Балауса балғын балалық шақ
Ел болашағын тәрбиелеп өсіру негіздерін қалыптастыратын тұңғыш мектеп – балабақша. Білім беру балабақшадан басталады. Балғынның алғашқы ортасын қалыптастырып, білім жолына алғашқы қадам жасауда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының маңызы зор.
Елімізде балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуге бағытталған «Балапан» бағдарламасы қабылданған еді. Бағдарлама аясында Жетікөл ауылындағы №174 орта мектебі жанынан «Балауса» шағын орталығы іске қосылған. Талай баланы түлетіп, бүгінде өз жұмысын жүйелі жүргізіп отырған білім беру ұйымының алғашқы тәрбиеленушілері бүгінде 11-сыныпты аяқтап, үлкен өмірге қадам басуға әзірленуде. Бүгін «Балабақша – бақыт мекені» айдары аясында ауданнан шалғай жатқан Жетікөл ауылындағы «Балауса» балабақшасы туралы жазатын боламыз.
Шағын орталықта алғашқы кезде стандарттық талаптарға сәйкес 2 топ ашылып, 40 бала «бақыт мекеніне» қабылданған. Орталықтың алғашқы әдіскері Б.Кішкенбаева алғашқы тәрбиеленушілерді қабылдап, жұмысты ұтымды үйлестіріп әкеткен. Сол кезде балабақша табалдырығын аттап, ән айтып, би билеуді үйренген кішкентай бүлдіршіндер бүгін мектептің мақтанышына айналып, мәнерлеп оқудан, ән байқауынан республикалық дәрежеде жеңімпаз атанып жүр.
Шағын орталықтың ішкі-сыртқы жұмыстарын үйлестіруде әдіскердің рөлі маңызды екені айтпаса да түсінікті. Ал қазіргі заман талабына сай, жан-жақты, ойын ашық жеткізе алатын, шығармашыл ұрпақ тәриелеу жолында тәрбиешілердің алатын орны ерекше. Орталыққа келетін әрбір бүлдіршіннің өмірге, білімге деген алғашқы қадамында көңілінің кілтін тауып, олардың тұлға болып қалыптасуына зор ықпал ететін тәрбиешілер екені анық. Қазіргі таңда шағын орталықта Ж.Аханованың әдіскерлігімен қатар тәрбиешілер Ж.Абибуллаева, М.Зауребаева, Г.Жаманшаева, психолог Г.Қалжігітова, жас мамандар Н.Қалдыбаева, Б.Кәрібаева жұмыс істеуде.
Балабақша өз жұмысын бастағанына жеті жыл өткеннен кейін бала санынынң аздығына байланысты бір топ өз жұмысын тоқтатыпты. Содан бері мектеп жанынан құрылған шағын орталық бір топпен жұмыс жасап келеді. Балабақша тәрбиешілері жаңа заман талабына сай ұдайы ізденіп, дамып, білім мен біліктіліктерін арттырып келеді. Тәрбиешілердің бүлдіршіндерге білім беру жолындағы ізденістері, білім жетілдіру жолындағы жұмыстары елеусіз қалып жатқан жоқ. Атап айтар болсақ, шағын орталық әдіскері Жанар Аханова республикалық «Үздік қазақ тілді интернет сайты» аталымының жеңімпазы, І республикалық «Жас маман» байқауында да үздік шыққан. Сондай-ақ «Педагог майталманы» төсбелгісімен марапатталған. Ал тәрбиеші Жазира Абибуллаева – республикалық «Мектепке дейінгі оқыту пәні» онлайн олимпиадасының ІІІ дәрежелі диплом иегері. Сонымен бірге «Үздік балабақша тәрбиешісі» олимпиадасының жеңімпазы және «Өрлеу» орталығының «Құрмет грамотасына» ие болған. Балабақша тәрбиешілерінің әрқайссы үнемі ізденіс үстінде жүреді. Олардың жетістіктерін түгел тізіп шығу мүмкін емес. Еңбек өтілі жоғары ұстаздар кейінгі жас буынға ұдайы ақыл-кеңесін беріп, қызмет бабын, баламен жұмыс жасаудың қыр-сырын үйретіп отырады. Жас мамандар да өз кезегінде жаңашылдықты ұсынып, толықтырып жүреді. Соның нәтижесінде балабақша ұжымы бірлігі мен татулығы жарасып, жоғары жетістіктерге жетіп, мол абыройға кенелуде. «Бірлік барда – тірлік бар» деген осы.
– Қазіргі заман үлкеннен де, кішіден де үнемі дамуды талап етеді. Үлкен өмірге енді қадам басқан жас бүлдіршіндерді жан-жақты, көзі ашық етіп тәрбиелеу үшін тәрбиелеуші біздердің дамып, ізденіп отыруымыз – басты шарт. Әр ата-ана баласының жақсы білім алып, жайлы ортада тәлім алғанын қалайды. Солай бізге сеніп тапсырып жатады. Ал бұл өз кезегінде бізге үлкен жауапкершілік екені түсінікті. Бүгінгі бала – ертеңге еліміздің жарқын болашағының иелері. Сондықтан бізге алға жылжудан бір сәт те дамылдауға болмайды, – дейді №174 мектеп жанынан құрылған «Балауса» шағын орталығының әдіскері Жанар Тұрсынбайқызы.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ