Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тың кәсіптің игілігі зор

Тың кәсіптің игілігі зор

Заманауи және еуропалық үлгіде жасалынған қоршаулар қазіргі уақытта жоғары сұранысқа ие. Жергілікті тұрғындар ауласына еуро қоршауды орнатуға бейім. Тереңөзектік Шакизат Байділдаев жаңа кәсіп түрін игеріп, жеке бизнесін жандандыру үстінде. Өз қаражаты есебінен жас кәсіпкер өткен жылы тың жобаға серпін берді.

Негізінен Шәкизат Бәйділдаев еуропалық үлгіде дайындалатын қоршаудың жасалу технологиясын ғаламтор арқылы меңгерген. Сапалы әрі 20 жылға дейін жарамды қоршауды дайындау барысында арнайы бірнеше аппарат қолданылады. Бүгінде жас кәсіпкер 2 адамды жұмыспен қамтып, кәсібін дөңгелетуде. Осыған дейін кәсіп иесі көршілес Жалағаш ауданы мен жергілікті халықтың сұранысын қанағаттандырып келеді. Жеке кәсіпкер қоршауға керекті шикізатты Ақтөбе және Шымкент қаласынан алдырады. Химиялық қоспаның көмегімен бетон қоршаудың бірнеше түрі жасалады.


– Күннен-күнге технология дамыған сәтте қоғам өмірінде елеулі өзгеріс орын алып тұрады. Осыдан бірнеше жыл бұрын көпшілік ауласына сан түрлі қоршау орналастыра бастады. Қашанда заман көшіне ілескен тұрғындар ауласының сәнді болып тұруына аса мән береді. Сондықтан біз еуро қоршаулар жасауға машықтанып, жеке кәсіпті жандандыру үстіндеміз. Алғаш кәсіпті ашқан уақытта 3-4 миллион қаражат жұмсалып, керекті құрылғыларды сатып алған болатынбыз. Бетон қоршаудың нарықтағы бағасы 26 мың теңгені құрайды. Яғни, 25 метрлік аулаға ұзындығы 2, ені 2 метр болатын 300 мыңнан жоғары бағаға есептелетін қоршау орнатылады. Оның ішіне, аулаға орнату мен жеткізу қызметі кіреді. Айта кетейік, наурыз айында қоршау жасататын жандарға жеңілдік қарастырылған, – дейді жас кәсіпкер.

Жас кәсіпкер Шакизат Байділдаев Сәкен Сейфуллин ауылында дүниеге келген. Ол – №137 орта мектептің түлегі. Алдағы уақытта Шакизат Бауыржанұлы кәсібін кеңейту үшін барлық мүмкіндікті қарастыруда. Еуро қоршауды жасаудың өзіндік технологиясына сүйенетін кәсіпкер тапсырысты 1-2 күнде дайындап шығаруға бейімделген.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

05 наурыз 2024 ж. 166 0