Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Балғындардың құтты мекені

Балғындардың құтты мекені

Балабақша – бақытты балалар ордасы. Қазіргі таңда жұмысбасты ата-ана үшін сенімді әрі сапалы жұмыс жасайтын балабақшалар тиімді. Олай дейтініміз, баланың ең алғашқы ортасы әрі бірінші білім баспалдағы осы табалдырықтан бас­талады. Қай ата-ана болмасын өз баласының жайлы ортада өскенін құп көреді.

Ата-ананың да, балғындардың да көңілінен шығып, жаңа заман тала­бына сай жұмыс жүргізіп отырған «Ба­лақай» шағын орталығы №132 Т.Айтбаев атындағы мектеп жанынан құрылған. Батыр атын иеленген Нағи Ілиясов ауылынан небір ержүрек, өнерлі балаларды тәрбиелеп келе жат­­қан орталық 2010 жылдан бастап жұ­мыс жасайды.

– «Бала нені көрсе ұядан, өле-өлгенше соны таныр қиядан» деген ғой Жүсіп Баласағұн бабамыз. Осы ретте, балаларға алғашқы білімді, тәр­биені беруші орталықтың сапалы қызмет көрсете алуы, жаңа заман талабына сай болуы маңызды. Біз­дің шағын орталығымыз «Балапан» бағ­дарламасының негізінде құрылып, 12 жылдан бері жұмысын жандандырып келеді. Әдіскер ретінде 10 жылдан бері орталық өмірінің қыры мен сырына бойлап келе жатырмын. Бір­лігі бекем ұжымда барлығы 17 адам бал­ғындардың жарқын болашағы үшін­ жұмыс істейді, – дейді ша­ғын­ ор­та­лықтың әдіскері Айгүл Төлегенова.

Аталған орталықтан білім нәрімен сусындаған тәрбиеленушілердің алды бүгінде мектеп бітіріп, үлкен өмірге қанаттанып үлгерсе, кейінгілері мектеп мақтаныштарына айналған. Ал қазіргі таңда балабақша екі топпен жұмыс жасап келеді. «Толағай» және «Айгөлек» топтарына біріккен барлығы 40 тәрбиеленуші жас ерек­шелігіне қарай бөлінеді. Әр топ өз деңгейіне орай ұйымдастырылған са­бақтарды өтіп, түрлі дамытушы ойын­дарды үйренеді. Айта кетерлігі, ор­талықта жоспарға сәйкес мерекелік ертеңгіліктер жиі ұйымдастырылады. Әр іс-шара балғындардың бойына ұлттық, мемлекеттік мерекелер мен атаулы даталарды, рухани қа­зына мен ел мұрасын дарытуды мақсат етеді. Жантану ілімі өкілдерінің пікі­ріне сүйенсек, адамның бала күнінде көргені мен білген ақпараты жадта жақсы сақталады. Осы ретте, бала­лардың бойына тәлім мен тәрбие­нің кішкентай кезден дұрыс сіңірілуі ма­ңызды.

Шағын орталық заман талабына сай құралдармен жабдықталған. Бел­гіленген мерзімде жоспарлы жөндеу жұмыстары да жүргізіліп тұрады. Бар жайлы жағдай жасал­ған балабақша тәрбиешілері де, тәрбиеленушілері де талапты. Ұстаздар жағы біліктілікті арттыру курстарына, семинарларға қа­тысып жүрсе, білікті маманнан тә­лім алған тәрбиеленушілер де түрлі сайыс­тарда топ жарып келеді. Атап айтар болсақ, 2021 жылы респуб­ли­калык «Жарқын болашақ» өнер ор­та­лығының ұйымдастыруымен өт­кен байқауда Фатима Нұрғазы, Бибі­нұр Әділбек есімді бүлдіршіндер жүлделі бірінші орынды жеңіп алған. Эстра­далық ән байқауында бағы жанған кіш­кентай өнерпаздарды үлкен додаға балабақшаның музыка жетекшісі Бо­тагөз Қалиасқарова дайындаған. Сон­дай-ақ Кәусар Жәнібекқызы, Наурыз Жылқыбай есімді
тәрбиеленушілер мә­нерлеп оқу сайысынан жүлделі орындарды жеңіп алған. Ал балғындарды байқауға дайындаған тәрбиешілері Гүлбану Камербаева мен Жанат Шә­кірова екенін айта кеткеніміз жөн. Сонымен қоса, шағын орталықта күні кеше ғана сүйінші жаңалық орын ал­ды. Азима Абдрахман «Кемел өнер» білім орталығының ұйымдастыруымен өткен сайыста бірінші орынды жеңіп алып, тәрбиешілер мен ата-анасының үмітін ақтады. Талапты бүлдіршінді байқауға дайындаған тәрбиешісі Жұлдыз Жұмашеваның мерейі үс­тем болды. Шағын орталық түрлі дең­гейдегі семинарларды да өткізіп тұ­рады. Соның бірі – «Идеялар аукцио­­ны» деп аталған аймақтық семинар. Аталған семинарда Ж.Жұмабаева, А.Тұрман, А.Жүркеевалар әр сала бо­йынша сабақ өткізіп, өз біліктіліктерін көрсеткен.

Шағын орталықтағы білікті мейір­бике Фарида Байжаханованың да ең­бегін атап өту керек. Ол балғын­дар­дың денсаулығын жіті назарда ұстап отырады.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

06 желтоқсан 2022 ж. 359 0