Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Балапаннан» – болашаққа

«Балапаннан» – болашаққа

Мектепке дейінгі тәрбие мен бі­лім – баланың үлкен болашаққа қа­ланған негізгі іргетасы. Жас өр­кеннің алғашқы ортасы, білім ал­ған орнының оның болашағына әсе­рі зор болмақ. «Бала нені көрсе, біл­се ұядан, Өле-өлгенше соны таныр қиядан» деген. Бүгінгі таңда бала тәрбиесінде ата-анамен қатар бақыт ордасына айналған балабақ­шалардың рөлі басым.

Осы ретте, аудан орталығындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей жанынан құрылған «Балапан» шағын орталығы он екі жылдан бері халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп, ел баласын тәрбиелеуде өнімді еңбек етіп келеді. «Балапан» бағдарламасы ая­сында 2011 жылы іргетасы қаланған шағын орталық күні бүгінге дейін талай шәкірт тәрбиелеп, түлетіп ұшырған. Шағын орталық жұмысын мектеп директоры Үміт Қонысбайқызы тікелей ба­қылап отырса, әдіскер Әлия Берденова балабақша тәрбиеленушілерімен бір­лесе отырып, қарқынды еңбек етіп ке­леді.

– «Ел болам десең, бесігіңді түзе» де­ген ата-бабамыз ертеңгі күннің иелері – жас ұрпақтан зор үміт күтіп, ертеден-ақ баласының бабын жасауға барын салған. Келешек иелеріне деген қамқорлық қазіргі таңда да қа­жетті деңгейде жүргізілуде. Бұл үшін елімізде жарқын бастамалар мен түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Сондай игі бастамалардың бірі – «Ба­лапан» арқау болып, жер-жерде көптеген балабақша бой көтерді. Біздің шағын орталығымыз заманауи үлгіде, бір қабатта типтік жобада салынған. Материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жабдықталған. Ор­та­лықтандырылған су, жылу, кәріз жү­йелері үздіксіз жұмыс жасап тұр. Сондай-ақ, балалардың қауіпсіздігі басты назарға алынады. Осы ретте, ғи­маратта өрт-дабыл қондырғылары мен бейнебақылау камералары орналас­тырылғанын айта кеткеніміз жөн, – дейді «Балапан» шағын орталығының әдіс­кері Ә.Берденова.

№36 мектеп-лицей жанынан ашыл­ған шағын орталық жұмысы жыл өт­кен сайын жанданып, жолға қойы­лып отыр. Ата-аналар да бала­бақша тәр­биешілеріне жүз па­йыз сенім арта алады. Орталықты бүгінде 50 бүлдіршіннің шат-шадыман күлкісі нұрға бөлеп ке­леді. Олар жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа жіктелген. Бұнда ел ертеңіне айналар кішкентай балғындар үшін бар­лық жағдай қолжетімді. Ойын ойнайтын, тамақтанатын арнайы бөлмелер бар. Жатын бөлмесі мен дәрігерлік кабинет, психолог кабинеті мен тазалық орны да бар. Кең әрі жарық бөлмелер баланың еркін өсуіне әрі көңіл-күйінің көтеріңкі болуына ықпал етеді.

«Балапан» шағын орталығы ми­нистрлік бекіткен Қазақстан Рес­пуб­ликасы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға мін­детті стандарты, үлгілік оқу жос­парын және Қазақстан Республикасы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын басшылыққа ала жұ­мыс жасайды. Балабақшаның көркі – бал­ғындар болса, бүлдіршіндердің болашағы жарқын болуында тәрбие­шілердің еңбегі ерен. Әр үйдің бір ер­кесін тәртіпке үйретіп, тәлім үйреткен ұстаз атаулы қашан да құрметке лайық. Шағын орталықта бүгінде барлығы 16 қызметкер жұмыс жасайды.

– Тәжірибелі, білімді мамандар бала тұлғасын қалыптастыруда тынымсыз із­деніспен еңбек етуде. Балабақша – баланың мектепке барар алдындағы алғашқы баспалдағы. Орталықтың не­гізгі міндеттерінің бірі – оқыту, баланы оқу үрдісіне тарту, мектепке даярлау. Тәрбиешілер баланың мектепте оқуға ықыласын оятып, қабілеттерін дамы­тып, қызығушылығын арттырады. Бұл ретте, балабақша тәрбиешілерінің қажырлы да елеулі еңбегін атап өткен жөн. Балалардың ой-өрісін жан-жақты дамыту үшін күнделікті түр­лі іс-шаралар мен бағдарламалар ұйым­дастырылып отырады. Әр ата-ана баласының қандай ортада, қалай тәрбиеленіп жатқанын білуге міндетті. Осы ретте, біз ата-аналармен де бірігіп жұмыс жасауды дағдыға айналдырдық, – дейді шағын орталық әдіскері Әлия Тоқшылыққызы.

Шағын орталық тәрбиешілері де арнайы курстар мен сайыстарға қаты­сып, біліктіліктерін шыңдап оты­рады. Жақында «Балапан» шағын орталы­ғында «Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамытудың жаңа моделі» тақырыбында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мамандарының аудан­дық семинары өткізілгенін айта кетке­німіз жөн.

Бақыт мекеніне айналған шағын орталықтағы ересектер тобы «Балапан» деп аталса, ортаңғы топ «Нұрсәби» деген айдар таққан. Балабақша тәрбие­ленушілері де бірінен-бірі өткен өнерлі әрі өте белсенді. Олар түрлі деңгейдегі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Атап айтар болсақ, кішкентай Бақдәулет Төлебай үлкен байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып келеді. Таллинде өткен халықаралық «Kalejdoskop talentow» байқауында ІІ орынды, халықаралық «Алаш оқушы­лары» сайысында бас жүлдені жеңіп алған бүлдіршін келешегінен зор үміт күттіреді. Сондай-ақ, шағын орталық тәрбиеленушілері Надира Нұрханқызы, Айбын Алиасқар, Сабира Ермағанбет, Шүкіржан Әділбек, Төлеген Серік, Азалия Құрманбай, Бағжан Ибрагим, Айбибі Әнуарбек, Ернар Мейрамбек, Қарақат Мырзабек, Еркежан Әділбек, Аяла Дамирқызы, Нұрдәулет Бақберген, Арманжан Әшімов, Санжар Асхатұлы облыстық, республикалық сайыстар­да топ жарып, талай белестерді бағын­дырып келеді. Таланты мен дарыны қатар ұштасқан өнерлі өрен бола­ша­ғынан зор үміт күттіреді. Біз өз кезе­гімізде ел болашағына айналар бүлдір­шіндерге жол болсын айтамыз.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
29 қараша 2022 ж. 519 0