл «Жедел жәрдем» көлігін шақырту керек, – деп бұйыра сөйлеген дәрігер Салтанатты сабырға шақыру үстінде. Хабар естіген сәттен көлік жүргізушісі Бағдәулет темір тұлпарын сақа­дай сай етіп дайындап қойған. Акушерка Ботакөз бен дәрігер Нейлә бастаған топ жүкті әйелді облыстық ауруханаға жеткізу үшін жолға шығады.

Дәрігер мен акушерка үшін әр минут бағалы. Денсаулығының қыр-сырын біле тұра бала көтерген келіншектің өмірі олардың қолында тұр. Бұл ретте, жүргізуші де, облыстық ауруханаға уақытылы жетуге күш салып келеді. Десек те Салтанаттың толғағы барған сайын үдеп барады. Әл-дәрмені қалмаған.

– Шыдамай барамын. Терезені ашыңыздар. Тынысым тарылып барады. Жүргізуші, тоқтаңыз деймін.

– Салтанат, шыда. Жақындап қалдық.

Арада жиырма минут уақыт өткен. Ана мен баланың денсаулы­ғын аман алып қалу ақ халатты абзал жандарға тиесілі. Жол үстінде шешім қабылдау қиын, әрине. Бір кезде шұғыл жас келіншекті жол үстінде босандыруға ортақ байлам жасалды.

– Сәлеметсіз бе, облыстық аурухана ма?

– Иә, сізді тыңдап тұрмыз.

– Біз Сырдария ауданынан жүкті әйелді әкеле жатырмыз. Жол үстінде босану қаупі бар. Бізге қосымша көмек керек.

– Түсінікті. Жағдайды басшылыққа хабарлаймыз. Арнайы топ жолға шығады.

Қызылорда-Жалағаш тас жолының бойын­да екпіндеп келе жатқан «Жедел жәрдем» көлігі кілт тоқтады. Жоғарғы жылдамдықпен тоқтаған Бағдәулет көлігінің шағын перзентханаға айналарына сенер емес. Ерсілі-қарсылы өткен көлік ішіндегі адамдар жас ананы босандыру барысынан бейхабар. Акушерка Ботакөз Салтанатты босандыруға кірісіп кеткен. Ананың денсаулығы дәрігердің жіті бақылауында. Уақытылы облыстық ауруханадан қосымша көмек келіп жетіп, ақ халатты абзал жандар Салтанатты ойдағыдай босандырып алады. Баланың кіндігі кесілген мезетте облыстық ауруханаға жеткізілді. Анасы екеуінің денсаулығы қатаң қадағалауға алынды.

Арада бірнеше күн өткен. Перзентін бауырына басқан Салтанат сәбиінің есімін Ботакөз деп қояды. Қызының өмірін сақтап қалған акушеркаға көрсеткен құрметі болар. Бүгінде Ботакөз 13 жасқа келген. Бұрымды аруға айналған бойжеткеннің өмірге келуі осылай болған. Көптеген оқиғаға тап болған Бағдәулет ана мен баланы аман алып қалу жолында дәрігерлерге көмегі тигеніне дән риза.

ЖОЛДАҒЫ ТОЛҚЫНЫС

Жоғарғы санатты акушерка Ботакөз 19 жыл бойы жүздеген келіншекті босандырған. Оның қызметтік жолында небір қызықты оқиға орын алған. Кезекті рет 2013 жылы жол үстінде сәбиге жарық өмір сыйлаған ақ жүректі жанның жүзі мейірімді, қолы жеңіл деген сөзді емделушіден жиі естиміз. Бұл жолғы жағдай мүлдем басқаша өрбігені бізге аян.

Өмір болғаннан кейін кез келген отбасында сәбидің үні естілуі ерекше қуаныш екені белгілі. Жүрегінің астында тағы бір тіршілік иесі қимылдап жатқанда әрбір ана айрықша сезімге бөленеді. Шын мәнінде, Ботакөздің тәжірибесінде талай тағдыр иесі кездескен. Салтанат секілді сәбиі үшін күрескер атанған келіншек қаншама. Акушерка екінші мәрте жолда босандырған келіншектің есімі – Гүлзинат. Оның үшінші жүктілігі. Жас ана жол үстінде босануына тура келген.

«Перзентхана» есігінен кірген бойда жас келіншекті бірқатар медбике күтіп алды. Жағдайының тұрақсыздығына байланыс­ты Қызылорда қаласында босану керектігі анықталды. «Жедел жәрдем» көлігіне жайғасқан науқастың толғағы жиілеген са­йын осыдан 2 жыл бұрын орын алған жағдай Ботакөздің есіне түседі. Барлық іс-әрекетке дайын отырған акушерка Талсуат елді мекенінің жанына жақындаған мезетте көлік жүргізушісіне «тоқта» деген пәрмен береді. Ақырында Гүлзинатттың өмірін аман алып қалу үшін жасауға тиісті амалдың барлығы қолданылады. Орталықтан дәрігерлер шақыр­­тылады. Ешқашан бойын қорқыныш билемейтін Ботакөз бұл жолы да табандылық танытты. Гинеколог-дәрігер Эльмира да ана мен баланың денсаулығын мұқият назарында ұстады.

– Тәңірім, сақтай гөр. Дәрігер, балам тірі ме?

– Үрейленбеңіз. Біз қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз.

– Ботакөз, сіз айтыңызшы, балам аман қала ма? Сұраулы жүзбен қараған келіншекке акушерка басын изеді. Қапелімде шыр еткен дауысты естіген бойда Жолдыбай дүниеге келді деп жас анадан сүйінші сұрады. Ана мен баланың өміріне төнген қауіп сейілді. Кіндік шеше екінші рет жол үстінде әйел босандырды.

Гүлзинаттың жолдасы Бауыржан – терең­өзектік. Бұлардың махаббат хикаясы сонау 2009 жылы басталған болатын. Шағаннан Тереңөзекке көшіп келген ағасының үйіне келген Гүлзинат өмірлік жарын дүкенде жолықтырады. Сол жылдары «Қазақ» көшесінің бойында «Шаңырақ» деп аталатын дүкен болатын. Осы дүкенде бұрын-соңды көрмеген бойжеткенді Бауыржан жолықтырады. Құдайы көршісінің үйіне келген Гүлзинатпен жеңгесі арқылы танысады. Ортақ таныстық пен сөз байласудың ақыры отау құрумен жалғасын табады. Жолда дүниеге келген олардың ұлының есімі Дәурен екен. Кезінде сәбидің есімін нағашы тәтесі қойған. Дегенмен бүгінде бақилыққа аттанған Шәкір аға немересін Жолдыбай деп атайтын көрінеді. Бүгінде Дәурен мектеп қабырғасында алғыр оқушылар қатарында. Әкесі мен анасы баласынан зор үміт күтеді.

Жүректегі жылулықты сезіне алғанда ғана мейірім шапағатын аңғаруға болады. Ботакөз өз жүрегінің иесін әлі күнге жолықтырмады. Оған сөз айтқан жігіт көп. Десек те ол өз талғамы мен жүрек қалауына әмір жүргізе алмады. Талай баланың кіндік шешесі атанған Ботакөз өз сүйіктісін жолықтыратынына кәміл сенеміз. Ғашықтық ғаламатын біздің кейіпкеріміз де бастан өткереді. Дәурен мен Ботакөздің кіндік шешесі алдағы уақытта талай сәбиге жарық өмір сыйлайтыны ақиқат. Айтпақшы, алғашқы оқиғаның куәгері Бағдәулет аудандық редакцияда көлік жүргізуші. Ал Ботакөз сүйікті қызметін атқаруда. Гүлзинат жақында тағы да сәбилі болған.

Балтабай Ордабеков
09 сәуір 2024 ж. 153 0