Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 366 күн: кібісе жылда кесір жоқ

366 күн: кібісе жылда кесір жоқ

Әдеттегідей қолданыстағы күнтізбеге сәйкес бір жылда 365 күн болса, ал биыл 366 күн бар. Себебі 2024 жыл кібісе жылына сәйкес келіп тұр. Кібісе жылы – төрт жылда бір айналып келетін, басқа жылдан қарағанда бір күні артық айырмашылығы бар, ақпан айының соңғы күніне тұспа-тұс түседі.

Деректерге сүйенсек кібісе жылы туралы түсінік ең алғаш ежелгі Египетте арабтар аспан денелерінің қозғалысы бойынша күнтізбе жасаған уақытта пайда болған. Мысырдың санақшылары зерт­тей отыра әр күннің шығуына қарап есептеп, бір жылда 365 тәулік бар екенін анықтап және 4 жылда 1 рет тәулік санының артық болатынын дәлелдеген. Зерттеулер бойынша жер күнді нақты 365 күнде емес, шамамен 365 күн 6 сағатта айналып өтеді. 3 жыл бойы артық болатын 6 сағатты қосып, 4 жылда бір рет келетін күн болып күнтізбеге енгізілген. Бұл кібісе жылының қалыптасуына бас­ты себеп.

Басқа айларда 30-31 күн болса, ал ақпан айында 28 тәулік бар және әрбір 4 жыл сайын 29 күнмен аяқталады. Бір қызығы 29 ақпанда туған жандар өзінің туған күнін 4 жылда бір-ақ рет атап өтетін көрінеді. Ал кейбірі туған күнін 28 ақпан тойласа, екіншілері 1 нау­рызда тойлайды екен. Бұл жылды славяндарда «високосный», ал мұсылман елдерде «кібісе жыл» деп атап кеткен.

Кібісе жылына қатысты халық ара­сын­да сан түрлі әңгімелер мен теріс пікірлер айтылып, түрлі наным-сенім мен тыйымдарды байланыстырады. Көп­шілігі­нің пікірі бойынша өзге жылдан қарағанда кібісе жылының қаупі басымырақ болады деп пайымдайды. Мысалы, бұл жылы қиылған неке сәтсіз болады, ерте ажырасады деген наным-сенім бар. Статистикаға сүйенсек, басқа жылдар мен кібісе жылын салыстырғанда ажырасу фактілері саны бойынша ешқандай айтарлықтай айырмашылық жоқ. Сондықтан бұл ырымға сенудің маңызы жоқ секілді.

Сонымен қатар бұл жылы табиғи апаттар жиілеп, аласапыран болады деген де наным қалыптасқан. Апаттың айтып келмейтіні хақ. Десе де бұл наным бойынша ешқандай дәлел жоқ. Тіпті кей өңірлерде бұл жылы құрсақ көтеруге болмайды деген қисынсыз түсінік қалыптасқан. Әрбір дүниеге келетін нәрестенің денсау­лығы анасының денсаулығына тікелей байланысты екені айдан анық. Сондықтан бұл нәрсеге кібісе жылын бай­ланыстыру дұрыс емес. Кібісе жылында қаншама атақты ғұламалар мен танымал адамдар дүниеге келген. Өмір­ден өтетін адам саны көп болады деген де болжам бар. Бұл да кібісе жылына деген үрейден туындаған бұрыс болжамдардың бірі. Басқа жылдармен салыстырғанда көпшілігі кібісе жылына ерекше назар аударып, үреймен қарап жатады. Ал кейбіреулері керісінше бұл жыл бақытты әрі сәттілік әкелетін жыл деген пікірде.

Бұл кібісе жылына байланысты ырым-тыйымдар мен түрлі болжамдарға сену-сенбеу әркімнің өз еркінде. Дегенмен де ешқандай дәйегі мен дәлелі жоқ наным-сенімдер мен алыпқашпа әңгімелерге сене берсеңіз, үнемі қорқынышпен, үреймен жүруіңіз әбден мүмкін. Жылдың немесе күннің жаманы болмайды. Әр жылдан көп үміт күтеміз. Деректерге сәйкес, кібісе жылы елімізде ешқандай жайсыз жағдай болмағанын, керісінше жақсы жаңалықтар алып келгені белгілі. Осыған сәйкес астрологтар мен нумерологтар 2024 жыл­дың қандай болатынын болжаған еді. Белгілі астрологтардың болжамы бойын­ша бұл жылдың жазы жаңбырлы, егіні бітік, шүйгін шығады деп топшылауда. Биыл халқымыз үшін молшылық пен тоқшылық, берекелі жыл болады деп біз де үміттенеміз. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, жақсы ойлап, түзу сөз айту орынды.

Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ

03 ақпан 2024 ж. 147 0