Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағаш балдақтың киесі

Ағаш балдақтың киесі

«Ақсай» балалар шипажайына барар жолда көк аспанмен иық теңестіріп тұрған «Алатау» бөктеріне алыстан көз тастағанда ерекше сезімге кенелуге болады. Таудың ұшар басында аппақ қар керемет үйлесімділікпен жатыр. Аспаннан тұтасып тұрған қара бұлтты анық аңғарасыз. Құдды нөсер жаңбыр шелектеп жаууға даяр тұрған секілді. Қызылорданың ауа райына үйреніскен ауыл балалары мегаполис шуына тосырқай қарайды. Адамдардың жүріс-тұрысы да өзгеше. Алматы топырағына алғаш табаны тиген балақайлар қарбаласқа толы қала тіршілігін көрген кезінде көздері ұясынан шығып кетердей көрінеді. Ерсілі-қарсылы әлденеге асыққан қала тұрғындары өмірдің ағымына ілесіп, айналасындағы көпшілікке зер салудан қалған. Осыған дейін балаларды шипажайға бірнеше мәрте алып келген Гүлзат тереңөзектік емделушілерге бас-көз болып жүр.

Тұмса табиғаты тамаша көрініске ие Алматының бетке ұстар шипажайында дертіне дауа іздеген балалар ем алуда. Қазақстанның түкпір-түкпірінен ат басын бұрған балғындарды бірнеше бөлімшеге орналастырған. Тереңөзектен келген балалар №8 бөлімшеде ем қабылдап жатыр. Мұнда айлап-жылдап жатқан қазақтың қаракөздері ата-анасынан жырақта жүр. Тағдырына көндіккен өрімдей жастар арбаға таңылып, балдаққа асынған. Аяққа тұрып, нық жүруге асыққан жандар өмірдің осындай қиын болатынына налымайды. Қайта сынақтан сүрінбей өту үшін алға қарай талпына түскен жастарды көргенде өздігінен жігерленесіз.

Шипажайда ұзақ уақыт бойы ем қабылдаған Камила және Айдана есімді қазақтың сүйкімді қыздары болатын. Екеуі де кішкентайынан арбаға таңылып, қалыпты кісілердей жүруден қалған. Ауылдан келген біз бастапқыда балдақпен немесе арбамен жүретін емделушілерге таңырқай қарайтынбыз. Кейіннен үйренісіп кеттік. Ақы­рында олардың жүріп-тұруына жәрдемдесіп, қыз­­дар жағы басқалай да көмектесуге дайын тұратын еді. Енді ғана жігіттік кезеңге бой түзеген үлкендеріміз қыздарға сөз айтып, қолдан сыйлық жасайды. Біз болсақ, қыздардың балдағымен дәлізді кеземіз. Арбасына отырып, шыр айналып, бір бірімізді ерсілі-қарсылы тербетеміз. Сонда шипажай қызметкерлері:

– Балалар, балдақтың киесі жаман. Онымен ойнауға болмайды. Бәле-жала деген аяқ астынан.

– Апай, балдақтың киесі шынымен бола ма?

– Әрине. Осында жатқан әрбір жастың арманы – сендер секілді екі аяғын тең басып жүру. Ал сендер денсаулықтың қадірін жіті бағаламай жатырсыңдар. Осылай ойнақтап жүргендеріңе қыздар қызықпайды деймісіңдер? Кімге болса да, оңай емес.

Айдана мен Камилаға әр 15 күн са­йын үйлерінен сәлемдеме келеді. Бірде ойын бөлмесінде емделушілер асыр салып ойнап жатқан еді.

– Шуламаңдаршы, анам хабарласып жатыр, – деген Айдананың жан дауысы шықты.

– Алло, алло деймін.

– Қызым, қызғалдағым, тәуірсің бе?

– Иә, апа, жақсымын!

– Біз әкең екеуміз жолға шықтық. Түстен кейін сол жақта боламыз. Түскі үзілісте бізді кіргізер ме екен?

– Апа, №8 бөлімшедегі Айданаға келгендеріңізді айтсаңыздар, ауыздан күзетші ағай күтіп алады. Кеше айтып қойғанмын. Уайымдамаңыз.
Осылайша Айдананың анасымен әңгімесі кенеттен үзілді. Шипажайда қою қара шашты, көрікті, аққұба сұлуды бәрі таниды. Себебі, соңғы алты ай­да шипажайда демалған Айдана үмітін әлі күнге үзген емес. Бір ғажайыптың боларына сенеді. Тұнжырап отырған қыз көңілін іштей түсінетін Камила құрбысын жұбатып, құшағына қысты. Екеуі өзгелерге мұқтаждықтан емес, достық көңілмен қарым-қатынас орнатыңдар деген кейіп танытты.

Күн сайын жан-жақтан жиналған балалардың басы қосылғанда кез келген ойын ерегіссіз аяқталмайды. Кейбіреуі қоқиланып, сырттан келген балаларға әлімжеттік жасауға тырысады. Кей жағдайда махаббат үшін керіскендерді көреміз. Ұнатып жүрген қызына сөз айтқан жігітті көрсе, жаға ұстасып төбелесуге дайын тұратындар жеткілікті. Десек те ойын балалары кешке дейін қиғылыққа толы сотқарлық іс-әрекеттерін ұмытып, бір үйдің баласындай жүреді.

Тереңөзектік балалар межелі уақытта елге қайтуға жиналды. Азғантай уақыт ішінде шыршалы шипажайда тапқан достарымен қимастықпен қоштасты. Жол үстінде Айдана секілді сұлуларды ұмыта алмаған жігіттер қыздармен хат алмасып келеді. Кішкентайлар ата-анасын сағынып, ауылға тез жетуді ойлайды. Араға бір күн салып Тереңөзекке табан тіредік. Үйдегілер күтіп алып, асты-үстімізге түседі. Ең бірінші рет алыс сапарға жіберген әке-шешеміз шипажайдың материалдық жағдайын сұрап әлек. Біз бәрі тамаша деп қоямыз.

Ауылға келгеннен кейін бірнеше күн өткен соң тосын оқиғаға тап болғаным бар. Жазғы демалыс­та көрші балалармен асыр салып ойнап жүрген кезімізде жерге құлап, сол жақ аяқтың тізесі тұсынан үшкір зат опырып кесіп жіберді. Жер-көктің бәрі даладай қан болған. Қансыраған мені «Жедел жәрдем» шақырып, ауруханаға дереу жеткізді. Ота үстінде жатып, кезінде «Ақсайдағы» медбикелер айтқан балдақтың киесі есіме орала берді. Қайтпек керек, кішкентай қимылдың арқасында алғашқыда өзім де арбаға таңылып, кейіннен балдаққа сүйендім. Шипажайда мұңлы сәттеріне мойымайтын Айдана мен Камиланың халін бір сәтке сезіндім. Сонда жан күйзелісін күн сайын өткеретін екеуінің алдында балдақпен ойнақтағаным үшін шын мәнінде күйіндім. Бәлкім, біздікі балалық болар... Десек те оларды өмір ерте есейткенін іштей ұғындым.

Балтабай Ордабеков
09 сәуір 2024 ж. 175 0