Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Дыбыс операторы

Дыбыс операторы

Сіз дыбыс операторы деген ма­мандық иесі туралы білесіз бе? Сізге оның немен айналысатыны қызық па? Бүгін біз аудан­да ұйымдас­ты­ры­латын кез келген мәде­ни-көпшілік іс-шара­ның басы-қасында жүретін, бірақ еңбегі көзге көрінбейтін жас маман туралы жазатын боламыз.

Талғат Құттымұратұлы – Тереңөзек кентінің тумасы. Ол – аудан орталығындағы №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінің түлегі. Оқушы кезінен белсенді және мәдени-көпшілік іс-шараларға етене жақын болып өскен ол қазір аудандық мәдениет үйінде дыбыс операторы ретінде қызмет етуде. Ізденісті серік еткен жас маман былтыр тәжірибиесін толықтырып, «Қазақконцерт» АҚ барып, Алматыдағы өзі секілді әріптестерімен кездесіп келді. Шығармашылық сапарынан соң аудандағы мәдени іс-шараларда шырқалатын әндердің, әуенді ырғақтардың сапасын арттырып, жұмысына жауапкершілікпен қарап келеді.

– Мәдениет саласында жұмыс істеу әрі қызықты, әрі қиын. Қызықты болатын себебі апта сайын түрлі іс-шаралар өтеді. Соның ұйымдастыру жұмыстарына атсалысамыз. Көрерменге ұнап, қол шапалақтаса, еңбегіміздің еш кетпегенін түсінеміз. Ал қиын болатын себебі жауапкершілік жоғары. Басшымыз Нұрхан Серікұлы бізге әркез бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесімен бөлісіп, көрермен алғыс айтатындай іс-шаралар өткізуімізге жол ашып келеді, – дейді дыбыс операторы бізбен әңгімесінде.

Жас маманның айтуынша, дыбыс операторының бар-жоғын халық біле бермейді. Бірақ іс-шара барысында әннің шырқа­луында немесе ән ырғақтарының уақытылы қосылуында қандай да бір қателіктер орын алса, бірден дыбысқа жауапты маманның барын сезінеді. Сондай-ақ мұндай кезде әр секундтың қадірі артады. «Халық – әділ сыншы» дейтін болсақ, мұндайда тез шешім қабылдап, орын алған кемшілікті жою кәсіби шеберлікті талап етеді. Сондықтан дыбыс операторы барлық жағдайға дайын болуы қажет. Өйткені іс-шаралар барысында «форс-мажор» жағдайлар кез келген уақытта орын алуы әбден мүмкін.

Қызметі жауапты, бірақ еңбегі көзге көріне бермейтін мамандардың түрлі салада көп екені белгілі. Міне, бүгін біз мақаламызға арқау еткен дыбыс операторы Талғат Құттымұратұлы – сондай мамандардың бірі. Аудан халқына сапалы мәдени қызмет көрсетуді басты мақсат еткен жас маманның жауапты жұмысына сәттілік тілейміз.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
20 желтоқсан 2023 ж. 389 0