Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҮЗДІК ТАУАР– ЛЕГО-КІРПІШ

ҮЗДІК ТАУАР– ЛЕГО-КІРПІШ

UZDIK TAUAR
   Жуырда «Қазақстанның үздік тауары» облыстық көрме-байқауы өтті. Байқауға былтыр 17 компания өнімін ұсынса, биыл олардың саны 35-ке жетті. Олардың ішінде 8 жоба жеңімпаз деп танылды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша жаңақорғандық кәсіпкер Жомарт Шәуенов ойлап тапқан лего кірпіш көпшілік көңілінен шықты.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын өңірімізде қолданыла бермейтін құрылыс затын шығарып, тұтынушылар құрметіне бөленген кәсіпкер енді еуропалық стандартқа сай лего-кірпіш өндіруді қолға алды.
– Шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысамын деген ынталы азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Негізі бұл бизнес-жобаны аудандық кәсіпкерлер палатасына ұсынғанымда қуана құптады. Өйткені бұл Қызылорда облысы мен жақын аймақта әзірге жоқ жоба. Сондықтан болар, қаржыландыру тетігі бірден табыла кетті. Кәсіпкерлер палатасының үйлестіруімен «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығынан 2 млн. теңге қаржыға ие болдым. Көрсетілген қаржылай қолдауға Ресейден лего-кірпіш пен шлакоблок құятын аппарат, еуроқұрылғы, миксер секілді заманауи жабдықты сатып алдым. Сөйтіп кірпіш құю технологиясын игердік. Қуаттылығы – 4500 шаршы метр. Бүгінгі таңда 10 адам жұмыс істейді, – деді Жомарт Әбибуллаұлы.
Кәсіпкер ұсынған лего-кірпіштің артықшылығы көп. Оның айтуынша, бұл кірпіштің басты ерекшелігі – құрастырмалы әрі төзімді. Оған қоса, баспананың қабырғасын өруге кететін уақыт қысқарады. Өйткені, кірпіш екі үлгіде шығарылады. Біріншісі – ойық, екіншісі дөңбек болады. Осылай ұяшықтары арқылы бір-біріне киіледі. Отандық өнімнің шикізаты да осы өңірден шығады. Қаратау бөктерінен сұрыпталған тас пайдаланылады. Таудың ірі құмы, жуылған май қиыршағы және цемент пен арнайы қоспа қосылады. Гипер престеуден өткен лего-кірпіш беріктігі жоғары және тұзданбайды. Лего-кірпіш – Еуропада жиі қолданылатын құрылыс материал. Өте берік және тығыз болғандықтан сұраныс артып келеді. Ол он бес тонналық гидровикалық қысыммен нығыздаудан өтеді. Сәулетті келбетімен де ерекше. Кәсіпкер тапсырыс берушінің талғамына сай кез келген түрін шығаруға әзір. Кірпіштің құны – 80 теңге. Жергілікті тұрғындар мен Түркістан қаласынан 30 мың дана кірпішке тапсырыс түскен.
А.ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ
31 тамыз 2018 ж. 949 0