Білікті басшы
Тарихы тереңде жатқан ауданның білім беру саласында өзіндік орны, мәртебелі төрі бар мықты мамандар мен білікті басшылар көп. Олардың жұмыс істеу стилі, басқарушылық қарым-қабілеті мен шығармашылық ізденіс жолындағы әлеуеті, сондай-ақ азаматтық ұстанымы әртүрлі. Бірақ бәрін бір мақсат жолындағы ортақ мүдде байланыстырады. Ол мүдде – білім саласының дамуына үлес қосу, білімді ұрпақ тәрбиелеу. Осы ретте кәсіби тәжірибесі мол білікті де білгір басшы атанған Үміткүл Жұмабаеваның есімі әркез құрметпен аталады.
Биылғы жыл Үміткүл Қонысбайқызы үшін ерекше жаңалықтарға толы. Өзі білім алып, қияға қанат қаққан білім ордасының тізгінін ұстап, директорлық қызметке тағайындалды. Қазір аудандағы білімнің қасиетті қарашаңырағы саналатын №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейін абыроймен басқарып келеді. Сонымен қатар білікті басшы санаулы күннен кейін адам өмірінің айтулы белесі алпыс жасқа толмақ. Осыған орай қырық жылға жуық бір салада еңбек етіп, қиын да күрделі саланың ыстығына күйіп, суығына төзіп, ауданды басқарған талай басшымен бірлесе жұмыс істеп, білім саласын биікке жетелеу жолында жаңашыл бастамаларды енгізген ардақты жан туралы қалам тербеуді жөн көрдік.
Халқымызда «Жақсының жақсылығын айт» деген тәмсіл бар. Ал «Халық – қазы, еңбек – таразы» дейтін болсақ, Ү.Жұмабаеваның еңбегін тереңнен таразылай білетін әріптестері тек жылы сөз, дұрыс пікір айтады. Осы мақаланың жазылуына да білім саласының өкілдері мен кейіпкеріміздің жақындары ұсыныс білдірді. Бұл Үміткүл Қонысбайқызының айналасына қадірлі, құрметті екенін білдіреді. Өзі де жұмысқа жан-дүниесімен берілген, білімін де, тәжірибесін де өзі еңбек ететін саланың дамуына арнап келе жатқан майталман маман.
Негізі Ү.Жұмабаева – М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің түлегі. Жоғарғы оқу орнын 1986 жылы бітірген ол өзінің еңбек жолын Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектебінің математика пәні мұғалімі ретінде бастаған. Кейін 1987-1991 жылдары Тереңөзек аудандық комсомол комитетінің сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісі, 1991-1993 жылдары №36 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі қызметтерін абыроймен атқарған. Білікті маманға сұраныс қай кезде де жоғары екені белгілі. Оның үстіне уақытпен санаспай атқарылған еңбек еленбей қоймайды. Осы ретте кейіпкеріміздің 1993-1994 жылдары №210 орталау мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары ретінде жұмыс істегенін айта кеткеніміз жөн. Бұл жылдар Үміткүл Қонысбайқызы үшін тәжірибе жинау мен шыңдалу кезеңі еді. Өз міндетін адал атқарып, тапсырылған жұмысты тиянақты орындай білетін маман кейіннен аудандық білім бөліміне қызмет ауыстырады. Алғашында бөлімнің инспекторы болса, кейіннен бас маманы ретінде мемлекеттік қызметтегі қадамын жалғастырады.
Бұл – 2000-шы жылдардың бастапқы кезі болатын. Ол кезде аудандық білім бөлімі мен спорт бөлімі бір мекеме еді. Аудан әкімдігіне қарайтын мекеменің атауы аудандық білім беру және спорт бөлімі деп аталатын. Ү.Жұмабаева осы бөлімде бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім бастығы қызметтерін атқарды. Сондай-ақ әр жылдары аудандық білім бөлімінің бас маманы, №6 бөбекжай меңгерушісі, бөлім басшысы, Оқушылар үйінің директоры ретінде де еңбек етті. Ал 2019-2023 жылдары аралығында №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің директоры лауазымында болды. Кейіпкерімізбен ұзақ жыл бір салада еңбек еткен ардагерлер Ү.Жұмабаеваның іскерлік қарым-қабілетін әрдайым жоғары бағалайды.
– Үміткүл Қонысбайқызы – өте білімді, тәжірибелі басшы. Еңбек жолын мұғалімдік қызметтен бастап ауданның білім бөлімінің басшысы лауазымына дейін сатылап көтерілді. Қай қызметті атқарса да тәртіпті, тазалықты басты ұстаным етті. Сырт көзге мінезді болып көрінгенімен, ол – өте қарапайым. Басшы адамға мінез, ұстаным және алға ұмтылу жолындағы күш-жігер ауадай қажет. Бұл қасиеттердің барлығы біздің Үміткүлдің бойында бар. Мен оның ұзақ жылғы еңбегін, қиын кезеңдерде аудан абыройы үшін атқарған жұмысын жоғары бағалаймын. Сондай-ақ талапшылдығын, уақытпен санаспай еңбек ететін қасиетін білім саласының жас мамандарына үлгі етемін, – дейді ауданның білім саласының ардагері Күлайша Абылбекова.
Еңбек ардагерінің сөзін ауданның Құрметті азаматы, аудандық қоғамдық кеңестің белді мүшесі Гүлбар Әбілова қуаттай түсті. Ол Ү.Қонысбайқызының ауданның білім саласының дамуына, оқушылардың облыстық, республикалық білім байқауларында топ жаруына, ұстаздардың да кәсіби біліктілігінің артуына қосқан үлесі зор екенін айтты.
– Облыстық та, аудандық та бюджеттің ең ауқымды бөлігі әлеуметтік салаға, оның ішінде білім беру саласына бағытталады. Қазір аудандық білім бөлімі облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Салада атқарылып жатқан жұмыста та, жетістік те көп. Ал сол жетістіктің бәрі оңай келіп жатқан жоқ. Жетістіктердің барлығы ауданның көшін төрге сүйреген басшылардың, мамандардың еңбегінің жемісі. Мен әрісін айтпағанда, соңғы он жылдың төңірегіндегі ауданның білім саласының дамуында Үміткүл Жұмабаеваның айтулы еңбегі бар деп есептеймін. Бірнеше мектепті абыроймен басқарды. Мемлекеттік қызметте де жемісті еңбек етті. Білім бөлімін басқарған жылдары ауданымыз облыс бойынша жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Ең бастысы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жақсарды, цирфлық жетістіктер қолданысқа енгізілді, ҰБТ-дағы көрсеткіштеріміз де өсті. Сондықтан Ү.Қонысбайқызын білікті басшы деп айтуға толық негіз бар, – дейді Гүлбар Әбілова бізбен әңгімесінде.
Алпысты алқымдаған аяулы жан туралы жақсы пікірлер мұнымен таусылмайды. Ауданның білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков пен білім саласы қызметкерлерінің аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Есназар да жақсы пікірлерін ортаға салып, игі лебізін білдірді. Мұның бәрі маңдай тердің, ізденістің нәтижесінде келген баға. Ал бағаны халық береді. Бұл ретте Ү.Жұмабаеваның абыройы да, мерей-мәртебесі де үстем екені анық.
Адам өмірінің айтулы белесі – 60 жасқа абыроймен жеткен білікті басшы аудандық газеттің де жанашыры. «Басылым тірегі – тұрақты оқырман» дейтін болсақ, Ү.Жұмабаева жергілікті басылымның жанашыр оқырманы әрі №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің директоры ретінде түрлі бағытта ұйымдастырылып жатқан іс-шараларды жүйелі ақпараттандырудың да үлгісін көрсетіп келеді. Сондықтан алпыстың асқарына басқан қадамы құтты болуына біз де тілектес екенімізді білдіріп, айтулы мерейтойы жетпістің желкеніне, сексеннің сеңгіріне және тоқсанның төріне бастап, қуанышты күндеріңіз ғасыр-ғұмырға ұлассын дегіміз келеді.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ