Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мен таңдаған мамандық

Мен таңдаған мамандық

Жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағыт-бағдар беріп, мамандық таңдау бойынша таңдау жасарда қателеспеуі үшін ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жүргізу бойынша іс-шаралар барлық мектепте ұйымдастырылуда. Осы ретте Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейінде «Мамандықтар әлемінде» атты кездесу кеші өткізілді. Іс-шараға түрлі саланың өкілдері құрметті қонақ ретінде қатысып, оқушыларға өздері таңдаған мамандықтары бойынша мағлұмат берді.

Іс-шара басталмас бұрын оқу­шылар меймандарды мектеп кіреберісінен күтіп алып, эксклюзивті сұхбат ұйымдастырды. Онда тосыннан сұрақтар қойылып, кәсіби мамандардан жауап алынды. Мұнан соң оқушылар арасынан сайланған мектеп-лицей президенті, қоғамдық іс-шаралардың белсендісі Аяулым Ермаш білім ордасының жетістіктерімен, оқушылардың қатысуымен өткізіліп жатқан іс-шаралар барысымен таныс­тырды.

Мектептің акт за­­­лын­да ұйым­­дас­тырылған кездесуге мұғалімдермен қатар жоғары сынып оқушылары қатысты. Іс-шара талапты оқушылар Орынбасар Ертуған мен Азамат Әділбекұлының патриоттық ән орындауымен басталды.

Мұнан кейін тарих пәнінің мұғалімі Гүлбаршын Бижекеева мен орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Мөлдір Оспанова мамандық таңдау кешіне келген құрметті қонақтармен таныстырды.­

Іс-шарада мектеп-лицей директорының бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары М.Есжан
ова мен мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қ.Оразбаев сөз сөйлеп, мамандық таңдаудың маңыздылығы жөнінде жақсы пікір білдірді.

Өз кезегінде аудандық қоғамдық кеңес хатшысы Жандос Әбубәкіров заңгерлік мамандықты таңдап, жоғарғы оқу орнында білім алғанын айтып, қазіргі таңда аудандық мәслихатта еңбек етіп жатқанын атап өтті. Ат­қа­рып жатқан қызметінің маңыздылығына, қоғам­дық кеңестің жалпы қоғам мен билік ара­сындағы алтын көпір институтының қызметін атқаратынына тоқталды. Ал «Сырдариясушар» өндірістік учаскесінің суды пайдалану бөлімінің басшысы­ Бағлан Сағындықов аграрлы аудандағы күріш өсірумен айналысатын ірі шаруашылықтар үшін аяқ су мәселесінің маңызы ерекше екенін айтып, «Сырдария­сушар» өндірістік учаскесіне маман болып қабылданып, қазір бөлім басшысы қызметіне дейін көтерілгенін жеткізді. Кәсіби мамандар оқушыларға студенттік жыл­дардағы қы­зықты ест
е­ліктері жөнінде әңгі­мелеп, мамандық таңдауда жүрек қалауына жүгінген дұрыс екенін айтты.

Кездесуге аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау майоры С.Джалмұхамбетова мен бөлімнің инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Ә.Мұқтар қатысты. Өрт пен оттың, тасқын су мен апаттың бел ортасында жүретін мамандар оқушыларға төтенше жағдай саласында еңбек ету үшін физикалық тұрғыда мықты болу керектігін, спортпен қазірден бастап күнделікті шұғылдану қажеттігін айтты. Төтенше жағдай саласының мамандарын дайындайтын оқу орындары туралы мағлұмат беріп, Президенттің тапсырмасымен сала қызметкерлерінің мәртебесі жоғарылап, жалақысы да артып жатқанын жеткізді.

Мамандық таңдау кешіне еңбек адамы Айбек Уәлиев те келді. Ол жақында ғана Ел Президентінің өңірге жасаған арнайы жұмыс сапарында жастардың атынан сөз сөйлеп, «Шаған Жер» серіктестігінің жетістіктерін таныстырған болатын. Өзі оқыған мектепке бірнеше жылдан кейін келіп, оқушылармен кездескен еңбекқор азамат адамның өмірде бақытты болуы мамандықты дұрыс таңдауына байланысты екені жөнінде әңгімеледі.

Биыл мектеп бітіретін шағандық оқушылардың ішінде журналистика, филология мамандығын таңдаған жастардың қатары көп екен. Осы ретте аудандық газеттің бас редакторы А.Ибрагимұлы шығармашыл жастарға бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесімен бөлісті. «Телеарнада немесе газетте жұмыс істегісі келген оқушы қазірден бастап сол бағытта ізденуі қажет, редакциялармен байланыс орнатуы керек» деді ол.

Іс-шара барысында оқушылар А.Ермаш, Н.Асан, А.Тамабай сұрақтарын қойып, жауап алды. Кездесу соңында оқушылар кәсіби мамандармен бірге естелік суретке түсті. Мектеп-лицей директорының бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары Мағрифа Есжанова сала мамандарына шынайы ризашылығын білдірді.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
12 желтоқсан 2023 ж. 292 0