Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақын – еркін ойдың адамы

Ақын – еркін ойдың адамы

Көбіне қаламын қолына қару еткен қаламгерлер жазба ақындар мүшәйрасында басы қосылып, дидарласып тұратыны бар. Кезекті бір жыр бәйгесінде тосыннан жарық еткен жаңа есімге жолыққан едік. Тәжірибелі басшы, Асқар Тоқмағамбетов ауылдық клуб үйінің директоры Әсел Ибраева ақындардың сөз сайысына қосқалы отырған жас талантты бізге таныстырған болатын. Сөз құдіретін жүрекпен сезініп, өлең өлкесінде өзіндік орнын қалыптастырған Гүлзат Қалыбек ақиық ақын ауылына келін болып түскен екен. Бұл ретте, жаны қазақ поэзиясына жақын ақын арумен сұхбаттасу сәті түскен еді.

– Гүлзат Сейітбекқызы, сізді оқырман қауымның жүрегіне жол тапқан лирикалық өлеңдер жазатын ақын ретінде білеміз. Ең алғаш өлең өлкесіне тұрақ табуыңызға не себепкер болды? Ақындық өнерге кім баулыды?

– Кішкентайымнан анам – Надира шығармашылыққа жақын болуыма себепкер болды. Күні-түні ақын-жазушылардың өлеңдерін жаттатып, мәнерлеп оқуға баулитын. Әде­биетке құштарлығымды анам оятты десем қателеспеймін. Өзім бастауыш сыныпта оқып жүргенімнен-ақ ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа оқушы едім. Кейіннен, 5 сынып оқушысы кезімде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінен сабақ беретін ұстазым мысал өлең жазып келуге тапсырма берді. Ертеңіне көптеген өлеңдердің ішінде менің жазған өлеңім алдыңғы қатардан көрінді. Бәлкім, сол уақытта Нұршат есімді апайым мақтап, айрықша мадақ­тамағанда қазір Гүлзат Қалыбек деген есім көпке танылмас па еді?..

Одан кейін жоғары сыныпта Нұрила есімді апайым өлеңдерімді өңдеуіме, мектепішілік, аудандық мүшәй­раларға қатысуыма тікелей жағдай жасады. Ал, 11 сынып оқып жүрген сәтте Төлеби аудандық орталық кітапхананың қызметкері Гау­­хар апай шығармашылық өсуіме көп септігін тигізді. Мәселен, аудандық «Төлеби туы» газетіне өлеңдерім басылып, жас қаламгер ретінде шығармашылық кешім де өткен болатын. Бертін келе «Facebok» парақшасына өлеңдерімді жария­­лай жүріп, бірқатар ақын аға-әпкелеріммен таныс­тым. Оларға еліктей бастадым. Талантты жан­дардың арасында қараөзектік Дос­хан Ахметқалиев сынды құрдасым болды. Өлеңнің құрылымын үйренуіме, жазба айтыс­та өзімді сынап көруіме мүмкіндік туғызды. Сол кезеңде Арайлым Саттарова атты сазгер, ақын әпкемізбен тығыз байланыс орнаттым. Оның менің бір өлеңіме жазған әні нотаға түскен. Бірақ, әлі жарыққа шықпаған. Өзара ақындармен байла­нысымыздың нәтижесінде алғашқы өлең­дерім «Жыр жауһарлары» атты жинаққа енді. Бір уақытта Несібелі Шайдазымова әпкем мені Омархан Алтынбекұлы басқаратын «Өлең сөздің патшасы» деп аталатын бір­лестікке қосты. Сол бірлестіктің маған өте көп көмегі тиді.

– Ақындық өнерді қалай баға­лайсыз?

– Ақындық – ол Алладан келетін нығметтің бірі саналады. Сондықтан арзан қолға сатылмай, тапталмай, қастерленуі қажет деп ойлаймын. Бір жылдары Шымкент қаласында теле­арнаға берген сұхбатымда «Өлеңге хобби ретінде қарау – өлеңге қиянат, киесін таптау деп білемін» деп айтқан болатынмын. Шын мәнінде, өлеңнің киесін сезінген адам шы­ғармашылықтан алыстамайды. Қолы­ма қалам алған тұста өлеңімнің құді­­­­ретін сеземін. Қазақтың ақындары әлем халықтарын мойындатқан. Біз ұлы ақындар салған сара жолды жал­ғастыруымыз керек.

– Қолына қалам ұстап, өлең жазу қыз баласына қаншалықты қиын?

– Өнер жолы негізінен кімге болса да ауыр екенін білемін. Ал, қыз баласына әрине өте қиын. Сондай сәттерде жақын адамдарыңның қолдауы дем береді. Нәзік жанды арулар поэзияда өзгеше болмысымен ерекшеленеді. Біздің көңіл-күйдің ығына жығылып, жасып қалатын кезіміз жиі кездеседі. Салмағы ауыр тақырыптарды қаузаған кезінде ақын бойындағы күш сарқылады. Бұл ретте, менің шығармашылығымды тереңнен түсініп, қолдау білдіріп жүрген жолдасым мен ата-анама алғысым шексіз!

– Шығармашылық адамдары бір туын­дыны жарыққа шығару үшін шабытының оянғанын күтеді. Сіз өлеңдеріңізді көбіне көп қай кезде жазасыз?

– Өлең менде тосыннан туады. Оның қай кезде жарыққа шығатынын тіпті білмейсің. Кейде бірнеше апта, тіпті айлап қалам ұстамай қалатын кезім болады. Кейде бір жайт әсер етіп, сол мезетте жүректі жарып шығатын өлеңдер болады. Тіпті, ойыма келген сөзді жазып ала алмай қалатын қасиетім жоқ емес. Сондықтан өлең жазуға арнайы уақыт бөліп отырамын деп дөп басып айту қиын. Дегенмен, сәтті шығатын өлең белгілі боп тұрады.

Мәселен,
Таңым атар...
Жанның дерті кеудемді азынатар...
Қара бұлттай көңілді кернейді мұң,
Келер ме екен бақытым жадыратар?!

Шығар Күнім...
Жылу сыйлап маңайға қызарды Күн...
Мұз боп еріп кеткендей іңкəр сезім.
Мұнар мұңым жаныма сыңар бүгін, – деген өлең жолдары жаныма жақын.

Өлең де бір бала секілді. Сәтті өлеңнің толғағы да ерекше болады. Оны өлеңнен хабары бар мына сіз бен біз жақсы білеміз. Көбіне жазба ақындар мүшәйраларына қатысып жатамыз. Дайындықты жол үстінде пысықтап, түнгі 3-те өлең жазатын сәттер басымыздан өткен. Аяқ асты шыққан өлеңмен көпшілік көңілін тауып, жүлделі оралып жүрген жайым бар.

– Өзіңнің замандастарың, жас ақындардың шы­ғарма­шылығына не жетіспей жатады?

– Өлең деген тумайды жайшы­лықта,
Өлең деген тулайды қайшылықта.
Ақын болсаң жарқыным, алысқа аттан
Күн­делікті тірлікке бой суытпа.
Айшылық жол...
Шөлдейсің, зарығасың,
Армандайсың, аңсайсың, сағы­насың.
Жол азабын көресің, көресің де
Ашынасың, біресе бағынасың, – деп ақын Мұқағали Мақатаев айт­қан­дай, өлең деген жайдан-жай дү­ниеге келмейтін тылсым құдірет. Ең алдымен, жас ақындар өлең мен тақпақты ажыратып алуы қажет. Әйтпесе, тақпақ жазып ақынмын деп жүрген жандар қаншама. Өзімді толықтай қалыптасқан ақынмын деп айта алмаймын. Себебі, менің де өлең деуге тұрарлық дүнием аз болуы мүмкін. Сондықтан ізденісті серік етіп, білім алып, жақсы істерге талаптану керек. Негізінен, ақын деген еркіндіктің адамы. Яғни, ой еркіндігі маңызды. Күйбең тірлікпен әлек болып, өлеңді ысырып қойған кездерім жетерлік. Ал, іштегі тулаған сөз сыртқа шыққаны дұрыс. Өлең бізге Алланың аманаты саналады.

– Шырайлы Шымкенттің ерке қызы Сыр өңіріне келін атан­ға­лы бір жылдан асқаны мәлім. Отба­сыңыз жайлы айтып бер­сеңіз. Жолдасыңызбен қалай таныс­тыңыз?

– Өмірлік жарым – Нұрланмен танысуыма осы өлең жазуымның әсері зор. Сөз басында «Өлең – сөздің патшасы» деген атау­мен ашылған бейресми шығармашылық бірлестігіміз бар екенін айтқан болатынмын. Бірлестікте Руслан Сәулебекұлы дей­тін қармақшылық ақын ағамызбен жақын араласамын. Екеуміз ағалы-қарындас ретінде тығыз байланыс орнаттық. Осыдан екі жыл бұрын Қызылордаға іс-сапармен келген кезімде ақынжанды азамат өзі күтіп алып, қонақ етіп құрметтеп, шығарып салған болатын. Ал, жолдасым ақын ағамның бөле інісі екен. Үнемі жанашыр болып жүретін ағамыз бізді таныстырып, табыстырды. Өткен жылы наурызда отау құрдық.

Ақылшы анам «Қызым, жеріне барма, еліне бар» деп айтып отыратын. Шүкір, келген елім өскен, өнген текті ел. Өзім екі ағайынды болғаннан кейін көп балалы шаңыраққа, үлкен отбасыға қызыға қарайтынмын. Алла тілеуімді бергені осы болса керек, жол­дасым алты ағайынды. Бір үйдің еркелеп өскен қызы болғандықтан, үл­кен­деріміз білместігімізге көз жұма қарап, қабақтарын шытқан емес.

– Болашаққа құрған жос­парыңыз бар шығар.

– Болашақты болжау мүмкін емес. Ол – бір Алла Тағалаға аян. Дегенмен, іштей армандайтын дүниеміз бар­шылық. Болашақта өлеңдеріме жазылған әндерді жарыққа шығару ойымда жүр. Ал, атақ, дәрежеге келер болсақ, ондайды армандамайды екенмін. Тек өлеңдерім халықтың жүрегіне жетіп жатса, ел қошеметіне бөленсем, мен үшін ең үлкен мәртебе.

Сұхбаттасқан
Балтабай ОРДАБЕКОВ

01 тамыз 2023 ж. 323 0