Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жігері мұқалмас жан

Жігері мұқалмас жан

Естен кетпес сол бір күн. Осыдан 48 жыл бұрын болған оқиға кейіпкеріміздің есінде қалғаны рас. Көңілі жабырқаған ана қызының ендігі өмірі қалай өрбитінін елестете алмады. 5 жастағы Аягөз анасы Қаратайдың жұмыс орнына келген сәтте абайсызда оқыс жағдайға ұшырайды. Анығын айтқанда, мектеп табалдырығын аттайтын жасқа келген кішкентай балғынның қолы тамақ пісіруге арналған электрлі пештің станогында қалып қояды. Осы сәттен бастап, Аягөз Әйменова көптеген ауыртпалықты жеңіп шығады. Айналасындағы барлық адамға өзінің мықтылығын дәлелдейді.

Еш уақытта жігері мұқалмайтын, кез келген қиындыққа тайсалмай қарайтын қайсар жанды біз алыс­тан емес, жақыннан таптық. Қазіргі уақытта педагогика саласында еңселі еңбек етіп келе жатқан Аягөз Жарылқасынқызы – Нағи Ілиясов ауылының тумасы. Бүгінде №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде халық баласына география пәнінен сабақ беретін аяулы жан көпбалалы отбасынан шыққан. Ұлағатты ұстаз Алматы қаласындағы қазіргі Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде сүйікті мамандығы бо­йынша білім алған.

– Менің отбасым – өмірдегі қорғаным. Білген адамға шалт қимылдың салдары сан жылдар бойы көріп келе жатқан қиындықтың өтеуі. Басқа іс түскенде өмір адамды ерте есейтеді. Көңіл жасымас үшін мықты болуға мүдделі болуға тырысасың. Жабыр­қаулы мезетте жанымнан табылған жақын-жуықтың тауы шағылмағаны жақсы. Сондықтан жақсы білім алып, өмірден өз орнымды таптым. Алғаш ауылдағы балабақшаға жұмысқа орналасқан күннен бері ұстаз ретіндегі міндетімді толықтай сезініп келемін. Кейіннен психолог мамандығын меңгеріп, оқу­шымен тікелей жұмыс жасауға мүмкіндік алдым, – дейді ұлағатты ұстаз.

Өз кезегінде Аягөз Жарылқасынқызымен әңгімелесе келе оның ерекше қабілетін байқаған болатынбыз. Аяулы жан ұстаздық қызметтен бөлек, әркез спортпен шұғылдануға көңіл бөледі. Яғни, болмысы нәзік бола тұрып, оның пневматикалық мылтықты жанына серік еткенін көпшілік біле бермейді. Қазіргі уақытта Қызылорда облысының мүгедектерге арналған спорт клубының спортшысы атанған Аягөз Әйменова тәжірибелі жаттықтырушы Жұмабек Дәрменнің қол астында жаттығады.

– Мылтық ату спортының R4, R5 санаты бойынша өнер көрсететін Аягөздің нәтижесі жылдан-жылға жақсарып келеді. Облыс чемпионы атанған І санатты спортшы байрақты бәсекелерде бақ сынап, толағай табыстарға қол жеткізуде. Әр жылдары ҚР чемпионаты мен ҚР параспартакиадасында қарсыластарымен шеберлік байқасқан аудан мақтанышы жүлдеге сынық сүйем қалғанда жарыс жолынан шығып қалды. Негізінен, жарыс ережесі бойынша әрбір спортшы салмағы 2-3 келі тартатын пневматикалық мылтықпен нысананы 60 мәрте көздеуге мүдделі. Кәсіби спортшы Асқар Орынбаев екеуі командалық сында да үздіктер қатарынан табылуға барын салады. Алдағы көктемде жүзеге асатын ел біріншілігінде Аягөз Әйменова қарсыластарынан оқ бойы озық шығады деген үміттеміз, – дейді Жұмабек Дәрмен.

«Адам – керуен, өмір – жол» екені анық. Сынақтан сүрінбей өткен көпшілік алдағы кезеңдерде не боларын сезбейді. Бұл ретте, Аягөз Жарылқасынқызы тереңөзектік Ғалымжан Сағындықовпен отау құрып, бақытты ғұмыр кешті. Бәлкім, жазмыштан болар арқасүйер отағасы бірнеше жыл бұрын бақилыққа аттанды. Осы күні айналасына шуақ төгіп жүретін аяулы ана перзентіне тағылымды тәрбиесін беріп келеді.

– Мектеп қабырғасында жүргеннен мылтықпен тир атуға қызыққан едім. Әркез осы спорт түрімен машықтануға әуестендім. Әрине, әйел затына мылтық асынып, ерлермен бірге жауынгерлік спортты үйрену қиындық соқтырады. Алдағы уақытта жаттығуды күшейтіп, айтулы жарыстарда жеңіс тұғы­рынан көрінуге ұмтыламын, – дейді кәнігі спортшы.

Бұл ретте, аудан мақтанышына айналған спорт­шының жарыс жолындағы жетістігі еселене берсін демекпіз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
13 қаңтар 2024 ж. 257 0