Архив қорында 38168 құжат сақталған
Кез келген мемлекеттің тарихында архив қоры мұқият сақталады. Қаншама жыл өтсе де, шаң басқан құжаттың құндылығы мен маңыздылығы өміршеңдігін жоймай-ды. Негізінен, елімізде архив саласының қызметі жан-жақты жолға қойылған. Өткен ғасырдан сақталған құжаттар өз иесін тауып жатады. Қызылорда облысының мемлекеттік архиві КММ-ге қарасты Сырдария аудандық архиві филиалының мамандары өткен жылы біршама жұмыс атқарған. Өз кезегінде аталған салада жүзеге асырылған жұмыстарды саралау мақсатында филиал басшысы Жәнібек Сейловпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Жәнібек Әлиасқарұлы, өзіңіз жетекшілік ететін ауданның архив саласында өткен жылы қандай жұмыстар атқарылды?
– Негізінен, Қызылорда облысының мемлекеттік архиві КММ-ге қарасты Сырдария аудандық архиві филиалында 7 адам жұмыс жасайды. Жалпы, архив ісі жүйесін жетілдіруге, Ұлттық архив қорының сақталуын қамтамасыз етуге байланысты ҚР «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңын, ҚР Үкіметінің және сол кездегі Мәдениет және спорт министрінің нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа ала отырып, өткен жылдың 12 айында жоспар бойынша межелі міндеттер орындалды. Анығын айтқанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік архивтерінің жинақтау мен әлеуетті жинақтау дереккөздері болып табылатын мекемелер нормативтік құқықтық актілермен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар жекелеген істердің талапқа сай қалыптасуына әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсетілді. Өз кезегінде олардың байқау істерімен жұмыс жан-жақты жасалуда. «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесіне аудандық архив филиалының істер номенклатурасы, жинақтау дереккөздері болып табылатын мекемелер тізімі, 139 қорлар тізімі, №1 қордан №139 қорға дейінгі тұрақты сақталатын және жеке құрам бойынша істер тізімдемесі, жинақтау дереккөздері бойынша 58 мекеменің байқау ісіндегі 116 парағы енгізілді. Бұның барлығы аудан өміріне тікелей қатысы бар маңызды құжаттар болып табылады. Біз қашанда құжаттардың жылдар бойы сақталуын қамтамасыз етеміз. Расында, 1988 жылдан бастап жұмыс жасап келе жатқан ауданның архив саласында 38168 құжат қоры сақталған.
– ҚР Ұлттық архив қоры құжаттарының мемлекеттік есебін жүргізу, сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы қызмет көрсету сапасы артып келе ме?
– Бұл бағытта сала мамандары тиісті іс-шараларды жыл көлемінде жүзеге асырды. Мәселен, ҚР Ұлттық архив қоры құжаттарын мемлекеттік есепке алу және сақталуын қамтамасыз ету бағытында қор сақтау қоймаларында күнделікті жинақтау, құжаттар мен сөрелерді шаң-тозаңнан тазарту, ылғалдылық-температуралық күн тәртібін бақылауды үнемі іске асыра білдік. Құжаттардың физикалық жай-күйін жақсартуға қатысты 9 қордан 800 істің 6000 парағына қайта жөңдеу (реставрация) жұмысы жүргізілді. Оның ішінде, аталған қорлардың 500 істің мұқабасы қайта түптеліп, 800 іске шифровка басылды. Жазба қағаздары (ярлык) 315 болып орындалды. Р-44,47,54 қордан мәтіні өшуге айналған 35 парақ қайта қалпына келтірілді. Ал Р-32,33,34,34,35,36,37,38,39,40,41,42,43,44,45,46,47 қордың 1962 байламы, яғни 10225 іс-құжаты шаң-тозаңнан тазартылды. Есепті мерзімде архив қызметкерлеріне қор сақтау қоймасынан 6755 құжат қолға беріліп, қайта орнына қойылды.
– Өткен жылы архив қорын толықтыру мен салалық жұмыстарды жетілдіру мақсатында маңызды іс-шаралар өткізілгені жөнінде кеңінен ақпарат берсеңіз?
– Әрине, архив саласына қатысты тың жаңалықтар мен жобаларды көпшілікке таныстыру – тікелей міндетіміз. Өткен жылы аудан көлемінде архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділер беру» мемлекеттік қызметін көрсетуге қатысты Қағида талаптарын түсіндіру мақсатында 10 семинар ұйымдастырылды. Сонымен тақырыптық семинарлар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Әр ай сайын Заң аясында қолданылатын негізгі Қағидалар көпшіліке түсіндіріледі. Өз кезегінде аудан өмірінде өзіндік орны бар Ұлы Отан соғысының ардагерлері, еңбек адамдары, мәдениет және спорт майталмандарының құжаттары архив қорына қабылданады. Олардың тағылымды өмірі мен қызметтік жолына арналған тақырыптық кеш пен сан түрлі басқосу барысында жиналған жұртшылыққа кеңінен мағлұмат беріледі.
– Архив қызметіндегі цифрландыру жүйесі қаншалықты тиімді екенін айта кетсеңіз...
– Елімізде барлық сала кезең-кезеңімен электрондық жүйеге көшуде. Негізінен, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында осыдан 11 жыл бұрын аудандық архив филиалы қорында сақтаулы тұрған құжаттарды сканерлеу арқылы электронды жүйеге көшіру жұмысы басталған. 2013-2023 жылдары аралығындағы архив құжаттарынан 24 049 сақтау бірлігі, яғни, 1 130 939 парақ сандық форматқа көшірілді. Осыдан 4 жыл бұрын «Электронды құжаттардың бірыңғай архиві» ақпараттық жүйесі іске қосылып, осы кезге дейін 3 540 істің 192 529 парағы ақпараттық жүйеге енгізілді. Сырдария ауданы бойынша «Е-Архив» ақпараттық жүйесіне аудан әкімдігі мен кент әкімдігі, мәслихат аппараты мен аудан әкімдігіне қарасты 8 бөлім, 13 ауылдық округ қосылған. 2023 жылы «Электронды архив» бағдарламасы арқылы архивтік құжаттарды цифрлық форматқа енгізу бойынша Р-41,42,43,44,45,46,47,48,54 қордағы 1965 істің 142344 парағы PDF форматына сканерленді және «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесіне Р-32,33,34,41,42,43,44,45,46,47 қордағы 1008 істің 60678 парағы енгізілді. Салалық министрліктің «Архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділер беру» мемлекеттік қызметті көрсету қағидаларын басшылыққа алып, жеке және заңды тұлғалардың әлеуметтік-құқықтық сипаттағы өтініштерін мерзімінде орындау мақсатында 2023 жылы аудандық архив филиалына барлығы 1164 өтініш түсті. Оның 754-не мерзіміне сәйкес қанағаттанарлық, 320-не қанағаттанарлықсыз, 90-і басқа архивтерге қайта жолданды.
– Жәнібек Әлиасқарұлы, Қызылорда облысының мемлекеттік архиві КММ-ге қарасты Сырдария аудандық архиві филиалына өткен жылдан бері басшылық жасап келесіз. Аталған саланы барынша жандандыруға күш салған ардагерлер мен қызметкерлерге Жаңа жылдық тілегіңіз болса, мархабат.
– Шын мәнінде, архив саласының күрделі қызметін күнделікті үйлестіре білу – оңай шаруа емес. 1988 жылдан бері архив саласына білікті басшылар жетекшілік еткен. Мәселен, мекеменің негізін Жақсыбек Кетебаев ағамыз қалаған. Кейіннен, Дәркүл Смағұлова, Ұлмекен Жаналиева, Роза Бексейітова, Рахымжан Түрікбаев басшылық қызметте болып, жауапты қызметтің ауыртпалығын сезінген. Әр кезеңде абырой биігінен көрініп, толағай табыстарға қол жеткізген. Сонымен қатар архив саласының мақтаулы маманы атанып, бүгінде зейнеткерлікке шыққан Рахима Саметова мен Раушан Искакованың еңбегі өлшеусіз. Әрине, аға буын өкілдерінің салып кеткен сара жолын жалғастыруға мүдделіміз. Келіп жеткен Жаңа жылда әрбір отбасында бақ-береке орнасын. Үлкендеріміз аман болсын дегім келеді.
Сұхбаттасқан
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Балтабай ОРДАБЕКОВ