Кемеңгер диқанның көшелі ісі – көпке үлгі
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерейтойына орай аудандық «Тіршілік тынысы» газеті мен аудандық тарихи-өлкетану музейінің бірлесе ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік шежіресі» атты жаңа айдар ашылды. Айдар арқылы жергілікті газетте 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі жарқын жетістіктер мен естеліктер тұрақты түрде жарияланатын болады. Газеттің бүгінгі санында «Егемендік еңбек адамына құрмет көрсетуден басталды» тақырыбында ақпараттық мақала ұсынылуда. Біз оқырман қауыммен бірлесе жұмыс жасауға және мақалалар мазмұнын арттыруға әркез дайынбыз.
Ел егемендігі бірлігі бекем, тірлігі көркем Тереңөзек ауданында еңбек адамына құрмет көрсетуден басталды. Нақтырақ айтқанда, 1991 жылды тереңөзектіктер «Жақаев жылы» ретінде атап өтіп, еңбек адамына құрмет көрсету арқылы жұртшылықты қоғам мүддесі жолындағы жауапты жұмыста адал еңбек етуге үндеді. Бұл туралы 1996 жылы жарыққа шыққан «Тереңөзек» кітабында жазылған.
Дала академигі Ыбырай Жақаевтың есімі аграрлы ауданның еңбексүйгіш жұртшылығы үшін етене таныс. Сыр күрішінің атасы саналатын даңғайыр диқанның еңбегі сырдариялық дала еңбеккерлеріне ғана емес, республикаға өнеге болып табылады. Сондықтан Тәуелсіздіктің алғашқы жылының тарихы терең Тереңөзекте «Жақаев жылы» деп жариялануы өте орынды әрі мазмұнды шешім болған. Сол жылы ауданның білім беру саласында қызмет атқарған Хайролла Әбенұлының айтуынша, еңбек адамына құрмет көрсету – егемендікті нығайтудың негізі ретінде айқындалған.
– Ыбырай Жақаев десе, ақ күріш ойға оралады. Туған жер төсінде қара кетпенімен ерліктің еңбек дастанын жазған кемеңгер диқанның көшелі ісі – көпке үлгі. Білек күшімен, жүрек жалынымен, туабітті дарынымен халықтың құрметіне бөленген тұлғаның 100 жылдық мерейтойы Тәуелсіздіктің алғашқы жылымен тұспа-тұс келді. Соған байланысты 1991 жыл – «Жақаев жылы» деп жарияланды. Бұл мерекеге республика жұртшылығы ыстық ықыласы мен игі тілегін жеткізді. Баспасөзде дала академигінің ізбасарларының үндеуі жариялағаны есімде, – дейді бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер.
Айта кету керек, нарықтық экономикаға бағытталған өтпелі кезеңнің өз қиыншылықтары болғаны жасырын емес. Мысалы, Тәуелсіздіктің алғашқы жылында бұрын қалыптасқан шаруашылықтардың еңбек өнімділігі күрт төмендеп, адамдарды күнделікті тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз ету қиындай түсті. Сондай-ақ барлық еңбек ұжымына өндірістік шығындарды қысқарту талабы қойылды. Сәйкесінше, халыққа ақылы қызмет көрсететін кооперативтер құрылып, есеп жүйесі біртіндеп дамыды. Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың көреген шешімдері мен алысты болжай білген даналығының арқасында көп ұзамай экономикалық көрсеткіштер жоғарылады. Мысалы, 1991 жылы аудан еңбеккерлері егін саласында ауқымды жұмыстар атқарды. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, сол жылы 14 мың гектарға егілген күріштің әр гектарынан 49,1 центнерден өнім жиналып, мемлекетке 500 мың центнерден артық астық тапсырылыпты. Бұл туралы ауданның ауыл шаруашылығы саласының ардагері, «Ленин» орденінің иегері Ширек Сқақовпен пікірлестік.
– Тәуелсіздік жылдарының тарихы ауыл шаруашылығы саласымен тікелей байланысты. Дарияны жағалай қоныстанған аудан ықылым заманнан бері егін және мал шаруашылығымен айналысып келеді. Қолымда бар мәліметтерге көз жүгіртсем, 1991 жылы аудан бойынша 8 мың тонна бидай, 2 мың тонна жүгері, 1,2 тонна картоп өндіріліпті. Кейін бұл көрсеткіштердің көлемі артты. Алғашқы жыл ешкімге оңай болған жоқ. Бәріміз абдырап, әбіржіп қалдық. Қаншама қиын күндерді бастан өткерсек те жақсы күндердің келеріне сендік. Сол сенім алдамады, – дейді Ширек Сқақов.
Ардагер 1991 жылы қабылданған «Жақаев жылын» атап өтуге аз уақыт берілсе де көп іс-шара ұйымдастырылғанын айтты. Айтуынша, сол жылдан бастап шаруашылықтар еңбек адамдарын ынталандыру шараларын жетілдірген. Қалай болғанда да ел егемендігінің алғашқы жылы еңбек адамына көрсетілген құрмет – тарих үшін де, келешек үшін де мазмұнды шешім болды. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Әлемнің әміршісі – еңбек» деген қанатты сөзінің астарында да адал еңбекке деген лайықты құрмет пен қолдау жұмыстары жатса керек.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ