8 депутаттық сауалдың 7-еуі орындалған
Сырдария аудандық мәслихатының кезектен тыс 15-інші сессиясы өткізіліп, оған аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов төрағалық етті. Сессия жұмысына депутаттардан бөлек аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, кент және ауылдық округі әкімдері, бөлім басшылары қатысты.
Сессияның күн тәртібінде негізгі екі мәселе қаралды. 2024-2026 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы мәслихаттың 2023 жылғы 25 желтоқсандағы №69 шешіміне өзгерістер енгізу бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Е.Ахетов хабарлама жасады. Бөлім басшысы аудандық бюджеттің шығындары 11068883,2 мың теңге көлемінде жоспарланғанын айтты.
– Аудандық бюджеттің шығындарын 752124,4 мың теңгеге бюджеттің бос қалдығы мен үнемделген қаржы есебінен ұлғайту жоспарлануда. Оның ішінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне «Отбасы» орталығын ашу үшін 40000 мың теңге бағытталуда. Бұл «АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасында бар. Мұнан бөлек аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне автобөлшектер сатып алу мен жөндеуге 1500 мың теңге бөлінуде. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне Аманкелді, Қоғалыкөл, Шіркейлі, Н.Ілиясов елді мекендеріне су мұнарасын сатып алуға 21684 мың теңге, мемлекет мұқтажы үшін тұрғын үй сатып алуға 85120 мың теңге қаралуда. Сонымен қатар аудандық мәдениет және спорт бөліміне «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының сыртқы жазуларына 2700 мың теңге, 200 дана «Сырдария» кітабын жарыққа шығаруға 5300 мың теңге бөлу жоспарлануда, – деді Ерлан Дәуітбекұлы.
Бөлім басшысы депутаттық сауалдар бойынша әзірленген бюджеттік өтінімдерге де қаржы қарастырылғанын айтты. Осы ретте 8 депутаттық сауалдың 7-еуі орындалғанын, біреуі орындалу сатысында екенін айтып өткеніміз жөн.
– Жыл басынан бері аудандық мәслихат депутаттары тарапынан 8 депутаттық сауал жолданды. Аудандық мәслихат төрағасы Ержан Ертарғынұлының Тереңөзек кентінің А.Байтұрсынов және Б.Момышұлы көшесінің №7,8 бөлігіне асфальт төсеу бойынша екі депутаттық сауалы бойынша нақтылау жұмыстары жүргізілді. А.Байтұрсынов көшесіне асфальт төсеу бағдарлама әкімшісі бюджеттік өтінімді ұсынған жағдайда аудандық бюджетті нақтылау кезінде ескерілетін болады. Ал Б.Момышұлы көшесінің №7,8 бөлігіне асфальт төсеуге жоба-сметалық құжат әзірленіп, бюджеттік өтінім ұсынылды. Жалпы Тереңөзек кентінің 7 көшесіне 247 592,0 мың теңгеге жоба-сметалық құжат дайындалған. Депутат Еркебұлан Жақып А.Тоқмағамбетов ауылындағы Абай көшесін асфальттау және кенттің Қ.Бөдеев көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу бойынша екі депутаттық сауал жолдаған. Абай көшесін асфальттау бағдарлама әкімшісі бюджеттік өтінімді ұсынған жағдайда аудандық бюджетті нақтылау кезінде ескерілетін болады. Ал Қ.Бөдеев көшесінің бойына жаяу жүргіншілер жолын салуға осы сессияда 99080,4 мың теңге бағытталуда. Депутат Дархан Жұмашұлының Н.Ілиясов, Шіркейлі елді мекендеріне су мұнараларын сатып алу бойынша жолдаған депутаттық сауалы да орындалды. Бұл бағытта 10,8 млн теңгеге бюджеттік өтінім әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылды.
Депутат Алмас Есназардың кенттегі «Тағзым» алаңын абаттандыру бойынша көтерген депутаттық сауалы бойынша осы сессияда 111721 мың теңге қарастырылуда. Сонымен қатар депутат Ақтөре Ибрагимұлының кент көшелеріне сапалы бейнебақылау камераларын орнату бойынша жолдаған депутаттық сауалы бойынша 16 бейнебақылау орнату үшін 47938,0 мың теңге бөлінуде. Мұнан бөлек күйші, сазгер М.Жаппасбаевтың 110 жылдығына орай ауданның мәдениет мекемелерінде танымдық және өнертану кеші өткізіледі. Әр депутаттық сауалдың орындалуы біздің тұрақты назарымызда, – деді бөлім басшысы.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша депутаттар ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, жауап алды. Мұнан соң екінші мәселе бойынша аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қанат Нұрсейіт аудандық жер комиссиясының құрамына, ережесіне енгізілген өзгерістерді таныстырды. Депутаттардың ұсыныс-пікірі ескеріліп, шешім жобасы қабылданды.
Сессия соңында аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету ортақ міндет екенін айтып, әріптестерін бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ сайлауалды бағдарламаның орындалуын бақылауға алу мен нысандарға партиялық бақылау ұйымдастыруды жандандыруды тапсырды.
А.Құрманайтегі