Аңсап жеткен азаттық

Қазақ халқының тұғырлы Тәуелсіздікке қол жеткізуі – жадымнан өшпес тарихи сәт. Егемендікті жариялаған күні сол кездегі Октябрь ауылдық кеңесінің төрағасы қызметінде едім. Ауылымызға жеткен сүйінші жаңалықты естіп, еріксіз кеудемді қуаныш кернеді. Ата-баба аңсаған еркіндіктің нышаны – Тәуелсіздікке қол жеткізген мезетте қуанбаған адам баласы болмады. Ауылымыздағы барлық көшеге кісі жіберіліп, үлкен-кішінің басын біріктіріп, мемлекетіміздің өз алдына дербес болғандығын хабарлаған едік. Ең алғаш ауыл халқының алдына шығып, Тәуелсіз елміз деген сөзді айту – мен үшін үлкен мәртебе болды. Әлі есімде, үлкендер ақ батасын беріп, жақсылыққа жорыды.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан мен үшін егемендік ұғымы өте қастерлі. Үзеңгілес әріптестермен бірге еліміздің еркіндігін баянды ету мақсатында барынша еңбек етуге тырыстым. Сол кезеңдегі саяси ахуалға бейімделіп, елдің дамуына тамшыдай үлес қосқаныма қуаныштымын. Бодандықтан арылып, байыпты бастамаға жол ашқан еліміздің тұғырлы Тәуелсіздігі баянды болғаны жақсы. Негізінен, егемендіктің іргетасын биіктете түсу болашақ жас өркеннің қолында деп білемін.
Қамар РҮСТЕМОВ,
еңбек ардагері