Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№79 газет

05 қазан 2024 ж.

№ 78 газет

01 қазан 2024 ж.

№ 77 газет

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Оқушылармен өткен кездесу

Оқушылармен өткен кездесу

Биыл қасиетті қарашаңырақ №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінен үлкен өмірге 32 оқушы қанат қағады. Олардың алға қойған түрлі арман-мақсаты бар екені анық. Оның ең маңыздысы – ма­мандық таңдау болса, өткен аптада оқушыларға таң­даған мамандықтары жөнінде бағыт-бағдар мен мағлұмат беру үшін білім ордасында тағылымы мол іс-шара ұйымдастырылды.

Оқушылармен кездесуге түрлі саланың өкілдері жиналды. Оның ішінде осы мектептің түлегі, журналистика саласының өкілі А.Ибрагимұлы, сондай-ақ «Ұлттық сараптама орталығының» дәрігері Гүлжанат Нұрдинова, аудандық тө­тенше жағдайлар бөлімінің аға-инженері Салтанат Жалмұхамбетова, ұстаздық жолды таңдаған жас маман Ақерке Қожанбаева оқушылармен ой бөлісті. Іс-шараны мектеп-лицей директоры Б.Бақбергенова ашып, мамандық таңдаудың маңызды іс екенін атап өтті.

– Біз оқушылардың өмірден өз орнын тауып, белгілі бір мамандық иесі бол­ғанын қалаймыз. Бұл бағытта мектеп-лицейде кешенді жұмыстар атқа­ры­луда. Оның ішінде әр оқушымен және ата-анасымен кездесулер, сұхбаттар, тақырыптық лекциялар ұйымдастырылды. Таңдаған мамандығына икемділігі, бейімділігі зерделенді. Бүгінгі іс-шараның да басты мақсаты – түлектерге сан қилы мамандық бар екенін, олардың әрқайсысының маңызы ерекше екенін тү­сіндіру. Енді бірер айдан кейін оқушылар ҰБТ тапсырып, нәтижесі жарияланады. Мен қияға қанат қаққалы тұрған шәкірттерге сәттілік тілеймін, – деді Ба­қытжан Бақбергенова.

Өз кезегінде кеш қонақтары таңдаған мамандықтарының қыр-сырын айтып, атқарып жатқан жұмыстары туралы ақпарат берді. Оқушылардың мамандық таңдауға қатысты сұрақтарына жауап беріп, қандай мамандық иесі болса да адам әуелі адал, білімді, білікті болуы керектігін айтты. Сонымен қатар маман­дық таңдау және оны меңгеру барысында кездескен қызықты әрі қиын кезеңдері жөнінде әңгімеледі.

Іс-шарада 10 сынып оқушылары «Өзбек» биін билесе, Гүлім Серікқызы «Туған жер» әнін шырқады. №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары Жанна Сәркеева, қос бірдей 11 сынып жетекшісі Кенжегүл Тұрғанбекова мен Айнұр Ахметова шәкірттерінің болашақта ата-ана үмітін, ұстаздар сенімін ақтайтынына сенім білдірді. Ал кеш жүргізушілері Нұрбек Әбіласан мен Медина Жәнібекқызы сыныптастарына мамандықтар туралы көп мағлұмат берді. Ата-анасының ықпалымен жаны қа­ламайтын мамандықты таңдаған жұмбақ жанның хаты оқушыларға ерекше әсер етті. Іс-шара соңында оқушылар кеш қонақтарымен естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.




Балтабай Аябекұлы


26 сәуір 2022 ж. 431 0