Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Егемендіктің қадірін білейік

Егемендіктің қадірін білейік

1991 жылы жалындаған жас едік. Оқуды бітіріп, ауылға еңбек етуге келген кезіміз еді. Ол кезде барлық ауылда шаруашылықтың ізі бар болатын. Мен де ауылшаруашылық саласында еңбек еткен әкелеріміздің ізін жалғау мақсатында ауылда еңбек жолымды бастап жатқан едім.

Тәуелсіздік алғанымыз туралы хабарды ауыл жұртшылығы қатарлы естіп, білдік. Алғашында «Бұл қалай болды? Енді не болады?» деп алаңдағанымыз рас. Өйткені өтпелі кезеңнің қай қайсысы да оңай өтпейтіні белгілі. Бірақ жас болсақ та елдегі қиын жағдайды терең сезінетінбіз. Бірнеше айлап зейнетақының берілмей қалуы, дүкендердегі заттың тек талонмен сатылуы, баға тұрақсыздығы елді әбден қажытып жіберген еді. Дегенмен ел халқының рухының мықтылығы соншалық, ертеңгі күнге сенім артты, үміттенді. Сол сенім мен үміт бізді бүгінгідей жақсы күнге жеткізді деп ойлаймын.

Халқымыз қанша қиналса да, ауыр күндерді бас­тан өткерсе де бәріне шыдады деп айтуға толық негіз бар. Ең бастысы, ел бірлігі, барға қанағат ету, шүкіршілік танытудың үлгісін қалыптастырдық. Сол кезеңдерді көзбен көрген, еңбекке араласқан азаматтармен пікірлесе қалсақ, расында да қиын сәттермен бетпе-бет келгенімізді анық аңғарамыз. Осы тұста мен қазақ халқының рухының өте мықты екеніне таңғаламын.

Уақыт өте келе бәрі реттеле бастады. Жұмыссыздық азайды. Жаңа кәсіпорындар салына бастады. Еңбек етемін, кәсіп ашамын деген азаматтарға мемлекет қолдау көрсетті. Ауыл-аймақтарда жаңа нысандар ашылды. Біздің Ақжарма ауылы да жаңа кезеңге қадам басып, ауыл тұрғындары ел дамуы жолында тізе біріктірді. Қазір ізденген адамға жұмыс табылады. Тек ерінбеу керек. Дүкендер де керекті затқа толып тұр. Бұрын қаржы бар болса, дүкенде зат жоқ немесе дүкенде зат болса, қаржы жоқ еді ғой. Қазір бәрі қалыпты. Заңды білген, ізденісті серік еткен адамға Тәуелсіздіктің сыйлап жатқан игілігі көп. Сондықтан барға шүкір етіп, жақсы істердің басы-қасынан табылып, егемендіктің қадірін біліп, алға ұмтылғанымыз жөн.

Марат БИСЕНОВ,
«Құрмет» ордені­нің иегері,
Сырдария аудандық мәслихатының
депутаты
16 желтоқсан 2023 ж. 140 0