Әкеге қарап ұл өсер
Өмірге көп баланы дүниеге әкелген аналарға құрмет көрсетіп, олар «Алтын алқалы», «Күміс алқалы» ана атанып жатады. Бұл – әрине, тоғыз ай, тоғыз күн толғатып, босанған, түн ұйқысын төрт бөліп, мұздай бесік таянған асыл жандарды құрметтеудің ерекше үлгісі. Ал бала тәрбиесінің басты тұлғасы – әкеге «Көп балалы әке» деген атақ берілмейді. Оған мұндай атақтың қажеті де жоқ. Өйткені, дүние дидарын ашқан ұл мен қыз өмір бойы әкенің есіміне жазылып, сол тегін абыроймен, мақтанышпен алып жүреді. Міне, бұл әкенің өмірдегі, қоғамдағы мәртебесін, мерейін анық аңғартып тұр.
Әкенің балаға берер тағылымы мол. Оның ішінде, «Әке көрген оқ жонар...» демекші, ұл баланың тәрбиесіне келгенде оның орны ерекше. Олай дейтініміз, ер балаға туылғаннан елінің қорғаны, ұлтының қамқоршысы болу маңдайына жазылады. Ал оған мүмкіндікті әке жасайды. Әке балаға сыншы бола жүріп, қайсарлық, мықтылық, жүректілік, ептілік, қырағылық, жалпы ер жігітке сай мінездерді үйретеді. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайтынның» себебі де содан.
Сөзімізге дәлел, әкесіз өскен бала мен әке тәрбиесін көргеннің жөні екі бөлек. Олай дейтініміз, ардақты әкеден тағылым алған бала бұзақылық, жөнсіздікке көп жол бере бермейді. Ал әке тәрбиесін көрмегеннен көптеген бейәдеп қылықтар күтуге болады. Әрине, бұл тағдыр тауқыметімен әке қамқорлығынсыз қалған балалардың бәрі сондай деген сөз емес. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Десе де, олардың көпшілігі келеңсіздікке, қылмысқа бейім болып тұрады. Себебі, олар жөнсіз қылық жасағанда оны түзеп, қайталамауға жөн сілтеп отыратын әке тәрбиесінен өтпеген.
Қазақ баланың ісіне тәнті болғанда, бойындағы жақсы қасиеттерін байқаса «тегі жақсы екен», «текті жерден шыққан ғой» деп сүйсініп жатады. Яғни, қанмен берілетін тектілікті – әкенің тәрбиесін бірінші айтады. «Әкелі бала жаужүрек, әкесіз бала сұм жүрек» деп Бұқар жырау бабамыз бекер айтпаса керек. Шынында да, «әкесі бар баланың жебесі тастан өтеді». Әке тәрбиесін көрген ұл мен қыз батыл келеді, өзіне деген сенімділігі жоғары болады.
Отбасы тәрбиесінде әкенің тәрбиесі қатал болады. Оның қатал болатын жөні де бар. Өйткені, баланың әрбір ісін анасы жүрекпен қабылдап, бұзақылық, жамандық жасаса да кешіруге әзір тұрады. Ал әке, әрине баласын жаман болсын демейді, ашулы мінез, қатулы қабақ көрсетеді. Осы тұста, әрбір бала әкенің «мысын» білетіні анық. Қандай іс-әрекет істесе де, бала алдымен әкенің қаталдығын, талапшылдығын ойлап тұратыны анық. Яғни, кез келген бала еркек образының жиынтығын әкесінен көріп өседі. Бұл арада аналардың да септігі бар. Ардақты жандар балаларына «әкең біледі», «әкең шешеді» «әкеңмен ақылдас», «әкең ренжиді», «әкең рұқсат бермейді» дегенді жиі айтса, бала жаман әдеттерге жол бере бермейді.
Бірде Құнанбай баласы Абайды шақырып: «Балам, сен әкеңе жете туғансың ба, өте туғансың ба?» деп сұрайды. Сонда Абай: «Әке, мен өте туғанмын, өйткені мен ақын болдым» деген екен. Аз ғана ойланған дана Құнанбай: «Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек» деп жауап қатыпты.
Қазір ер кісілердің жұмысбасты болуынан балаларға әке тәрбиесі жетіспей жатады. Мектепте оқитын баласының тәртібін, сабағын бақылауды түбегейлі әйел-аналарға ысырып қойған. Кей-кейде ер балаға дұрыс көңіл бөлмеудің салдары опық жегізіп жатады. Соның әсерінен де қазір қоғамда ер адамдардың беделі төмендеп, балалар ынжық болып өсуде. Сол себепті де қазіргі қоғамға әкенің тәрбиесі ауадай қажет.
– Балаға барлық ізгі қасиет әкенің қанымен, ананың сүтімен дариды. Оның ішінде, әкенің қайсарлық, өжеттік қасиеті ұлдың бойынан табылатыны анық. Өйткені, әрбір ер баланың өмірдегі басты тұлғасы әкесі деп ойлаймын. Десе де бүгінде әкелер институтының деңгейі түсіп кетті. Себебі, бұрындары анамыз «Әкеңе айтамын» десе, күні бойына сескеніп жүретінбіз. Қатулы қабағынан-ақ жіберген ағаттықты енді қайталамайтынымызды сезініп тұратынбыз. Ал қазір ерлер жұмысбасты болып кеткен. Әрине, отбасының жүгі алдымен отбасының иесіне түседі. Десе де бала тәрбиесіне келгенде әке немқұрайлылыққа салынбауы тиіс. Әкеден сескенбесе, бала бетімен кететіні анық, – дейді еңбек ардагері Б.Мешітбаев.
Халық арасында әкесі баласына «Ұлым, жамандық қылма, дұрыс жүр» десе, баласы «Әке, Сіз тура жолдан таймаңыз, мен Сіздің ізіңізді басып келемін» деген екен. Бұдан аңғаратынымыз, әкеге қарап ұл өседі, сондықтан бала тәрбиесіне әкелер зор көңіл бөлуі тиіс.
Е.БЕРКІНБАЕВ