Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№40 газет

21 мамыр 2024 ж.

№39 газет

18 мамыр 2024 ж.

№ 38 газет

14 мамыр 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Өзекті мәселелер талқыланды

Өзекті мәселелер талқыланды

Сырдария аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өткізілді. Жиынға аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов төрағалық етіп, күн тәртібінде негізгі алты мәселе қаралды.

Бірінші мәселе мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына арналды. Екі бөлімнің есебі тыңдалып, алдымен аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Ж.Ұзақбаева баяндама жасады. Оның айтуынша, биылғы жылдың 3 айында бөлім тарапынан 292 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Былтыр 16 мерзім бұзушылық анықталып, жауапты орындаушыларға айыппұл салынып, тәртіптік жазалар қолданылыпты. Сала жұмысын жүйелеуде мәселелер де жоқ емес. Атап айтқанда, «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесінде түзетуді қажет ететін тетіктер бар.

– «Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтар алу» мемлекеттік көрсетілетін қызметінің бірінші кезеңі бойынша өтініш тиісті аудан немесе ауылдық округ әкіміне түседі. Табысталуға жататын кез келген нысаналы мақсаттағы жер учаскесіне құқық табыстау үшін аудандық жер комиссиясының оң немесе теріс қорытынды қабылданған хаттамалық шешімі толтырылады. Жүйеде тиісті хаттамалық шешім жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органмен толтырып, тиісті ауылдық округ әкіміне жолданады. Электронды толтырылған хаттамалық шешімге комиссия төрағасының орнына ауыл әкімі қол қойып шығаруда. Осыған байланысты, толтырылған хаттамалық шешімнің аудандық жер комиссиясының төрағасының электронды сандық қолтаңбасына түсуін жүйеде қалпына келтіруі ұсынылады. Себебі электронды шығарылған хаттамалық шешім жерге орналастыру жобасын дайындауға негіз болатын аса маңызды құжат болып есептеледі. Сонымен қатар «Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтар алу» мемлекеттік көрсетілетін қызметтің бірінші кезеңі бойынша тиісті аудан немесе ауылдық округ әкіміне түскен өтінішті қағидаға сәйкес жер қатынастары жөніндегі және сәулет және қала құрылысы саласындағы уәкілетті органға жолдайды. Алайда жүйеде тек бір уәкілетті органға жолдаумен шектелген. Біз бір мезетте жүйеде екі органға жолдауды қарастыруды ұсынамыз. Жоғарыда аталған қызметтің екінші кезеңі бойынша жерге орналастыру жобасы бекітілгеннен кейін бұйрық негізінде аудан, кент және ауылдық округі әкімдері үш жұмыс күні ішінде жер учаскесін табыстау туралы шешім қабылдайды. Бұл шешімді жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган толтырады. Жүйеде ауыл әкімінің шешімі өкім ретінде басылып шығуда. Тиісті қателікке түзету енгізу қажет деп есептейміз. Мұнан бөлек «Жер учаскесін алу үшін кезекке қою» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша қазіргі «E.GOV» порталы арқылы азаматтардан өтініш беру тоқтаусыз түсуде. Қағида талаптарына сәйкес, өтінішті қарауға 12 жұмыс күні берілген. Алайда электронды үкімет порталы арқылы жер учаскесін алуға кезекке тұру жүзеге асырылып жатыр. Яғни, өтінішті қарау мерзімін қысқарту керек. Құқық нормаларының коллизиясы бойынша «Жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту» мемлекеттік қызметін көрсету қағидасындағы мемлекеттік қызмет көрсету тәртібінде «Мемлекеттік көрсетілетін қызметті облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары көрсетеді» делінген. Алайда осы мемлекеттік көрсетілетін қызметті жер қатынастары саласындағы уәкілетті орган көрсетеді. Осыған байланысты да қағидаға өзгеріс енгізу ұсынылады, – деді Ж.Ұзақбаева.

Мұнан соң аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Н.Омаров есеп берді. Ол бөлім тарапынан көрсетілетін қызметтердің барлығы электронды форматқа көшірілгенін айтып, жұмыстардың зая аясында жүргізілуі қатаң бақылауда екенін жеткізді. Кеңес мүшелері екі баяндамашыға да бірқатар сұрақ қойып жауап алды.

Кеңес отырысында тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифті бекіту бойынша мәслихаттың 2022 жылғы 20 қазандағы №165 шешіміне өзгеріс енгізу мәселе қаралды. Бұл бойынша аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Н.Омаров түсініктеме берді.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту» туралы аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 4 қыркүйектегі №54 шешіміне өзгеріс енгізуге арналды. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары А.Өмірзақов баяндады. Төртінші мәселе Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы жайлы өрбіді. Әуелі аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы С.Өмірбаевтың хабарламасы тыңдалды. Кеңес төрағасы М.Еспенбетов күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігін айта келе атқарылатын жұмыстардың сапасын арттыру қажеттігіне назар аударды.

–Конго-Қырым қызбасы – ауа райы жылығанда кене арқылы кең тарайтын індет. Өткен жылы облыста осы аурумен 48 адам тіркелген екен. Зертхана қорытындысымен оның 13-інен Конго-Қырым қызбасы анықталған. Індеттің алдын алу үшін облыстық бюджеттен қажетті қаржы бөлініп, көктем және күзгі маусымда залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Бұл мәселе осы аптада облыс әкімінің төрағалығымен де кеңінен талқыланды. Сондықтан биылғы профилактикалық жұмыстарды белгіленген уақытта бастауды қатаң бақылауда ұстау керек. Мал қоралар таза болмаса, кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының сапасына кері әсер етеді. Сондықтан залалсыздандыруды бастамас бұрын елді мекендердегі мал қораларды механикалық тазалаудан толық өткізу қажет, – деді Марат Еспенбетов.

Өз кезегінде аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы С.Өмірбаев кенеге қарсы залалсыздандыру бекітілген кестеге сәйкес жүргізілетінін айтты. Бесінші мәселеде аудандық ветеринариялық инспекциясының 2023 жылғы атқарылған жұмысы мен 2024 жылға арналған жоспары тыңдалды. Бұл бойынша мекеме басшысы Ғ.Садықов баяндама жасады. Инспекцияның негізгі міндеті, функциясы, құқығы жөнінде айтып өткен ол былтыр 13 түрлі індетке қарсы ветеринариялық-профилактикалық жұмыстардың жоспары бекітілгенін жеткізді. Мал сою алаңдарының сапасы жөнінде де талқыланды. Соңғы мәселе аудандық ветеринариялық стансаның жұмысына арналды. Мекеме басшысының орынбасары Б.Бегімқұлов энзоотиялық ауруларға қарсы жүргізілген іс-шаралардың және ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстарының қорытындысымен таныстырды. Иесіз жүрген ит-мысықтарды аулау бойынша да айтты. Кеңес мүшелері көшелерде жүрген иесіз иттердің қауіптілігі туралы айта келе 2021 жылы қабылданған «ҚР жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы заңды басшылыққа алу керектігін ұсынды. Кеңес соңында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, кеңес мүшелерінің ұсыныс-пікірі ескеріле отырып мақұлданды.
05 сәуір 2024 ж. 89 0