Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Хәлің қалай, студент?

Хәлің қалай, студент?

Мектептен жаңа өмірге қадам басқан әрбір жастың арманы студент болу. Студент атанған жас ең алдымен өзіне деген көзқарасты өзгертумен қатар қоршаған ортаға да өзгеше көзқараспен қарай бастайды. Көкірегінде жаңа өмірге енді қадам бастым, студент атанып, бір мамандық иесі боламын деген ой студенттік өмірдің басталғанын білдіреді. Әрине, туған үйіңнен, бала кездегі достарыңнан бөлініп кету оңайға соқпайды. Сағыныш сезімі басым болып, өзге ортаға үйренісу дағдысы қалыптасқанша біршама уақыт кетеді. Дегенмен, жалындаған жастық шағыңда өз өміріңнің иесі атану осы студенттік кезден басталатыны анық.

Қазіргі елдегі жағдай студенттердің де оқу орнында білім алуларына кедергісін келтірді. Оқу орнының кең аудиториясында отырып, оқытушылардың лекцияларын тыңдап, мамандықтың қыр-сырын меңгергенге ештеңе жетпейді. Дегенмен ахуал тұрақтанғанша студенттер қауымы қашықтан білім алып, оқытудың осы әдісін меңгеруде. Жалпы студенттердің бүгінгі жағдайы отбасында өтуі жауапкершілікті арттырмаса, жеңілдетпейді. Күнделікті оқу процесі қашықтан қалыптасқанымен, талап деңгейі сақталған. Сондықтан студенттердің өз аузынан олардың хал-ахуалын білмек үшін бірнеше студенттен пікір білгенді жөн көрдік.
Әйгерім Қанжарбаева, Қорқыт ата атындағы Қы­зыл­орда мемлекеттік университетінің 4 курс студенті:

– Студенттік шақ – әр адамның өмірінде өшпес із қалдыратын, ұмытылмас естеліктерге толы ғажап кезең. Бұл кезеңнің қызығы мен қиындығын студент деген атты иемденген адам ғана біледі деп ойлаймын. Мен де студентпін. Сыр өңіріндегі іргелі білім ордасына оқуға түсіп, студент атанғаным күні кеше сияқты еді. Енді міне, бітіруші түлекпін. Болашақ мамандығым – журналист.

Алғашында өтпестей көрінген 4 жылдың қалай зымырап кеткенін білмей де қалады екенсің. Жалпы бұл күндерді қалай өткізу – әр студенттің өз қолында екенін түсіндім. Университет пен үй арасын жол етіп оқуды бітіруге де болады. Бірақ бұл студенттік кезеңнің қадірін білмеген немесе бекерге өткізіп алған жылдар дейтін едім. Өйткені, студенттік шақ – жаңа бастамаларға жол ашып, танымың мен түсінігіңді кеңейтіп, нағыз білім мен ғылымды игеретін ең жақсы уақыт. Өзім де бұл уақытты бос өткізбей, түрлі шараларға қатысып, білім саласында жетістіктерге жетуге, белсенді болуға тырыстым. Ең бастысы, ата-анам мен ұстаздарымның артқан сенімдерін ақтауды өзіме міндет еттім. Түрлі байқаулардың жеңімпазы атандым. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің стипендианты атанып, білім алып жатқан университетімнің мерейін үстем еттім.

Биыл соңғы жыл болған соң ба бұрынғыға қарағанда қимастық сезімі басым. Оның үстіне қашықтан оқудамыз. Бірақ бұл жағдай бізге кедергісін келтірмеді. Оқытушылар мен топтастармен күн сайын байланыс жасап, болашақ мамандықты меңгерудеміз.

Өмірімде ерекше орын алатын осы кезеңді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде өткізіп, білім алғанымды мақтанышпен айта аламын.

Мадияр Аншаев, Шоқан Уәлиханов атындағы Көк­шетау мемлекеттік университетінің ІІ курс студенті:
– Өткен жылы мектепті бітіріп, жоғарғы оқу орнына оқуға түстім. Арманыма қол жеткіздім, мемлекеттік грант негізінде оқуға мүмкіндік алдым. Болашақ мамандығым – орман шаруашылығының маманы. Туған ауылдан алыстағы қалаға барып, бір жыл бойы оқытушылардан дәріс алдым. Әдепкіде бәрі таңсық болды. Ауа-райынан бастап, адамдармен қарым-қатынас орнату өзіңе байланысты екенін ұқтым. Жергілікті тұрғындармен тілдесу орыс тілінде болды. Ол жақта жерлесіңді кездестірсең, туған бауырыңды көргендей құрақ ұша қуанасың. Дегенмен, өткен бір жыл ішінде әжептәуір студенттік өмірге қалыптасып қалдым. Бар ынта-жігерім білім алуда болды, ата-анамның сенімін ақтап, қатарымның алды болуға тырыстым. Енді міне, курс­тастарыммен қайта қауышуға елдегі жағдай кедергі болып тұр. Бірақ күнделікті әлеуметтік желі арқылы байланысымыз үзілген жоқ. Оқытушылардан дәріс алып, тапсырмаларды орындап, мамандықты қашықтан меңгеруге де қалыптастық. Алдағы уақытта жағдай түзеліп, Көкшетауда оқуды жалғастырамыз деген сенімдемін.

Бекұлан Бегалыұлы, Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу университетінің І курс студенті:
– Күні кеше ғана мектепті тезірек бітіріп, студент болсақ екен деген арманымыз бар еді. Міне, сол мақсатымызға да қол жеткіздік. Әрине, бұл ең алдымен ардақты ұстаздарымыздың берген білімі мен тәрбиесінің арқасы. Қазір барлығымыз жаңа өмірге қанат қағып, еліміздің түкпір-түкпірінде оқуға мүмкіндік алдық. Мен де таңдаған мамандықтың иесі атану үшін, Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу университетінің «ІТ технология және автоматтандыру» факультетіне оқуға түстім. Болашақ мамандығым – ақпараттық жүйелер маманы. Оқу жылы басталмас бұрын оқу орнына барып, құжат тапсырып, топтастарыммен таныстым. Аз күн болса да бір-бірімізбен қауышып, оқытушылардан алғашқы дәрісімізді алдық. Енді міне, интернеттің көмегімен оқуды үйден жалғастырудамыз. Студенттік өмірдің не екенін толық білмесек те, студент атанудың өзі бақыт емес пе? Алдағы уақытта жағдай жақсарып, ару қала Алматының төрінде оқып, әсем қаланың керемет орындарында болатынымыз анық. Әзірге сабырлықпен, елдегі ахуалдың тұрақталуын тілейміз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
14 қараша 2020 ж. 532 0