Киіз үйде қызмет көрсетеді

Еуропалық үлгідегі киіз үйдің ашылу салтанатына аудан тұрғындары мен қонақтар қатысты. Мұнда күнделікті кестеге сәйкес тұтынушыларға қызмет көрсетілуде. Қызылорда облысы бойынша бірегей орталық көпшілік көңілінен шығуда. Өз кезегінде отбасылық бизнестің қазіргі аяқ алысы жөнінде бізге жас кәсіпкер Мақсат Бекенов айтып берді.
– Нарық заманында бәсекеге қабілетті болу маңызды рөл ойнайды. Алғаш фастфуд орталығын ашатын уақытта отбасымызбен сұранысқа ие кәсіп түрін таңдауды жөн көрдік. Ата-анам, бауырларыммен бірге жаңа кәсіпті игере бастадық. Әрине, тұрғындардың талғамы жоғары. Кәсіби, біліктілігі жоғары мамандарды жұмысқа тартуға барлық жағдай жасалды. Бірнеше қалада орналасқан фастфуд орталықтарының мамандарымен тәжірибе алмастық. Осылайша, кәсібімізді жаңғыртып, еуропалық үлгідегі қазақы киіз үй ашуға бел будық. Қомақты қаржы жұмсалған киіз үй жылдың 4 мезгілінде де қонақ күтуге арналған. Заманауи жиһаздар қойылды. Соңғы үлгідегі ыдыстармен жабдықталды. Тұтынушы өз қалауынша біздің тағамдарға тапсырыс бере алады. Сонымен бірге Тереңөзек кенті мен жақын ауылдарға тасымал қызметі жолға қойылған. Әр жұма сайын әрбір донер алған тұтынушыға түрік айраны тегін беріледі, – дейді жас кәсіпкер.
Айта кетейік, «Макing Тerenozek» фастфуд орталығының ашылғанына 2 жыл толуына орай «Инстаграм» әлеуметтік желісі арқылы оқырмандар арасында ұтыс ойынын ұйымдастырды. Бес мыңнан аса адамның ішінен 10 жеңімпаз анықталды. Олардың қатарында Түркістан, Нұр-Сұлтан қаласы, Қызылорда қаласы мен Арал ауданынан жеңімпаз атанғандар бар. Сонымен бірге жиырма мыңыншы тұтынушыға арнайы сыйлық тапсырылып, орталық тұтынушыларын қуанышқа бөледі.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ