Мерейтойымен құттықтады
Аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев қоғам қайраткері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Жақай Бодықбаевты аудан әкімі мен сырдариялықтардың атынан 85 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
Мерейтой иесінің иығына қазақы шапан жауып, «Сырдария ауданының 95 жылдығы» мерейтойлық төсбелгісін таққан Д.Байдушев игі лебізін білдірді.
– Саналы ғұмырын елдік істерге арнап, бүгінде төрден орын алған, есімі жақсылар мен жайсаңдардың қатарында аталып, абырой биігінен көрінген өзіңізді ауданымыздың халқы құрмет тұтады. Ел ағасы, Сырдария және Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері ретінде 85 жасқа зор абыроймен жетіп отырсыз. Аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлының ыстық ықыласын, құттықтау лебізін қабыл алыңыз, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Өз кезегінде М.Келдібаев Сыр еліне белгілі қоғам қайраткері атанған азаматтың еңбегі жас буынға әркез үлгі-өнеге екенін айтып өтті.
– Сырдария ауданы – ұзақ өмір сүретіндердің киелі мекені. Біздің ауданда 85 жас орта жастан кейінгі қариялық кезеңінің бастауы ретінде бағаланады. Сізге ғасыр ғұмыр жасаған сырдариялық ардагерлердің жасын, бақытын берсін. Ұрпағыңызбен мың жасаңыз, мерейтойыңыз құтты болсын, – деді Мұса Алпысбайұлы.
Өз кезегінде Ж.Бодықбаев ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
«Тт» ақпарат