Өтірік өлең айтып, жұртқа жақты

Аудандық мүшәйраға 8 талапкер қатысты. Жас ақындар бақ сынаған сөз сайысының негізгі мақсаты – қыры мен сырын адам баласы түсінуі қиын өтірік өлең жанрының жүйрігі Замаддин Ибадуллаевтың бар болмысын, елге жасаған қызметін ұтқыр ой мен тамаша теңеулермен халыққа жеткізіп, өлеңдеріндегі мән-мағынаны кейінгі жас ұрпаққа насихаттау. Ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі өтірік өлең шығаруды ұмыт қалдырмай, жылдан-жылға дамыту, жаңарту. Жас ақындардың шығармашылықтарын шыңдау, көпшілікке дәріптеу. Екі кезең бойынша бақ сынаған жас ақындардың өнеріне халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов бастаған әділ-қазылар алқасы төрелік етті.
– Сөз шеберлерінің сайысы өз деңгейінде өтті. Өтірік өлеңнің құрылымы өзге жыр шумақтарына қарағанда ерекшеленіп тұрады. Жас ақындардың аяқ алысы жаман емес. Дегенмен, өлеңнің мазмұны, ұйқасы, сөздік құрылысына аса мән берілу керек. Өлеңді жазған уақытта ой елегінде саралау маңызды. Сырдария ауданының Құрметті азаматы, ақын Замаддин Ибадуллаевтың өнерін республика көлеміндегі азулы ақындар мойындай білді. Сыр өңірін талантымен таныта білген ақынның рухани құндылығы кеңінен насихатталғаны дұрыс. Оның мол мұрасы жас ұрпаққа үлгі, – деді Шаһарбек Нұрсейітов.
Мүшәйра қорытындысында жеңімпаздар анықталып, арнайы «Диплом» мен бағалы сыйлыққа ие болды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ