Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Біліміне біліктілігі сай маман

Біліміне біліктілігі сай маман

Жалпы, архив саласында еңбек ететін мамандардың қызметі күрделі саналады. Әрбір құжаттың бағыт-бағдарын зерделеп, қорда жинақталуына асқан жауапкершілік танытатын Гүлзат Мейрамбекова мақтаулы маман екенін жақсы білеміз. Осыдан 11 жыл бұрын «Сырдария аудандық архиві» филиалына жұмысқа орналасқан ол өз ісінің білгірі ретінде көпшілік алғысын алып келеді.

Негізінен, кәсіби маман Гүлзат Мейрамбекова архив саласына қатысты құжаттарды түгендеп, ұлттық қордағы құнды мәліметті толықтырумен айналысады. Ең алғаш тарих пәнінің мұғалімі ретінде №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектепте қызмет жолын бастаған Гүлзат Мейрамбекқызы Тереңөзек кентінің тумасы. Ол Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік университетінде «Тарих және география» мамандығы бойынша білім алады. Бүгінде сан түрлі қызметті үйлестіретін тәжірибелі маманға жылдар бойы жинақталған құжаттардың қаз-қалпында сақталуын қадағалау міндеттеледі.

– Мен ең алғаш архив саласына келгенімде аға буын өкілдерінен мол тәжірибе жинақтай алдым. Әрине, ұстаздық еткен жылдары баламен жұмыс жасаудың өзіндік ерекшелігі болатын. Ал қазіргі қызметім тікелей заңды және жеке тұлғалардың, көптеген мекемелердің құжаттарын жинақтаумен айнылысуға бағытталған. Әрбір құжатты нөмірлеп, арнайы бағдарламаға енгізу арқылы электронды қор жасақтаймыз. Сонымен қатар жеке тектік қордың құрамына енген ауданға белгілі азаматтармен кездесу, олардың құнды құжаттарынан көрме ұйымдастыру – ұдайы жүзеге асырылады. Өткен мен бүгінді байланыстыратын кез келген тарихи құжаттың түбірінде маңызды мәселе мен елеулі оқиға табылатынын анық білеміз. Құнды мәліметтерді аудан жұртшылығына кеңінен насихаттауға дайынбыз, – дейді Гүлзат Мейрамбекова.

Бүгінде Гүлзат Мейрамбекқызы отбасында 4 перзент тәрбиелеп отырған аяулы ана, қымбатты жар. Үнемі үй мен жұмысты қатар алып жүруге тырысатын отанасы өз саласы бо­йынша бірнеше жоғарғы марапатқа қол жеткізген. Аудан бо­йынша 100-ге жуық мекемемен тығыз байланыс орнатып, жыл сайын салалық құжаттарды сараптама орталығына жолдайтын кәсіби маман өз жұмысына салғырт қарамайды. Ендеше, күрделі қызметте жарқын жетістікке жетіп, даралана білген сала маманының жұмысына сәттілік тілейміз!


Балтабай ОРДАБЕКОВ
06 қаңтар 2024 ж. 261 0