Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Шіркейліде жасалған» жергілікті кәсіпкер қабырға қаптайтын панель өндіруде

«Шіркейліде жасалған» жергілікті кәсіпкер қабырға қаптайтын панель өндіруде

Шын мәнінде, сәулет өнері өз заманына қарай түрленіп отырады. Нарықтық кезеңде адамдар үй салудың өзіндік үлгісін қалыптастырғаны мәлім. Бүгінде еуропалық бағытты ұстанатын жұртшылық заманауи тұр­ғын үй салуды жөн көреді. Бұл ретте, құрылыс материалдарын өндірушілер де тұтынушылардың талғамына сай өнім шығарып келеді. Мәселен, шіркейлілік Пазылбек Әбішов аудан бойынша жаңа кәсіп түрін ашқан. Ол кез келген ғимараттың қасбетін қаптауға арналған панельдер шығаратын цех жұмысын іске қосқан.

Жергілікті кәсіпкер Пазылбек Әбішов биыл «Іскер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 6 пайызбен 4 миллион теңге несие алған. «Бизнес бастау» жобасы аясында арнайы курстан өтіп, сертификатқа қол жеткізген шіркейлілік азамат тың кәсіп ашуды жөн көреді. Өз кәсібі жөнінде мәліметті қызығушылықпен іздеген Пазылбек Тынысбекұлы ғимараттың қасбетін қаптайтын панель шығару технологиясын Алматы қаласында орналасқан цех мамандарынан меңгерген. Құрылыс материалын дайындау үшін қажетті аппаратты Алатау бөктерінен тапсырыс­пен алдыртады. Осыған дейін жүк көлігімен тауар тасымалдаған жаңа кәсіп иесі тұрғындар арасында сұраныс артып келе жатқандығын тілге тиек етті.

– Бірнеше жылдан бері жаңа кәсіп ашуды мақсат еткен едім. Осы күні тұрмыста қолданылатын құрылыс заттарын пайдалана отырып, заманауи үлгідегі панельдер шығарып жатырмыз. Алдағы уақытта тапсырыс көлемін арттырып, аудан аумағында халыққа қызмет көрсете бер­мекпіз. Негізінен, үйдің қасбетіне арналған панельдер тапсырыс берушінің талғамы бойынша түрлі түсті бояу­­­­­­­­мен көркемделеді. Панельдің бағасы өлшеміне қарай өзгеріп отырады. Әрине, сапалы өнім шығару мақсатында төзімділігі берік құрылыс материалдары пайдаланылады. Жалпы, есеппен алғанда 12х12 өлшемді үйге тұтынушы 300 мың теңге көлемінде қаражат жұмсайды. Үй сыртына жабыстырылған панельдің жарамдылық мерзімі 20-25 жылды құрайды. Ал бояуын 8 жылда өзгертіп тұруға болады, – дейді цех иесі.

Жергілікті кәсіпкер әзірге бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Ендігі кезекте панельдерді орналас­тыратын бірнеше ұста дайындауды қолға алмақ. Өндіріс көлемін көбейтіп, мол табысқа қол жеткізуді де жоспарға енгізген. Ол үшін мемлекеттік қолдау шараларына қатысуды жөн көреді. Кәсіпкердің еңбегін жоғары бағалайтындардың қарасы қалың. Мәселен, ауыл әкімі Т.Құламқадіров соңғы жылдары елді мекенде кәсіпкерлік саласы жақсы дамып келе жатқанын айтады.

– Жергілікті кәсіпкер Пазылбек Әбішов «Іскер» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көріп, өз кәсібін дөңгелету үстінде. Әрине, кәсіптің көзін тапқан жанның табысы еселене түсетіні мәлім. Жалпы, Шіркейлі ауылында «Микробизнес-Қызылорда бағдарламасы бойынша биыл 2 ауыл тұрғынының жобасы құны 14,5 млн теңгеге қаржыландырылды. «Ұлттық жоба» аясында жаңа бизнес идеялар конкурсы арқылы 1 азамат құны 1 млн 380 мың теңгеге қол жеткізді. Ал «Кең дала» бағдарламасы бойынша 2 адам құны 26 млн теңге алды. Жастарға арналған 2,2 пайыз несие бойынша 5 азамат құны 20 млн теңгеге құжаттарын тапсырып қаржысын күтуде. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 15 жоба ұсынылды, олардың жалпы құны 43 млн теңгені құрайды. «Іскер» аграрлық несие корпорациясы арқылы 8 азамат құны 27 млн теңге көлемінде қаржы алды. Мұнан бөлек «Бизнес бас­тау» жобасы арқылы 34 азамат жеңімпаз болып табылып, 41 млн 656 мың 800 теңге алды. Алдағы уақытта ауыл азаматтарының жеке кәсіп ашуына жағдай жасалып, нақты қолдаулар көрсетіле береді, – дейді Шіркейлі ауылының әкімі Талғат Құламқадіров.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
08 тамыз 2023 ж. 252 0