Электр желілерін жаңғырту сала мамандарының ұдайы назарында
Күнделікті өмірде су мен жарықсыз ешбір істің бітпейтіні анық дәлелденген. Оның ішінде, жарықтың тұрмыста адамдар үшін пайдасы зор. Жалпы қауіпті мамандықты меңгерген электр жүйесінің қызметкерлері әркез басын қатерге тігіп жатады. Үнемі аптап ыстықта, қарлы боранда, желдің өтінде жүретін олардың қызметі көп жағдайда көзге көрінбейді. Осы ретте, тәулік бойы өлшеусіз еңбегімен ел-халықтың алғысын арқалап жүрген азаматтардың жұмысын саралау мақсатында Тереңөзек аудандық электр торабының бастығы Нұрлыбек Кәкіммен сұхбаттасқан едік.
– Нұрлыбек Балғабайұлы, ең алдымен өзіңіз жетекшілік ететін бөлім жөнінде кеңінен ақпарат беріп өтсеңіз.
– Қазіргі уақытта аудандық электр торабында 54 маман мен қызметкер жұмыс істейді. Біздің саланың адам өміріне қауіптілігі жоғары екені даусыз. Осы күні аудандық электр торабында 5 бағытта жасақталған бөлімдер қызметтік бөліністі жүзеге асырады. Мәселен, электр энергиясының есептеу бөлімінде 1 инженер, 1 техник, 1 оператор, 6 электромонтер, 3 бақылаушы, оперативті диспечер тобында 5 электромонтері, оперативті шұғыл бригадасында 5 электромонтері мен 5 жүргізуші бар. Ал кезекші электромонтері бөлімінде 5 қызметкер, №1 және №2 тарату тобында 5 қызметкерден еңбек етеді. Сала мамандарының біліктілігін арттырып, электр жүйесінің қызметін жақсартуға әрқашан күш сала береміз. Бірлескен жұмыстардың арқасында аудан халқын жарықпен қамтамасыз етуге мүдделіміз. Бөлім мамандары 4 автокөлікпен қамтамасыз етілген. Өткен жылы жаңа көліктің иегері атандық. Қазіргі уақытта жаңа автокөлік кәдемізге жарап тұр. Өзге де техникалық базаны Қызылорда қаласынан алдыртып, жұмыс барысын ұтымды үйлестіреміз. Күнделікті жұмыс тоқтамау үшін техникаға күтімді үздіксіз жүргіземіз.
– Аудан көлемінде электр торабының қызмет көрсететін теңгеріміндегі электр қондырғылар, жоғары кернеу әуе желілері хақында айтып бересіз бе?
– Жалпы, 35/10 кВ болатын қосалқы станция – 7 дана, 35/0,4 кВ болатын қосалқы станция – 1 дана, 10 кВ болатын (РП-10 кВ) – 2 дана бар. Сонымен қатар К(ТП)Н-10/0,4 кВ 10/0,4 кВ қосалқы станциясы 133 дананы, тұтынушы есебінен қосалқы станциясында 95 дананы құрайтынын айта кетейін. Сырдария ауданының негізгі қорек көзі 35 кВ «Жалағаш-Тереңөзек» әуе желісінен тұтынады. 35 кВ әуе желісінің ұзындығы 160,9 шақырым болып есептеледі. 10 кВ әуе желісіне 243,707 шақырым, 0,4 кВ әуе желісіне 244,568 шақырымды құрайды.
– Электр желілеріне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары қандай бағытта жүргізілді? Алдағы жылдарға жоспарланған межеге тоқталасыз ба?
– Осыдан 2 жыл бұрын аудан әкімдігі, аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі және электр торабы бөлімімен бірлесіп тозығы жеткен электр желілерін жаңалауға байланысты ортақ жоба әзірлеген болатынбыз. Өз кезегінде өткен жылы Аманкелді, Айдарлы, Жетікөл, Қоғалыкөл ауылдарында электр желілері жаңартылды. 2023-2024 жылдары Шаған ауылы және 2024 жылы Қалжан ахун ауылының электр желісі мен қондырғыларын жаңарту іске асырылып, ел игілігіне қызмет ететін болады. Бұдан бөлек, Асқар Тоқмағамбетов, Нағи Ілиясов, Шіркейлі, Сәкен Сейфуллин, Тереңөзек кентіндегі электр желілерінің тозу көрсеткіштеріне сәйкес толықтай жаңарту жоспарда бар.
Өткен жылы бөлім мамандары күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Мәселен, 10 кВ әуе желілері бойынша Тереңөзек кентінде 10 бағана, 1,8 шақырым сым, 0,4 кВ әуе желілері бойынша Асқар Тоқмағамбетов ауылында 49 бағана 7,5 шақырым сым, Сәкен Сейфуллин ауылында – 19 бағана, 2,7 шақырым сым ауысты. Нағи Ілиясов ауылында 700 метр заманауи СИП4х35 сымы тартылды. Тереңөзек кентіндегі Азатбақыт Әлиакбаров көшесінің бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің 13 электр есептегіш құралы орнатылған жәшігі ауыстырылды. Тереңөзек кентінде 10 кВ әуе желілері бойынша 8 бағана және 0,4 кВ әуе желілері бойынша 10 бағана 2,7 шақырым сым жаңаланды. Биыл ағымдағы және күрделі жұмыстар бөлім тарапынан жүргізіле береді. Бұл ретте, 2024 жылы бекітілген жылдық өндірістік жоспар бойынша аудан көлемінде 35/10 кВ және 10/0,4 кВ қосалқы станциялардың оқшаулағыштарын тазалау, контактілерін керу жұмыстары 2 мәрте жасалады. Қосымша тазалау жұмыстары жүргізілетін мезетте аудан тұрғындарына электр желісінің ажыратылатыны жөнінде әлеуметтік желілер арқылы хабарланатын болады. Сонымен қатар жыл көлемінде тұрғын үйлерде орналастырылған электр есептегіш құралдары ұдайы тексеруден өткізіледі. Біздің мақсатымыз – жергілікті тұрғындарды электр желілерімен тұрақты әрі сапалы қамтамасыз ету.
– Сала мамандарының еңбегін ерекше бағалаймыз. Аудан аумағында дауылды ескерту кезінде қызметкерлер күшейтілген режимде жұмыс жасайтын шығар?
– Иә, әрине, ауа райының қолайсыздығынан туындайтын апаттық жағдайларда, алдын алу мақсатында сала мамандарынан қосымша жұмыс тобы жасақталып, электр желісін қалпына келтіру жүзеге асырылады. Осындайда көпшіліктен түсіністік танытуды сұраймыз. Мамандарымыз 12 сағаттан ауысымдық кезекшілікке түсіп отырады. Тәжірибесі толысқан аға буын өкілдері жастарды барынша тәрбиелеп келеді. Кәсіби біліктілігін шыңдауға көмектеседі. Қызметкерлер арнайы оқытудан өтеді. Жыл көлемінде бірнеше мәрте емтихан тапсырады. Бұл ретте, электр мамандығын бітірген мамандарды біздің бөлімде жұмыс жасауға шақырамыз.
Сұхбаттасқан Балтабай ОРДАБЕКОВ