Бағы жанған «Балапан»
Қазір өскелең ұрпаққа жан-жақты тәрбие беріп, білім нәрімен сусындату – өзекті міндеттердің бірі. Осы орайда Тереңөзек кенті орталығындағы Ә.Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицей жанынан ашылған «Балапан» шағын орталығының игі жұмыстары мақтан етуге тұрарлық. Он жылдан астам уақыттан бері бүлдіршіндерді тәрбиелеп ұшырған орталық жыл өткен сайын жанданып, жергілікті тұрғындардың көңілінен шығып келеді.
Бүгінде 50 бүлдіршіннің шат-шадыман күлкісі естілетін осы орталықта кішкентай балғындар үшін барлық жағдай жасалған. Ойын ойнайтын, тамақтанатын арнайы бөлмелері бар. Жатын бөлмелері мен дәрігерлік және психолог кабинеттері, арнайы тазалық орны талапқа сай жабдықталған. Кең әрі жарық бөлмелер баланың еркін өсуіне әрі көңіл күйінің көтеріңкі болуына зор ықпал етеді. Орталықтың жұмысын өрге бастыруда мектеп директоры Жанар Төреқұлова әрдайым қолдау мен қамқорлығын аямайды. Ал орталық әдіскері Әлия Берденова тәрбиешілерді берекелі істерге бағыттап келеді.
Тәжірибиелі де білікті мамандар бала тұлғасын қалыптастыруда тынымсыз ізденіспен еңбек етуде. Орталық – баланың мектепке барар алдындағы алғашқы баспалдағы. Негізгі міндеттері – оқыту, баланы оқу үрдісіне тарту, мектепке даярлау. Тәрбиешілер баланың мектепте оқуға ықыласын оятып, қабілетін дамытып, қызығушылығын арттырады. Бұл орайда тәрбиешілердің қажырлы да елеулі еңбектерін атап өткен абзал. Мәселен, Ж.Жарылқасынова, А.Бегімқұлова, Г.Әбдіреева, Ж.Әлиева, Г.Бақтиярова, Г.Құлымбетова, Д.Қошқұлова, Б.Іскендірова жарқын бастамалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруға аянбай атсалысуда.
– Балалардың ой-өрісін жан-жақты дамыту үшін күнделікті сан алуан іс-шара ұйымдастырылады. Әрбір ата-ана өз баласының қалай тәрбиеленіп жатқанын білуге тиіс. Осы орайда біз ата-аналармен бірігіп жұмыс жасауды дағдыға айналдырдық, – дейді шағын орталық әдіскері Әлия Берденова.
Айта кеткен абзал, шағын орталық заманауи үлгідегі мектеп-лицейдің бірінші қабатында орналасқан. Материалдық- техникалық базасы заман талабына сай жабдықталған. Орталықтандырылған су, жылу, кәріз жүйелері үздіксіз жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігі басты назарда. Өрт-дабыл қондырғылары мен бейнебақылау камералары орнатылған. Әрбір бала бір-бір үйдің еркесі болғандықтан кей-кейде су ағатын шүмек пен дәретхананың тетіктерін сындырып алады. Мұндайда орталықтың шаруашылық меңгерушісі Шолпан Нұрымованың еңбегі ұшан-теңіз. Нәзік жанды болса да ақауларды ретке келтіріп, күрделілеу ақауларға маман шақыртып, күндіз-түні тынбай жүгіріп жүреді. Сонымен қатар Г.Палымбетова мен Н.Луца балалардың уақытылы және сапалы тамақтануын, ал медбике С.Сақыбекова, психолог А.Төлегенова бүлдіршіндердің емін, олардың дер мезгілінде тынығып ұйықтап алуын да қадағалайды. И.Қодарова болса, балаларды өнерге баулиды.
Биыл Мұғалімдер күнінде шағын орталық ұжымы ҚР Оқу- ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Ал әдіскер Ә.Берденова облыстық білім басқармасының Алғыс хатын иеленді.
Шағын орталық тәрбиешілері де арнайы курстар мен сайыстарға қатысып, біліктілік шыңдап отырады. Былтыр қазан айында «Балапан» шағын орталығында «Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамытудың жаңа моделі» тақырыбында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мамандарының аудандық семинары өткізілді.
Облыстық оқу орталығының мектепке дейінгі ұйымдар арасында ұйымдастырған «Мен зерттеушімін» республикалық байқауынан тәрбиеші Б.Іскендірова аудандық кезеңнен жүлделі І орын алса, ал облыстық кезеңнен «Жаңалық жаршысы» номинациясын иеленіп, орталық директоры С.Асқаровтың дипломымен марапатталды. «Шымырлық пен шеберлік күні» республикалық байқауының аудандық кезеңінен «Ханталапай» сайысы бойынша тәрбиеші Г.Құлымбетова жүлделі ІІІ орын, «Қызыққа толы сәттер» жазғы сауықтыру республикалық байқауының аудандық кезеңінен Д.Қошқұлова жүлделі ІІІ орын және «Мектепке дейінгі ұйымның жыл әдіскері» аудандық байқауында Ә.Берденова жүлделі ІІІ орын алып, аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібековтің дипломымен марапатталды.
Бақыт пен шаттық мекеніне айналған шағын орталықтағы ересектер тобы «Балапан» деп аталса, ортаңғы топқа «Нұрсәби» деген айдар таққан. Тәрбиеленушілері де бірінен-бірі өткен өнерлі әрі өте белсенді. Олар түрлі деңгейдегі сайыстарға қатысып, жүлделі ойындарға ие болып жүр. «Бақытты елдің ұрпағы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Дала сазы» байқауында Өтеш Шахназ І орын, Бауыржанқызы Ясмина ІІ орын алып, Алматы қаласында өтетін республикалық байқауға тегін жолдама иеленді. Әуез жетекшісі Индира Қодарова осындай талантты өрендерді дайындап, жас өнерпаздардың шеберлігін шыңдауға қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталды. Таланты мен дарыны қатар ұштасқан өнерлілер болашағынан зор үміт күттіреді.
Бір сөзбен айтқанда, бағы жанған «Балапан» шағын орталығының ұжымы алдағы уақытта да биік белестер мен асуларды бағындыра беретініне үмітіміз мол.
Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ.
Тереңөзек кенті
Тереңөзек кенті