Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Елу бес жыл отасқан қариялар

Елу бес жыл отасқан қариялар

Отбасы мен ошағының отын маздатып­, қазыналы қарттыққа абыроймен жетіп, ұрпа­ғының ортасында тамырын тереңге жайып, үлгілі өмір кешіп жатқан жанұяларға кімнің де болса қызыға қарайтыны рас. 55 жыл бір шаңы­рақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, ұрпақ өрбітіп отырған Тұяқбаевтар әулеті – біздің бүгінгі кейіпкеріміз. Саналы ғұмырды өнегемен өрнек­теген жандардың жарасымды жанұясы туралы­ ақпараттандырып, көпшілікке үлгі етуді жөн санадық. Бұл отбасы аудан орталығынан шалғайда орналасқан Аманкелді ауылдық округінде тұрады.

Серікбай аға мен Зафура апамыздың 12 баласы, отызға жуық немере мен он шақты шөбересі бар. Балаларының барлығы бір шаңырақ астына жинал­ғанда бір қауым елді құрап, арқа-жарқа болатынын түсіну қиын емес. Осындай биік шаңырақтың отағасы Серікбай Тұяқбаевтың дүниеге келуі сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген. 1944 жылы дүниеге келген ол жастайынан көпшіл, қолынан келген көмегін жақын-жуықтан аямаған жан болған екен. Әскер қатарында азаматтық парызын өтеп келгеннен кейін еңбек жолы басталған ол совхозда қойма меңгерушісі, мал шаруашылығы цехының бас есепшісі, Ленин (Аманкелді) ауылдық кеңесінің хатшысы қызметтерін атқарған. Ал отанасы Зафура Тілеубекова – 1950 жылдың тумасы. Сол кездегі Ленин атындағы он жылдық мектепті оқып тәмамдаған. 1968 жылдың қыркүйек айында отау құрған жандардың үйленгеніне биыл 55 жыл толып отыр. Дүниеге ұрпақ әкеліп, бала тәрбиесіне ден қойған абзал ана қызметтен де қалыс қалмаған. Ауылдық мектеп пен әуез мектебінде қатар жұмыс жасаған. Алтын құрсақты ана 1991 жылы көпбалалы ана санатында зейнет демалысына шыққан. Айта кетейік, ардақты анаға СССР-дің кезінде М.Горбачевтің бір және елбасы Н.Назарбаевтың екі мәрте «Алтын алқасы» табысталған.

Жарты ғасырдан аса уақыт бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрген өнегелі жандар отбасының негізі – өзара түсінушілікте деп біледі. Қазіргі ажырасу деңгейінің артып отырғанын тілге тиек етіп, қазыналы қарттардан бақытты жанұяның құпиясымен бөлісуін сұрадық.

– Алла алдында ант етіп, некелесіп, отбасы құрғаннан кейінгі басты мақсат – бақытты ғұмыр кешу. Екі бөлек отбасында тәрбие көрген жандар некеге тұрғаннан кейін түрлі түсініспеушілікті бастан өткізуі мүмкін. Жас жұбайлар отбасылық сынақтардың кейбіріне төтеп бере алмай, бала болашағынан бұрын жеке бас тыныштығын бірінші орынға қойып жатады. Осыдан келіп тастанды бала мен «тірі жетімдер» қатары артады. Негізі отбасында және бала үшін әкенің орны бөлек. Әке дегенде әр баланың санасында пана болар, киындыққа калдырмас, арманына қол созғанда ақ батасын беріп ақ жол тілейтін адамның бейнесі келеді. Әке – әркімнің сүйенер тіреуі. Әрбір әке отбасына қорған болар тау тұлғалы кемеңгер болып, ұрпағына пана болуды мақсат еткенде отбасы жарасым табады. Менің Құдай қосқан жарым – бар мұратын отбасының игілігіне арнаған, бар тілегін перзентінің жолына байлаған әлемдегі ең мейірімді ана, ұлттың ұйытқысы, ұрпақтың анасы. Әрбір ана отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбиінің жыламауын тілейді. Өткенге көз жүгіртсем, небір қиындықты бас­тан өткеріппіз. Кез келген сынаққа сынып кетпеуге біздің бір-бірімізге деген құрметіміз, ұрпағымызға деген сүйіспеншілігіміз сеп болды, – деген Серікбай ақсақал жас ұрпақтың осындай қазыналы қарттыққа жете беруін тіледі.

– Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Шынында да адам баласы үшін Отаннан кейінгі қасиетті ұғым – отбасы. Данышпанның да, ғалымның да ең алғашқы тәлімі мен тәрбиесі осы отбасынан қаланған. Мемлекеттің мықты болмағы оның дана басшысына байланысты болғаны сияқты, отбасының берекесі ері мен әйеліне байланысты екені даусыз. Үйлену оңай, үй болу қиын десек те, отбасын құрған әрбір жан үйленерде жауапкершілік пен міндеттің еселенетінін түсініп үйленсе, көп қиындықтың басы шешілер еді. Ажырасудың негізгі себептері – тұрмыстық жағдайдың төмендігі, өзара түсініспеушілік десек те, отбасын құру атты маңызды қадамға аяқ басқан әрбір жан өзін алда күтіп тұрған кез келген қиындыққа дайын болуы керек. Қиындыққа сынбай, байлық келсе, тасымай, әр нәрсені ақылмен шешпек керек. Қазіргі таңда етек алып кеткен ажырасудың негізгі себебі әрбір адамның өзінде, санасында жатыр дегім келеді. Әркім ақылын басшылыққа алса, ой таразысына салып шешім қабылдап, бақытты отбасын құруға талаптанса, ең мықты қорғаушы сабырды серік етіп, арын бәрінен де қымбат санаса және ең бастысы өмірін ардақтап, сыйластықта болса, міне, бұл – отбасы бақытының кілті болар еді. Ал бақытты отбасы болашақта ұлы тұлғаларды дүниеге әкелуге қабілетті болмақ, – деп жалғады сөзін өнегелі отбасының негізін қалаған қария.

Қызмет бабында түрлі жетістіктер мен марапаттарға ие болып, абыроймен адал еңбекті ту еткен жандар бүгінде кейінгі буынға өнеге болып отырған жайы бар. Тек бала-шағасына ғана емес, көпшілікке үлгі болып жүрген жандар қоғамдық іс-шаралар мен отбасылық байқаулардан да қалыс қалған емес. Ауылда өткен той-жиын мен түрлі іс-шарада ақ батасын беріп, елге амандық пен тыныштық тілейтін дуалы ауыз қарттарды көпшілік құрмет тұтады.

Берекелі отбасының ұйытқысы абзал ана 12 құрсақ көтерген жан. 6 ұл мен 6 қызына тағылымды тәрбие берген жандар ұрпағын әркез адалдыққа тәрбиелейді. Дәуренбек есімді ұлдары тағдырдың жазуымен ұзаққа созылған науқастан 29 жасында дүниеден озған. Қалғаны, шүкір, бүгінде өсіп-өніп, әрқайсысы бір-бір шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Ұл-қыздары өсіп-өніп, оқу оқып, абыройлы қызмет етіп жүрген жайы бар. Әулеттің күйеу балалары мен келіндері де өсіп-өнген отбасының балалары. Бейнетінің лайықты зейнетін көріп отырған қариялар ұл-қыздан тараған немере-шөберелер мен жиен-жиеншарлардың қызығына тоймай, ұрпағын әркез ізгілікке тәрбиелеп келеді.

Қазыналы қарттар саламатты өмір салтының арқасында қазір де қуатты. Кезінде үкімет жұмысымен қатар 5-6 сиырды қатар сауып, айран пісіп, құрт жасап, еңбектен береке тапқан отанасы осы еңбектен әлі де танбаған. Кезінде енесінен үйренгені бойынша кілем тоқып, текемет басқанын да ұрпағына айтып, көрсетіп отырады. Қазірдің өзінде құрақ құрап, көрпе-көрпеше тігіп ермек қылады. Келіндеріне болысып, қыстық банка басуға да көмектеседі. Ал Серікбай аға бақша баптап, гүл егумен қатар домбыра, мандалин аспаптарын шертіп, ара-тұра көңіл сергітеді. Өнерге де бір табан жақын жан «әу демейтін қазақ жоққа» салып, бірнеше шумақ та жазады. Өмірдегі үлкен мұңы қыршын кеткен ұлының мұңын мұңдап, қара қаламға ерік береді екен. Ақсақал осындай көңіл қылын суыртпақтап шыққан өлеңдерін шағын жинақ етіп шығаруды да ойға алып жүргендігін айтып қалды. Әке жолын қуған Төребек, Жандос есімді ұлдары бүгінде домбыра тартып, елдің алдында жүрген өнер адамдары екенін де айта кеткеніміз орынды.

Адам болып туылу бар да, «тұлға» атына кір келтірмеу бар. Сол сияқты отбасын құру, үйлену әркімнің-ақ қолынан келеді. Бұл тұрғыда дана халқымыз «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп түйіндейді. Расында да, үлкен өмірдің жауапкершілігін сезініп, жанұяның тірегі болу, «ата-ана» атанып, ұрпақ тәрбиелеу – адамзаттың асқақ мұраты. Ал осы ретте өмірлік жартыңды адас­пай табу да – Алланың сыйы, бағыты мен бағдары, көптің бәріне бұйыра бермейтін бақ. Жарты ғасырдан астам уақыт бір шаңырақ астында ұрпақ өрбітіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп келе жатқан Тұяқбаевтар әулетін көпке үлгі етуді мақсат еттік. Сәні мен салтанаты жарасып, ұрпағымен мың жасасып отырған осындай өнегелі жанұяларды көргенде «жақсы жолы жасампаз ұрпаққа жұғысты болсын» дегіміз келіп тұрады.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
30 қыркүйек 2023 ж. 325 0