Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шабытқа шырмалған ақындық

Шабытқа шырмалған ақындық

Қазақ қоғамында ақындық өнер бірнеше ғасыр бұрын қалыптасқан. Шағын көлемді поэзиялық шығарма ретінде есептелетін өлеңді құрауда да өзіндік техника, ықшамдық пен талғампаздық болады. Өлең өлшемі, шумағы, ырғағы, ұйқасы тең дәрежеде қамтылған жағдайда оқырманына өтімді жұп-жұмыр дүние шығады. Өлең жазуда ақын біткен «Қара өлең», «Қаусырма», «Егіз», «Шалыс», «Шұбыртпалы» секілді ұйқасты жиі қолданады. Қолына қалам алып, ақындық өнерді серік еткен жандар кейде өлең жазудағы ескерілетін талап пен ережені естен шығарып жатады. Көбіне эмоцияға, сезімге ерік беретін жекелеген ақындар өлең шығаруда біршама қателікке бой алдырады. Өлең құрауда шабыт құрсауында шырмалып, логиканы, сауаттылықты қалыс қалдыратын қаламгерге үздіксіз ізденіс керек. Жүректен шыққан шығарма оқырман санасына сілкініс жасау үшін әрбір ақын өзінің жазған дүниесіне сыни көзқараспен қарағаны дұрыс. Басылымның 85 жылдық мерейтойы аясында «Талқы» айдарын ашып, «Бүгінгі ақындардың шығармашылық деңгейін қалай бағалауға болады?», «Жас ақындардың өлең құрауында нендей кемшін тұстар бар?», «Ақындардың шығармашылығында қандай дүние жетіспей жатады?» деген сауалдарға жауап іздеу мақсатында тәжірибесі толысқан ақын, сала мамандарының пікірін топтастырған едік.

Автордан
Фото: adebiportal.kz
ОПТИМИСТІК ӨЛЕҢДЕР КӨПТЕП ЖАЗЫЛУЫ КЕРЕК

Қазақ – ақын халық. Қанында ақындық қайнап жатады. Екі ауыз өлең шығармайтын қазақ кемде-кем шығар. Ал тереңдеп қарасақ ақындық үлкен де күрделі ұғым. Алланың пендесіне берген дара сыйы. Асыл қасиеттің бірі. Данышпан Абай:

– Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз сарасын,
Қазақтың келістірер қай баласы, – деген жоқ па?

Әлем поэзиясының бір саласы саналатын қазақ поэзиясы қарыштап дамып кетті. Әлемдегі еш елдің поэ­зиясынан жоғары болмаса кем емес. Ұлтының ұстынына айналған ақберен ақындар осы дархан даламызда өте көп болған. Қазір де жетерлік. Бола да береді. Санамалаудың қажеті де бола қоймас. Поэзияны жанының қалауындай көретін көзіқарақты оқырмандар олардың шығармашылығын талдап, түсін түстеп, аты-жөнін біледі деп ойлаймын. Дегенмен бүгінде қазақ поэзиясының жауһарлары саналатын «Құлагер», «Батыр Баян», «Райымбек» секілді кең тынысты поэмалар аз жазылатын сияқты. Поэмалардан гөрі қысқа өлеңдер жазу басым. Оның себебі де бар. Қазір қандай оқырман болса да, мынадай жүйткіген заманда поэ­маларды оқуға құлықсыздау көрінеді маған. Ақындар да соған бейімделіп алған болу керек. Өлеңдері оқылуы үшін ол да ақындардың тиімді әдісінің бірі. Қалай айтса да, төрт аяғын тең басқан жорғадай ел руханиятының кемелденуіне, Тәуелсіздік тұғырын биіктетуде ақындар айрықша қызметін атқарып та келеді.

Екінші сауалға келетін болсақ, әуелі талант керек. Сонымен қатар ақындық аса көп ізденуді қажет етеді. Талмай ізденістің нәтижесінде ғана өз өрнегін, өз стилін, өз атын қалыптастырады. Өлең дегеннің өзі ой, образ, ұйқас секілді үш тамырдан бастау алатыны белгілі. Сол тамырдың біреуінде нәр кемшін болса, өлең солғын, қуаты кем болады. Сондықтан өлең өлкесінде жұлдызым жарқырасын деген жастардың көп оқуы керек.

Ал үшінші сауалдың маңыздылығы жоғары. Сөздің мәйегін қалқыған, интеллектуалы жоғары талантты жастар көп. Мысалы, басқа аймақтарға бармай-ақ қояйын, өзіміздің Сыр елінің айбоздары – Ақжол Түменбай, Ақтөре Ибрагимұлы, Дәулет Жадырасын, Айдар Сайлауов, Ұлықбек Тәңірбергенов сияқты өлеңде өз қолтаңбасы бар таланттылар шоғыры әдебиет әлемінде өз орындарын ойып тұрып алады деп ойлаймын. Әр ақын – бір әлем. Зерттеуді қажет ететін құпиясы да көп. Сонысымен бағалы. Өлеңнің бір аты – мұң. Бірақ маған кейде жас ақындар пессимизмге көп ұрынатындай көрінеді. Уайым-қайғыны өлеңдеріне көп арқау етеді. Әрине, өмірдің өзі ақ пен қарадан тұратыны анық қой. Соның қарасынан гөрі ақ жағын, жақсылық жағын, ел рухын көтеретін оптимистік өлеңдер де көптеп жазылуы керек-ақ.

Бағдат ЕСНАЗАР,
ақын

АҚИҚАТ ӨЛЕҢГЕ МҰҚТАЖБЫЗ

Бүгінгі жас ақындарымыздың шығарма­шылығының деңгейі сан алуан бағытта қалыптасып жатады. Кей ақындарға тереңнен ойлау арқылы өлеңді жүйелеп жазу жетіспейтіні мәлім. Толқынды толқын қуатыны секілді жас ақындар үлкен буынның ізін өкшелеп қуалап келеді. Деңгей тұрғысынан келгенде олардың қабілеті білімі, жазатын дүниені жан-жақты ашып көрсете алғаны арқылы сараланады. Мұндайда қазақ поэзиясында ақын қыздардың орны ерекше екенін айта кеткен жөн. Поэзияның қайсар қызы Фариза Оңғарсынова апамыздың шығармаларындағы үндестік қазірге дейін нәзік жандылардың өлеңдерінде жиі кездеседі. Біз адуынды мінезімен елге танылған ақынның өлең жазудағы өзіндік құбылысы мен үлгісіне еліктеп келе жатырмыз. Қадірлі де қастерлі саналатын ақындық өнерді алып жүру – қыз баласына оңай дүние емес. Біз өлеңді жазғанда ерлерге қарағанда сезімтал жүрекпен, нәзіктікпен, сыпайы немесе тәтті яки ащы мысқылмен жеткізуге тырысамыз. Осы жолда жүрген ақын қыздардың өлеңдері өз өмірінен суреттелген желі бойынша жазылады. Елге есімі белгілі қазақ ақын қыздарының ізін жалғап, қолына қалам ұстаған қыз-келіншектердің ер-азаматтармен қатар жүріп деңгейі еш уақытта төмендеген емес.

Ақындық өнерге қалыптасқан қалам­герге қарағанда жастар шығарма­шылығында үнемі «бір кем дүние» жиі кездеседі. Ақынды негізі мүшәйра шыңдайды деп білемін. Жас ақындармен бірге кейбір өлең жазуға икемделген жандардың ұйқасты, буынды, тармақты орнықты етудің амалын таба алмай жататынын сеземіз. Айтар ойды нық, өлеңнің түйінін нақты жазуға машықтанғанда жүректен шыққан сөзіміз оқырманға өтімді болады. Кейде сан түрлі деңгейде өткізілетін мүшәйраларда менің замандас­тарым жақсы нәтиже көрсетпей жатса, дұрыс бағаламады деп әділ қазыларды сынап жатады. Әрбір жіберген олқылықпен ақын үздіксіз жұмыс жасаса, өлең өміршеңдігін жоғалтпайды.

Ал қандай дүниелер жетіспейді десек, мысалы ақындар ойын шашыраңқы түрде жазылуына аса мән бермейді. Ол дегеніміз мысалы бір ақынның өмірбаянын зерттеп, қандай айтылмаған дүниелері бар соны халыққа нақыштап өлеңге кестелесе нұр үстіне нұр болары хақ. Кейбір ақынның өлеңі керемет шығады да, бірақ оны жеткізуі көрерменнің жүрегіне жетіспей жатады. Кейбір ақынның мәнерлеп оқуы жақсы болады да, бірақ өлеңінде шалалық көп. Жалпақ тілмен айтқанда піспеген өлең деп қабылдап жатады. Бірақ жас ақындардың орта буын ақындармен пікір алмасуы, өлеңнің құдіретін, қасиетін сезінуі, ортақ тәжірибе жинақтап жүргендері қуантады. Біз ақын екенбіз деп өлең бізге мұқтаж болмауы керек, біз шынайы, ақиқат өлеңге мұқтажбыз.

АҚЕРКЕ БАЛМАНОВА,
ақын

ЖЕКЕ БАСТЫҢ МҰҢЫНАН АЛШАҚТАУ КЕРЕК

Ақын мен өлеңнің деңгейін саралайтын – қашанда халық. Десек те ақындар өз араларында өлең сәйгүлігінің шама-шарқын іштей біледі. Төрт аяғын тең басқан тұлпардай текті өлең жазу үшін бір минут не бір ай уақыт кетуі мүмкін. Сол секілді ақынның деңгейін көрсететін өлең де уақыт сүзгісінен өткен соң ғана көрінеді.

«Күн сәулесі терезеге түсіп тұр» десек қарапайым болып қалуы мүмкін. Ал «терезе күн сәулесін жұтып тұр» десек, көркемдік пайда болады. Жетіспейтін дүние – көркемдік пен шынайылық. Шынайылықтың шырыны тамып тұрған шығарма ғана өміршең. Дегенмен көркемдікті қолдан жасаймын деп сөзбен ойнауға жол бермеген жөн. Сөзді ойнатуға болады. Бірақ, сөзбен ойнауға болмайды.

Мәселен, айтыста айтылған сөз сол күні айтылады да ауаға ұшып жоқ болады. Көркемдігі де әлсіз болуы мүмкін. Ал жазба ақындар тап-тұйнақтай, ой елегінен өткен, болашаққа қалатын сөзді екшеп жазады. Сол үшін де қазір үшін емес, сөздің болашаққа әсерін ойлап жазған абзал.

Қазір жазылмай жатқан тақырып пен барылмай жатқан идеялар көп. Бәрі жеңіл сөз бен жарқ еткен жылтырға құмартып кетті. Үлкен жанрлар, тарихи туындылар, көлемді поэмалар «өліп» барады. Қаламды қуат, сөзді шуақ еткен ақындар жеке басының мұңынан аса алмай қалды. Елдің мұңы мен сырын, шынын жазса деймін!

Бұл ретте ақындардың өзіне де қолдау жетіспей жатқан секілді. Қым-қуыт тірлік қолына қалам ұстағандарға қолбайлау. Сондықтан шығармашылықпен айналысуға мемлекеттен мүмкіндік жасалуы керек.

Айдар САЙЛАУОВ, ақын,
республикалық
«Ақмешіт жастары»
газетінің бас редакторы

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ

«Шабытқа шырмалған ақындық» деп тақырып алудың да өзіндік себебі бар. Талабы таудай, таланты бір бойына жетерлік ақындар шабыттың жетегіне еріп жатады. Өлеңнің құрылысында немесе мазмұнында кемшін тұстары байқала қалса, шабытым келмегендіктен жазуға құлшынысым болмады деген сөзді ақындардан жиі естиміз. Негізінен, әрбір адам өзіне берілген дара қасиетті лайықты түрде ұстап қалуы тиіс. Қазіргі таңда сан алуан тақырыпта жыр мүшәйралары өткізіліп жатады. Мүшәйраға келген кейбір үлкенді-кішілі ақындардың өлеңінен бірде-бір мағына таба алмай жатамыз. Кейде арнау өлеңдер ғұмырнамалық баяндамаға айналып кетіп жатады. Мұндайда кейіпкердің болмысын ашуда бір ғана ұтымды ой, өмірінен келтіретін оқиға жеткілікті екенін жас ақындарға ұғындыру қиын. Сонымен қатар ақындар еркін тақырыпқа келгенде шабан тартып қалатындарын көзіміз көріп жүр. Бірнеше мүшәйрада бір тақырыптағы өлеңді қайта-қайта әкелу оқырманды жалықтырады. Ақындарда тереңнен толғаныс, ізденіс аз болғандықтан, қолда бар дүниемен көпшілік алдына шығу теңденцияға айналған. Сөздің тоқетері қолына қалам ұстаған әрбір ақын мүшәйраның тасасында қалмайтын отты өлеңдері бар қарымды қаламгерге айналуы тиіс.

Дайындаған
Балтабай ОРДАБЕКОВ
06 сәуір 2024 ж. 238 0