Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан тарихының шежіресі

Аудан тарихының шежіресі

Қатпарлы тарих беттерінде еңселі еліміздің қалыптасу кезеңі анық таңбаланған. Қилы күндер артта қалып, егемендік нышаны айқындала бастаған тұста жергілікті жерлерде құнды құжаттар архив қорына өткізіле бастаған еді. Бүгінгі күнге дейін шаң басқан архив сөресінде сақталған құжаттар өткен ғасырдағы аудан өмірінен сыр шертеді. Өз кезегінде аудандық архив филиалының қызметкерлері көптеген құжаттың жинақталу барысы мен мазмұнын егжей-тегжей бізге айтып берді.

Шындығында, өткен ғасырда аудан халқы үшін айтарлықтай тың өзгерістер орын алған. Мәселен, 1938 жылдың қаңтарында Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Жарлығымен Сырдария (Тереңөзек) ауданы құрылып, құрамына 18 ауылдық Кеңес енеді. Соғыс жылдарында Тереңөзек пен Аламесек ауылында балалар үйі жұмыс жасағаны, тылдағы еңбек адамының жұқпалы дертке шалдыққаны ел есінде. Ауыртпалығы мол сәтте дәрігер тапшылығы орын алып, адам өміріне араша түсу қиындық соқтырған. Сонымен қатар бүгінде іргелі шаруашылыққа айналған «Шаған Жер» серіктестігі соғыс жылдары «Ворошилов» колхозы ретінде аталған. Осы ауылға 1943 жылы эвакуацияға байланысты молдован халқы көшіп келе бастаған. Бұл ретте, Сыр еліне Қиыр Шығыстан корей ұлтының азаматтары қоныс аударғанын естен шығармаған абзал. Айта кетейік, жерлесіміз Жаппасбай Нұрсейітовке Кеңес Одағының Батыры атағы берілген сәтте аудан жұртшылығы қаражат жинап, майдангердің құрметіне арнап арнайы сүңгуір кеме жасатқан.

Архив қорында өз уақытысында латын әліпбиінде жазылған хаттарды кезіктіруге болады. Бір жылдары латын әліпбиін қолданған аудан халқы ресми құжаттардың сауатты жазылуына аса мән берген. Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 33 жыл толады. Ең алғаш егемендікке қол жеткізген сәтте мемлекеттік тілдің қолдану аясын жергілікті билік кеңейткен. Жер-су, көше атаулары қазақша жазып, ұлы тұлғалардың, ел үшін еңбек еткен қайраткерлердің есімі берілген. Бұл ретте, жиырма бірінші сайланған халық депутаттары поселкелік Советінің сессияларында көше атауларын өзгертуге аса мән берілген.

– Архив саласының өзіндік қалыптасқан дара жолы бар десек, қателеспейміз. Қай кезде де, сала мамандары архивке қажетті құжаттарды жинақтап, аудан тарихын зерделеуге күш салып келеді. Аудан құрамына енетін Тереңөзек кенті мен барлық елді мекеннен жинақталған құжаттар біздің мекемеде сақтаулы екені даусыз. Әрқашан тарихын қастерлеген ұлттың келешегі жарқын. Талай жылдар бойы қилы кезеңдерде орын алған сан түрлі оқиға мен тарихи шешімдер архив қорында сақтаулы, – деді сала ардагері Рахима Саметова.

Қазіргі уақытта аудандық архив филиалында Ұлттық архив қорының жеке тектік құжаттарының тізімі жасақталған. Жеке тектік құжаттары жасақталған жандар қатарында ҰОС ардагерлері, еңбек адамдары мен мәдениет және спорт майталмандары құжаттары сақталған. Қашанда құндылығын жоймайтын құжаттар аудан тарихының шежіресі деп білеміз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
06 қаңтар 2024 ж. 174 0