Жас ұстаз – табысқа апарар жол
Қай кезде де «Жас маман – жақсы істің бастауы» деген тәмсіл өз өміршеңдігін жойған емес. Негізінен, кез келген жас маманға әрбір істің бастауы оңай соқпасы анық. Оның ішінде халық баласын оқытуда ағартушылық қызметте үнемі қарым-қабілетін жетілдіру, барынша іздену, жан-жақты білім алу, өзара тәжірибе алмасу маңызды рөл ойнайды.
Бұл ретте, бұрнағы күні аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен №36 Әбілда Тәжібаев атындағы мектеп-лицей базасында «Жас ұстаз – табысқа апарар жол» тақырыбында форум өтті. Аталған форумға ауданға қарасты білім ошақтарынан жас педагогтар қатысты.
Форумның ашылу салтанатында №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің директоры Ж.Төреқұлова сөз сөйлеп, жас ұстаздардың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
– Аудандық білім бөлімі тарапынан жас ұстаздардың шеберлігін шыңдау ұдайы жүргізіледі. Әрине, «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген тәмсілді жас педагогтарымыз үнемі назарында ұстағаны дұрыс. Біз қашанда мұғалімнің әлеуетін арттырып, өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасай береміз. Сапалы білімнің нәтижесінде, озық ойлы шәкірттеріміз тәрбиеленеді. Шын мәнінде, білім саласы сан түрлі реформадан өтіп, жаңа бастамалар қолға алынуда. Бұның барлығы мұғалімнің игілігі үшін жасалып жатқан игілікті бастамалар деп білеміз, – деді мектеп-лицей директоры.
Форум барысында жас педагогтар аудандық мәслихат депутаты А.Ибрагимұлымен еркін форматта кездесіп, көкейдегі сұрақтарын қойып, тиісті жауап ала алды. Жас мұғалімдердің жетістіктері бойынша дайындалған арнайы көрме де таныстырылды.
Өз кезегінде жас педагогтар тақырыптық сабақтар өткізіп, педагогика саласында кездесетін жаңашылдық пен тың бағыт-бағдарды талқылады. Бала білімін жетілдіру барысында ескеретін маңызды факторларды саралады. Сонымен қатар жыл көлемінде үздіктер қатарынан көрінген жас ұстаздар озық тәжірибелерімен бөлісті.
– Жас педагогтардың тәжірибесін қалыптастыруға арналған форум жұмысы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Білім ошақтарында өз білімдері арқылы кәсіби шеберлігін арттырған алғыр ойлы замандастарымыз бар. Тың идеялар алаңында біз білмейтін ерекше дүниелерге қанықтық, оқушымен жұмыс жасау методикасын меңгердік. Санаға сілкініс жасаған форум алдағы уақытта қайта жалғасын тапса дейміз, – деді №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектептің мұғалімі Гүлзат Амангелдиева.
Іс-шара соңында жас педагогтар форум жұмысын қорытындылап, өздерінің алған әсерлерімен бөлісті.
Т.ШАНЖАРХАНОВА