Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жиде ағашы

Жиде ағашы


Шілденің шіліңгір ыстығында табаны жерге күйген балалар жалаң аяқ доп артынан қуалап дала кезеді. Бұлар енді жоғарғы сыныпқа өткен ауылдың қара домалақтары. Жазғы демалысқа шыққаннан үй көрмей, ойынға әбден берілген. Қолдары күс-күс, өкшелері жарылған күйі күн ұзаққа канал басынан шықпайды. Бір-бірімен суға сүңгуден жарысады. Кішілері шаштары үрпиісіп судан қорқып тұрғанда үлкендері бой жоқ жерге лақтырып жібереді. Өмірі жүзіп көрмеген олар әйтеуір итшілеп жағаға шығады. Жағалауда азаннан-кешке дейін бір-бірімен төбелеседі, әлденеге таласады. Арасынан атамандар сайланып, әлсіздеріне болысады. Бұның барлығы жаз басталғаннан балалардың ермегіне айналған.
Таң атысымен Құрмаш жатқан бөлменің терезесін әлдебіреу ақырын қаққандай болды. Ұйқылы ояу төсегінен тұрған ол «не болды ей» – деген жүзбен сыртта тұрған бір топ балаға жақтырмай қарады. Олар кеше әтеш азан шақырмас бұрын оянып, «балыққа барамыз» кеше қолға түспеген сазандарды азаңғылық аулауға уәделескен.Ол ақырын басып, дымын білдірмей, үйден шықты. Достарымен амандысып, қора жақта ілініп тұрған қармақтарын алып, қоржынға анасы піскен айран мен нанды салды да бірге жүріп кетті. «Ертең ешқайда барма, шаруа бар», – деген әкесінің сөзі ұмытылып кеткен. Қайтсін, өзі секілді достары балыққа бара жатқанда үйде шыдап қалай жатсын. Өйткені, қай жерде балық жақсы қабатынын аналарға қарағанда бұл жақсы біледі. Достары да мұны ертіп жүргенді қалайды, қасынан тастамауға тырысады. Қой бағып жүріп атасынан үйренгені ғой. Көкке қойды қоя берген қария бір жамбастап көз шырымын алады. Қойлар бытырай жан-жаққа жамырай жайылады. Шашырай жайылған қойларды бұл қайырып әкеліп, арықтан суғарады. Шаруаны жетік меңгеріп келе жатқан немересіне атасы дән риза. Арасында «сенен көрдім рахатты» – деп мақтап та қояды. Оған алданған Құрмаш одан сайын құлшынады. Бұлар көлеңкелеп, саялайтын жиде ағашы өткен ғасырдан келе жатыр. Гүлдеген кезде иісі мұрын жарады. Осы жерде бүкіл ауыл баласы шаң-топыраққа көміліп, асыр салып ойнайды. Енді түйнектеген көк жиделерді жұлып алып бір-біріне лақтырады. Күнде тамақтарын піспеген жидемен ауыртып, шешелері зар қақсап жүреді. Ағаш басына шығып алып қолдан жасалған ойыншық автоматтарымен атыспақ ойнайды. Одан қалды әрқайсысы есек үстіне мініп алып, аударыспақта күресіп, көкпар тартысады. Дәл осы жерде қара жиде саясында талай бала ойынқұмар атанған. Уылжып піскен уақытта бәрі аяқ баспайтындай жинап, кептіріп қояды. Сондағы мақсат қысқа сақтау қарекеті. Құрт жайған, сиыр сауған аналары балаларын іздемейді. Өйткені, қара жиде астында күні бойы ауылдың бар баласы сонда болады. Қас қарайған уақытта айқайлап шақырмасаң сол жерге қонуға да даяр. Қолдарына асық ұстаған балалар сақаларына қорғасын құйып, ләңгі теуіп жарысады. Ауылдағы әр балада жүзден аса асық болу үлкен бәсеке. Оларды ауысып кетпеу үшін түрлі-түсті етіп бояп, аттарын жазады. Асық ойнай алмайтындарға күнде мергендері тиынға асық сатып, қайтадан ұтып алады. Содан кейін намыстанған олар келесі жолы ойнауға алаңсыз үйренеді. Үй шаруасына мықты болып шынығады. Ат үстінде ойнақтап, ауыл топырағынан нәр алады.

Жиде ағашы асыр салып ойнаған қара домалақтардың талайын қанат қақтырған. Мәуесін бар ауылға жетерліктей салып, өткен-кеткеннің саялы панасы атанады. Кезінде ойын түбін түсірген Құрмаштар есейгеннен кейін осы жерге сүйген қызымен келіп, серуен құрады.Сезімге ерік беріп, ұнататынын айтады. Қол ұстасып мәңгілік жұп құрады. Адамның жасы ұлғайғанымен ғасыр жасаған ағаш бәріне куәгер. Қариялардың бір сыпарасы ана ауылға аттанған. Сиырдың ізінен қалмайтын баяғы жас келіншектер алды орта жасқа таяған. Ал, жыл сайын қайта көктеп, шыбықтары қатайған жиде ағашы келесі бір буынға пана болуға даяр тұр.

Б.АЯБЕКҰЛЫ
31 мамыр 2018 ж. 4 032 0