Құс жастықты қайта өңдейді
Тереңөзектік Кенжегүл Қалмағанбетова ерекше кәсіппен айналысуда. Он саусағынан өнер тамған ол құс жастықты қайта өңдеп шығарады екен. «Еңбек» бағдарламасы негізінде грант ұтып алған жеке кәсіпкер шағын бизнесін жандандыру үстінде. Жаңашылдыққа бет бұрған ісмер келіншек өзінің тың жобасы жөнінде бізге кеңінен айтып берді.
Жыл сайын «Еңбек» бағдарламасына қатысушылар мал шаруашылығы, тәттілер дайындау өндірісі, құс шаруашылығы, сән әлемі секілді бірнеше кәсіп бойынша жоба қорғайды. Бұл жолы – комиссия тарапынан «Құс жастықты қайта өңдеу жобасы» ерекше қолдау тапқан. Үздіксіз ізденістің арқасында Кенжегүл Қалмағанбетова жаңа кәсіптің иесі атанды. Жеке кәсіпкер ескі жастықты қайта қалпына келтіру технологиясын туған ағасы Қанаттан үйренген. Негізінен, Қанат Қалмағанбетов жастықты қалпына келтіру үшін арнайы құрылғы қолданады екен. Оның кәсібі Алматы қаласында. Осындай кәсіп түрі аудан жұртшылығы арасында сұранысқа ие екенін зерделеген Кенжегүл Әбуқызы отбасылық бизнесіне жан бітірді.
– Ертеректе үлкен кісілер құс жастық, иық жастық, мақтадан жастық жасауға шебер болатын. Әрбір үйде көрпеше тігіліп, көрпе түптелетін еді. Аналарымыздың түрлі түсті мата, мақта мен жүнді дайындықтан өткізіп, керемет жастық жасайтындығын көзіміз көрді. Қазақы өнердің ішінде тігінмен айналысу қыз баласына қиындық туғызбайды. Қолы алтын апаларымыз кішкентай оймақты бізге ұстатып, тігін тігудің қыр-сырын үйрететін. Ізгілікті дәстүр сабақтастығы бүгінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде қайта жанданғанына қуаныштымын. Кәсіппен айналысу үшін мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрген мен құс жастықты тазалайтын айрықша құрылғы сатып алған болатынмын. Құрылғының қосымша аппараты, бірнеше материалы бар. Жастықтың көлеміне қарай ақысы төленеді. Құс жастықты қаптауға арналған матамен өзім қамтамасыз етемін. Барлық жағынан жаңалап беремін. Бұрын ескірген жастықты жарамсыз күйде қоқысқа тастайтын болса, қазір көпшілік маған тапсырыс беруде. Тәулігіне 20-30 жастықты өндеуге мүмкіндік бар. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтіп, жұмыссыз жастарға осы кәсіп түрін үйретсем деймін, – дейді жеке кәсіпкер.
Иә, шаң-тозаңға толы жастықты өндеу оңай шаруа емес екен. Бұрынғы қалпына келтіру үшін ісмер көп күш жұмсайды. Күнделікті жеке кәсіпкер аудан бойынша тұтынушылардан көптеп тапсырыс қабылдауға ниетті. Бірнеше жыл бойы тазаланбаған жастықты жаңа күйге айналдыру үшін Кенжегүл Әбуқызы түрлі әдіс-тәсілді қолданады.
Ендеше, кәсіп иесінің жұмысына сәттілік тілейміз!
Балтабай Аябекұлы