Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақтаулы маман

Мақтаулы маман

Мемлекеттік құры­лым­дардың бірі – салық қызметі. Елдегі қаржы тұрақтылығының ­ахуалы салық саласы­ның қызметіне тіке­лей байланысты. Салық жүйесінің қалып­тасуы тәуелсіз мемле­ке­тіміздің қысқа мерзім ішінде әлеуметтік-эко­номикалық табысқа қол жеткізуге және ха­лықаралық деңгейде танылуына мүмкін­дік берді. Қаржылық қиыншылықтар ке­зеңінде ауданда салықшы қызмет­кер­лері өз міндеттерін абыроймен атқарып, өздерін кәсіби маман ретінде көрсете білді. Сала жұмысын ілгерілетуде аудандық Кірістер басқармасы­ның бас маманы Жанар Қошқарбаеваның да қосқан үлесі зор. Мемлекеттік қызметкер салада 18 жылдан бері қызмет етіп келеді.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары құрылған салық жүйесі бүгінде заман, қоғам талабына сай өзіндік орны бар ор­ганға айналды. Мемлекеттік кірістер орган­дарының негізгі міндеті – мемлекет қазынасын толтыру, көлеңкелі экономи­камен күресу және мемлекетіміздің эко­номикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету екені белгілі.

Туған жердің төл перзенті аудан орта­лығындағы №36 орта мектепті бітіріп, алтын ұя мектепте білім нәрімен сусындатқан алғашқы ұстазы Гүлзада Ермағанбетқызы мен сынып жетекшісі Айя Әбдиеваның шәкірті үшін ең жақын, тілекші жандар болғанын ешқашан ұмытқан емес. Ма­мандық таңдауда ата-анасының қол­дауымен, үлкен әпкесі Айгүлдің қамқор­лығымен қаржы-экономика саласына оқу­ға түсуге шешім қабылдады. Таңдауы да бекерден бекер болмады. Бала кезінен есепке жүйрік Жанар мектепте сабағын жақсы оқыды. Әсіресе математика пәніне ерекше зейін қойып, алғырлығымен көз­ге түсті. Талапты қыз алдымен Тараз қаласындағы қазақ-түрік экономикалық колледжде арнаулы білім алып, есепші мамандығын меңгерді. Колледжді бітірі­сімен жоғарғы білім алу мақсатында Қы­зылорда қаласындағы Қорқыт ата атын­дағы мемлекеттік университеттен қаржы-экономист мамандығын алды.

Қолында қос бірдей дипломы бар маман көңіл жарастырып, тереңөзектік азамат Ерлан Әбдіхалықовпен бас қосып, отау құрды. Отбасылық өмірде бірінен соң бірі дүниеге келген ұлдары Бекарыс пен Думанды өсірсе, бауырларының соңынан Айшат та дүниеге келіп ата-анасының көз қуанышына айналды. Жас маман араға бес жыл уақыт салып, еңбек жолын бас­тап, қызметке орналасуына 2005 жылы сәті түсті.

Алдымен Жанар Өтепбергенқызы ау­дандық салық комитетіне жетекші маман болып қызметке тағайындалды. Еңбек жолын мемлекеттік қызметтен бастаған маман қызметтің жауапкершілігін сезініп, ауданның салық түсімін қамтамасыз етуде белсенді жұмыс істеді. Әсіресе жүктелген міндет – жеке кәсіпкерлердің, мемлекеттік мекемелердің түсімін қадағалап, талдау және есеп бөлімінде салық түсімі бойынша тынбай қызмет етті.

– Алғашқы қызметке келген жылда­ры барлық жұмыс қағазбастылықпен бай­ланысатын. Барлық есептілік бет есебіне қолдап түсіріледі. Көз майымызды тауы­­сып, қате жібермеу үшін қайта-қайта қарап, мұқият болып саланың жұмысына төселдім. Сол кездегі бөлімдегі мамандар басшымыздың жетекшілігімен бөлім қызметкерлері ауданның салық саласын алға сүйреді. Өкілетті органның мәліметіне сәйкес бюджетті түсіммен қамтамасыз еттік. Жылдық жоспардың орындалуы 100 пайыздан асты. Ол жылдары аудан бюджетінің түсімі 3 млрд теңгеге жуық болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш екі есеге артты, – дейді өз саласының мақтаулы маманы Жанар Өтепбергенқызы.

Негізінен, салық төлеу мемлекеттің әлеуметтік құрылыма қосылған үлес еке­ні белгілі. Бұл деген сөз халық игілігі үшін салынатын көптеген әлеуметтік ны­сандардың құрылысын жүргізілуі салық түсіміне байланысты. Сондықтан әрбір салық төлеуші ең алдымен осыны дұрыс түсініп, ел экономикасына үлесін қосуы керек.

Жалпы салық саласында жетекші маманнан бастап бас маманға дейінгі сатыдан өткен Жанар Қошқарбаева салық басқармасында өндіріп алу бөлімінде, қабылдау және тіркеу орталығында қыз­мет етсе, қазіргі уақытта соңғы 13 жылдан бері салық төлеушілермен жұмыс бө­лімінде абыройлы қызмет атқарады. Бөлім басшысы Айнұр Тоқшылыққызымен қатар бөлімдегі 5 маман аудан бойынша 331 заңды тұлғалар мен 2804 жеке кә­сіпкерлер мен шаруа қожалықтарының түсімдері мен тапсырған есептіліктері бо­йынша камералдық бақылау жұмыстарын жүргізеді. «Камералдық бақылау – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу әдістерінің бірі» дейді бас маман. Камералдық тексеруден өткен салық төлеушілердің есебіне салық қызметкерлері түсіністікпен қараса, қателіктер жіберілген есептер ерекше назарда болады.

Өз ісінің маманы бүгінде Кірістер бас­қармасында салық төлеушілерге 18 мем­лекеттік қызмет көрсетілетінін айтады.

– Салық қызметкері үнемі ізденіп, же­тіліп отыруы тиіс. Қиындығы мен жа­уапкершілігі мол салада еңбек ету оңай шарауа емес. Еліміз егемендікке қадам басқан алғашқы жылдарында аудан бюд­жетін толтыру көздерін іздестірудегі қиын­дықтар мен қол жеткізген жетістіктерімізді қуанышпен еске түсеремін. Мемлекеттік кірістер органдары үшін мемлекет қа­зынасын толтыру – бірінші кезектегі мін­дет. Салықшы қызметкерлер салықтар­ды әкімшіліктендіріп, аудан бюджетін толтырумен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, ауданымыздың көркеюіне өз үлестерін қосуда. Ұжымға жас маман болып келіп, салықшы болып қалыптасуыма сол кездегі бөлім бас­шылары болған А.Тұрғанбаев, Е.Тө­леш, салықшы мамандар Б.Салиева, А.До­сығұлова сынды аға буын өкілдерін өмірлік ұстаздарым деп мақтан етемін, – дейді бас маман Жанар Қошқарбаева.

Сонымен қатар кәсіби маман атануына байырғы әріптестері Айнұр Махан­бетәлиева, Айнұр Жаппасбаева, Эльмира Байманова, Айнұр Есмағанбетова, Мұрат Сейдахметов, Ғани Нұртазаевтың мол тә­жірибесінен үйренгені көп болғанын айтады. Жанар салық саласындағы қыз­­­меті үшін Қазақстан Республикасы Қар­жы Министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің алғысымен, облыстық Мем­лекеттік кірістер департаменті басшы­сының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Кәсіби мерекелерде басшылық тарапынан мерекелік құттықтауларға ие болып, мерейі үстем болып келеді.

Келін болып түскен шаңырағы да бере­кесі мен татулығы жарасқан отбасы. Енесі Қалдыгүл Ембергенова ұзақ жыл поштада бас есепші болып қызмет атқарса, атасы Бақытбек Әбдіхалықов мұнай саласының ардагері.

Жанар Қошқарбаева жауапты қызме­тін адал атқаруына ата-анасынан алған тәрбиесі деп біледі. Бала кезінен тура жолдан таймауды, кісінің ала жібін атта­мауды үйретіп, үлгі болған әкесі Өтеп­бер­ген қарапайым жұмысшы болған азамат, ал анасы Роза аудандық санитар­лық эпидемиологиялық сараптама орталы­ғында зертханашы болып еңбек еткен, бүгінде екеуі де зейнеткерлікке жеткен жандар. Ұядан ұшырып, қанаттандырған 6 перзентіне жақсы тәрбие беріп, бір-бір мамандық иесі атануына қамқор болды. Қазір барлық баласы бір-бір шаңырақтың түтінін түтетіп отырған азаматтар.

Бибісара ЖАНӘЛІ
11 сәуір 2023 ж. 455 0