Қырағы капитан
Әскери қызметтің қиындыққа толы өзіндік соқпағы бар. Зіл батпан ауыртпалықты жеңе білген еліміз бойынша 7000 мыңға жуық нәзік жанды арулар қорғаныс саласында қызмет етіп жүр. Ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов ауылының тумасы Манат Құлмұратова мектеп қабырғасында оқып жүргеннен бастап әскери шинель мен китель секілді киім киюді армандайтын. Түпкі мақсатына жету жолында сан түрлі қызмет сатысынан өткен ол бүгінде ер азаматтармен қатар әскери өмірдің ыстық-суығына көніп жүр.
Негізінен, Манат Құлмұратова 9 жылдан бері әскери қызметті үйреніп, тәжірибесін толықтырып келеді. Әйел заты ретінде көп жерде именбей өз ісіне мығымдығын көрсеткен ол – капитан шеніне қол жеткізген. Бозарып атқан таңмен таласа жауапты қызметіне асығатын оның негізгі мамандығы қаржы саласына байланысты. Осыдан 20 жыл бұрын туған жерден Алатау бөктеріне қоныс аударған аяулы жанның табандылығы көп адамда кездеспейтін ерекше қасиет.
– Мен қарапайым отбасында дүниеге келгенмін. Әкем –Замирбек ауыл шаруашылығы саласында еңбек етсе, анамыз – Назнуш 35 жыл бойы ел баласына тәлім берді. Бауырларым темір жол қызметінде. Әрине, бала күнімнен сарбаздар сапында тұрғым келгені рас. Әскери қызмет өз алдына қиындығымен ерекшеленеді. Командиріміз: «Бөлімшеде қыз-келіншек деген ешқашан болмайды, барлығымыз әскери қызметшіміз» деп үнемі айтып отырады. Келімшартпен әскерге келмес бұрын көп жұмыс істеп, барынша тәжірибе жинақтадым. Өмірде кездескен әрбір ауыртпалықтың артында жақсы күндер тұратынын сездім. Қыз баласы болғандықтан кей жағдайда именіп, артқа шегініс жасап жатамыз. Бірақ, бөлімде жүрген кезімізде қыз-келіншек екенімізді 8 наурызда сезінеміз, – дейді өз саласының білгірі.
Бізбен әңгімесінде кейіпкеріміз қазақ қыздарының бойында кездесетін қайраткерлікті анық сезіндірді. Алматы қаласындағы №5571 әскери бөлімде жалдамалы жұмысшы ретінде қызмет жолын бастаған Манат Замирбекқызы бір жылдары Астана қаласынан 3 бөлмелі пәтерге қол жеткізеді. Арқа төріне келген мезеттен №3666 әскери бөліміндегі мақтаулы мамандар қатарына қосылады. Содан кейін ҚР Ұлттық ұланның №6654 әскери бөлімінің тыл бөлімшесінде мемлекеттік сатып алу қызметінің бастығы лауазымын абыроймен атқарады. Кейіннен, кәсіби маман №6654 бөліміне қызметін ауыстырады.
– Бізді таңғы 6.30-дан бастап жаттығу алаңына шақырады. Ерлермен сапта тұрып, басшылықтың тапсырмасына мұқият құлақ түреміз. Каска, бронжилет, дубинка секілді құрал-сайман мен әскери киімге мұқият қараймыз. Сонымен қатар ату алаңына барып, қару-жарақпен ұрыс тәсілін үйреніміз. Күнделікті қалыптасқан қағидадан айнымаймыз. Әріптестерім жаттығу барысында мертігіп қалып жатқан жағдайда жәрдемдеседі. Әскери қызметте жүрегінің түгі бар жандар өз орнын сақтап қалады. Күні-түні жаттығу алаңында ауыр жүкті көтеріп, тізеден балшыққа батып, жүктелген тапсырманы мүлтіксіз орындауға қажыр-қайрат керек. Қайтсек те жаттығу алаңында командир тарапынан сын ескертпе естігіміз келмейді, – дейді тәжірибелі капитан.
Тегеурінді әскери қызметші қатарынан табылған Манат Замирбекқызы отбасында қос перзенттің аяулы анасы. Қай кезде де, ұлы мен қызына тағылымды тәрбиесін беріп келе жатқан ардақты ана биязы қалпынан таймайды. Ауылдағы ағайынның амандығын тілейтін әскери қызметші әрқашан қорғаныс саласының үздік маманы атана беруге барын салатыны сөзсіз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ