Әуелгі сөз – ағадан, әдепті сөз – ініден
Есімі сырбойылықтарға етене таныс, 1999-2004 жылдары Сырдария ауданын абыроймен басқарған қоғам қайраткері Әріп Битілеуұлы Хожбанов ағамыз 70 жасқа толып, жаңа белеске жақсы көңіл-күймен, жарқын жетістікпен қадам басуда. «Әуелгі сөз – ағадан, әдепті сөз – ініден» деген даналық сөзге сүйеніп, жақсының жақсылығын айту мақсатында қолға қалам алдық.
Әріп Битілеуұлымен мені таныстырған, табыстырған, етене жақын сыйлас қылған – өлең, шығармашылық жұмыс. Бірер жыл бұрын ағаға деген інілік ізетпен арнау өлең жазып, әлеуметтік желіге жариялаған едім. «Жақсыдан – шарапат» деген сүбелі сөз осындайда айтылса керек-ті. Жарияланған өлеңге мыңнан аса лүпіл басылып, жүздеген азамат пікір жазып, жұртшылық жоғары бағалапты.
Көп өтпей Әріп Хожбанов ағамыз бастаған экс-сенатор Бекмырза Еламанов, кәсіпкер Мұқадам Серікбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов аудандық газет редакциясына ат басын бұрды. Ардақты азаматтар шығармашылық ұжымның тыныс-тіршілігімен танысып, атқарып жатқан жұмысымызды оң бағалап, тілектестік ниеттерін білдірді. Әріп Битілеуұлы өлеңдерім туралы жақсы пікір айтып, шабытыма дем беріп, шуақты да қуатты сөздерімен серпіліс сыйлады.
Данышпан қазақ ырымшыл халық қой. Қазақылық қалпымен, қарапайымдылығымен үлкен-кішіге үлгі болып абырой тұғырында жүрген Әріп Битілеуұлы редакцияға құр қол келмепті. Жақсы ырымға балап, шабытыма дем беріп, қазақы қамшы сыйлаған болатын. Бұл менің жеке басыма емес, жүректі жарып шыққан өлеңіме, шығармашылығыма деген құрметі деп қабылдадым. Сонда Әріп Битілеуұлы:
– Осындайда ақын Балашбек Шағырұлы айтып берген мына бір оқиға еске түседі. 1960 жылы Сәбит Мұқановтың 60 жылдық мерейтойы өтіпті. Кенен Әзірбаев мерейтойға жиналғандарды Қордайға қонаққа шақырады. Сол жерде Сәбитке күмістелген ер тұрманы бар сәйгүлік мінгізіп, қолына күміс сапты қамшы сыйлайды. Атқа мінген Сәбит шалқақтап, аттан түспей қойыпты. Бұл қылығын көрген ақын Хамит Ерғалиев қамшыны білдіртпей «ұрлап» алып, Сафуан Шаймерденовтің көлігіне тығып қоюын өтінеді. Сәбит қамшысын іздеп, шарқ ұрғанда екеуі сыр білдірмей отырады. Екеуі де тойдан соң, қамшыны иесіне қайтаруды ұмытып кетеді. «Кейін қайтарып беремін» деп жүргенде, үйінің төрінде ілулі тұрған қамшыны Сафуанның баласы өрімін жазып, конькиге бау етіп тағып алады. Сол бала Саян Шаймерденов кейін атақты хоккейші, жеті дүркін КСРО чемпионы атанған. Сафуан баласының спортта үлкен жетістікке жетуіне Сәбиттің қамшысының әсері болды деп әркез айтып отырады екен. Қазақ осылай игі ниетті жақсыға ырымдап, қамшы ұстайтын азамат болсын деп ырымдап, бір-біріне қамшы сыйлауды әдетке айналдырған. Айналайын, жассың, қазақы қамшы құт әкеліп, өсіп-өркендей бер, – деген еді.
Жалпы Әріп Битілеуұлы ағамызды жетпіс жасқа зор абыроймен жетіп отыр деп айтуға толық негіз бар. Қай қырынан алсақ та үлгілі, өнегелі. Парасат биігінен сөз саптайды. Қолға алған, атқарған істері де көштен ілгері. Ең бастысы ел-халық азаматтың еңбегін жоғары бағалайды. Ардагерлік кезеңге абыроймен жеткен азаматты мақтайды, мақтан тұтады.
– Мен ауданның он екі бірінші басшысымен жұмыстас болдым. Солардың ішінде жадыма сіңіп, жаныма ерекше әсер еткендері бар. Сол азаматтардың бірі де бірегейі – Әріп Хожбанов. 2000 жылы «Мәдениетті қолдау жылы» ретінде көп іс-шаралар ұйымдастырылды. Әрекең әкімдікке осы жылы келді. Мен аудандық музейдің директоры едім. Жаңа келген әкім бірінші қадамын музейден бастады. Бұл жайт мені қуантты. Әрекеңнің мәдениетке, руханиятқа ерекше көңіл бөлетіні бірден түсінікті болды. Музей ғимараты үш бөлмелі, экспонаттар сыймай жатқан. Осы жайын әкімге Сейітмұрат ағай жеткізген еді. Көп ұзамай музейге тағы екі бөлме қосылды, – деп әсерлі әңгімесін бастаған «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Алма Бақтиярова әрі қарай жалғай түсті.
– Қосымша құрылыс салынып болған соң, музейді жарқыратып қойдық. Әрекең әсемдікті ұнатады, жинақылықты жақсы көреді. Ауданға облыс әкімі Серікбай Нұрғисаев келген сәтте ол кісіні музейге кіргізді. «Әр жердің өз тарихы бар, бұл жәдігерлер Сырдарияның сырлы тарихы», – деді Әрекең музейде. Облыс әкімі музейдің жұмысына риза болды. Экспонаттар арасынан Аралбай батырдың қылышын қолына ұстап, «Батырдың қылышы осындай шағын болған ба?» деп, сақинегі әбден мүжіліп біткен сабына көңілі толмағандай сөйледі. – Жеті жүз мың халықты басқарып отырған сіз де батыр емессіз бе? – дедім мен. Батырдың қолы да сіздің қолыңыздай болған шығар дегенді мегзеп. С.Нұрғисаев күліп тағы да риза болып қалды. Бұл есте қалған бір эпизод. Әрекең ауданды басқарған жылдардағы талай тарихи сәттерді әңгімелей беруге болады, – дейді Алма Сайранқызы.
Ардагердің сөзін «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы Ширек Сқақов қуаттай түсті.
– Әріп ауданға қиын кезде келді. Ол кісі келген кезде шаруашылықтар бөлініп кеткен, күнкөріс қиын. Қолында жанар-жағармай, тыңайтқыш тапшы, тіпті жоқ, егіншілердің еңсесі түскен кезең еді. Әрекең ең бірінші ауылдарға инвестор тартты. Мұнай кеніші басшыларымен тіл табысып, «Мүлкалан» серіктестігін құрып, осы серіктестік есебіне мұнайшылардан қомақты қаражат түсірді. Мәмілегерліктің, іскерліктің қандай болатынын көрсетті. Бюджетте ақша жоқтың қасы, сол жоқтың орнын толтырды. Болмысы қарапайым, жан дүниесі бай азамат үлкенді сыйлаудың үлгісін көрсетті. Осы кезге дейін маған арнайы ат басын бұрып, сәлем беріп тұруды ұмытпайды. Бір кезде аудан басқарды, ақсақал есебінде ақыл-кеңесімізді алды. Ол кез қайда, артта қалды, енді қайырылмаса да ешкім өкпелей қоймас. Әрекең ондай болмыстың адамы емес екен, оның мінез-құлқында өзгергіштік жоқ. Қалыпқа құйған қорғасындай. Мен оны осы қасиеттері үшін құрмет тұтамын, – деп түйіндеді Ширек Сқақов ақсақал өз пікірін.
Иә, адал еңбекті ту етіп, ел мүддесін бәрінен биік қойған азаматтың еңбегі жөнінде өз естелігімен бөлісетін азаматтар ауданымызда көп. Қиын кезеңде әкімдік қызметті атқарып, ауданымызға көп өзгеріс әкелген азаматтың айқын қолтаңбасы әлі де сайрап жатыр. Мәселен, музейдің алдынан ашылған «Парасат» алаңы әлі күнге кенттің рухани-мәдени орталық екенін айшықтап тұр. Аудан басшысының ұйытқы болуымен ауылдарда салынған әлеуметтік нысандар, мектептер, жөнделген жолдар, жаңартылған электр желілері, тазартылған каналдар, тіпті су тасқыны кезеңіндегі тындырымды тірліктер халықтың жадында. Көпшілік іскер азаматтың тарихи құндылықтарды ерекше қастерлейтінін, қазақы салт-дәстүрге жетік екенін де жоғары бағалайды. Мәдениетін, пайым-парасатын, тазалығын үлгі етеді. Ал қарапайымдылықпен ұштасқан қамқорлығын, жанашырлығын бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан да болса керек сырдариялық ардагерлер «Біз парасатты, кеңпейілді, кемел ойлы Әрекеңді мемлекеттік қызметтің эталоны деп бағалаймыз» дейді. Азамат үшін бұдан асқан баға жоқ шығар. Біз де ардақты ардагерлердің пікіріне қосылып, жетпіс жас сексеннің сеңгіріне, тоқсанның төріне һәм ғасыр-ғұмырға ұлассын деп өз ойымызды түйіндейміз.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
Фото: RAST.kz