Салық базасы артса,сапалы істер атқарылады
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында Мемлекеттік кірістер органдарының алатын орны ерекше. Өйткені барлық жұмыс қаржыға, оның ішінде салықтық түсімдерге тікелей байланысты. Бюджет көлемі ұлғайып, салықтық түсімдер артатын болса, мемлекеттік бағдарламалардан бастап, Үкіметтің жобалары, жергілікті атқарушы органның жоспарлары уақытылы әрі сапалы орындалады. Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметтің қолдауымен және облыс әкімі Н.Нәлібаевтың тынымсыз ізденісі мен ерекше талабының негізінде аймақ бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 57 пайызға өсіп, 609 млрд теңгені құрағанын айтып өтуіміз қажет. Сәйкесінше аудан бюджеті де 11 млрд теңгеден асты. Біз Сырдария ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Данияр Айбусиновпен сұхбаттасып, салада атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлар туралы сұрақтарымызға жауап алдық.
– Данияр Болатұлы, сұхбатымызды бірден салық базасын арттыру мақсатында ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстардан бастасақ.
– Салықтық түсімдердің көлемін арттыру – Мемлекеттік кірістер органдарының негізгі міндеті. Бұл бағытта департамент тарапынан біздің алдымызға нақты міндет қойылған. Сондай-ақ бұл жұмысты ұйымдастыру мен үйлестіруге әкімдер де тікелей жауапты. Соңғы жылдары облыс әкімінің іскерлік қарым-қабілетінің негізінде аймақ бюджетінің көлемі артқанын жақсы білесіз. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданымызда да жүргізілуде. Жоспарлы жұмыстар заң аясында барлық сала бойынша ұйымдастырылуда. Біз әр апта сайын аудан бюджетін арттыруды басты негізге алып, басқарма тарапынан нақты шаралар қабылдап, жиындар ұйымдастырып, ұсыныстар енгізіп, өз жұмысымыздың тиімділігін арттырып жатырмыз. Алдағы уақытта да атқаратын жұмысымыз көп, бірақ нәтиже де жоқ емес.
– Аудандық бюджет болжамының орындалуы туралы тарқата айтсаңыз.
– Ол үшін 2023 жылғы 11 айындағы мәліметті назарыңызға ұсынайын. Жалпы аудан бойынша мемлекеттік бюджет болжамы 5 475,4 млн теңге болып бекітілсе, бюджетке 6 847,9 млн теңге түсті. Яғни жоспарымыз 125,0 пайызға немесе 1 372,5 млн теңгеге артығымен орындалды. Ал республикалық бюджеттің жоспары 900,4 млн теңге болса, түсім 788,4 млн теңгені құрап, бекітілген болжам әзірге 87,6 пайызға орындалды. Дегенмен өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда түсім 338,6 млн теңгеге артық, яғни өсу қарқыны 106 пайыз екенін айтып өтейін. Сондай-ақ жергілікті бюджет жоспары 4 926,5 млн теңге болса, нақты түскен түсім 6 059, 4 млн теңге болды. Оның ішінде аудандық бюджет бойынша бекітілген болжам 4 450, 4 млн теңге болса, бюджетке 4 979,0 млн теңге түсім түсіп, былтырмен салыстырғанда жоспар 112 пайызға артығымен орындалған.
– Камералық бақылау нәтижелеріне тоқталсаңыз.
– Ең алдымен, камералық бақылау дегеніміз не екенін айтып өтейін. Бұл – салықтық бақылау бастамаларының бірі. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жіберіледі. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындау салық төлеуші хабарламаны берген күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей орындау қажет. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою бойынша хабарламаны белгіленген мерзімде орындамау, салық төлеушінің банк шоттары бойынша шығын операцияларын тоқтатуға алып келеді.
Ауданда камералық бақылау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Камералық бақылау нәтижесімен жыл басынан бері 513,9 млн теңге қосымша салықтық түсім өндірілді. Оның ішінде республикалық бюджетке 204,8 млн теңге, жергілікті бюджетке 309,1 млн теңге түсті.
– Жасыратыны жоқ, біздегі салықтық түсімнің бір бөлігі мұнай компанияларына тиесілі. Десе де соңғы кездері «қара алтынның» сарқылуына байланысты мұнай компанияларының жағдайы мәз емес секілді. Олардың мүлік салығын орындау көрсеткіші жөнінде қандай ақпарат бар?
– Дұрыс айтасыз, ауданда жер қойнауын пайдаланушы ірі 17 компания бар. Олардың бәрі кірістер органдарына салық төлеуші ретінде тіркелген. Аудандық бюджеттің жалпы көлемінің 67 пайызы осы компаниялардың салықтық түсімдерінен құралады. Сондықтан бұл салық төлеушілермен жүйелі жұмыс жүргізудің маңызы зор.
Алайда заңды тұлғалардан мүлік салығынан түсетін түсім көлемі кемуде. Мұны мұнай компанияларының мұнай өндіруі жылдан жылға азайып жатқанымен байланыстыруға болады. Сондай-ақ баланс қорына жаңадан негізгі капиталдың кірістелмеуі мүлік салығының төмендеуіне әсерін тигізуде.
– Қазір цифрландыру заманы. Кірістер органдарында цифрландыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан қызметті оңтайландыру бағытында пилоттық жобалар қолданысқа енгізілді. Оны кәсіпкерлер мен жалпы халық пайдалануда. Азаматтар үшін қолайлы «e-Salyq-Azamat», бизнес өкілдері үшін «Е-Salyq-Business», «Онлайн-БКМ», «Үш компонентті интеграцияланған жүйе» іске қосылды.
«Е-Salyq-Azamat» мобильдік қосымшасы арқылы жалпыға бірдей декларациялау бойынша 250,00 немесе 270,00 нысанды салық есептілігін тапсыруға және жергілікті салықтар үшін есептеуге, төлеуге болады. Осы ретте 2024 жылы бастап жалпыға бірдей декларациялаудың 3 кезеңі бизнес өкілдеріне қатысты болмақ. Яғни жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшылыры, құрылтайшылары, дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары да декларация тапсырады.
«Е-Salyq-Azamat» мобильдік қосымшасы салық төлеушілер үшін тиімді. Мобильдік қосымша кез келген азамат үшін қолжетімді. Мәселен, осы қосымша арқылы қазақстандықтар активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны үйден шықпай-ақ тапсыра алады. Мобильдік қосымшаны салық төлеушілер дұрыс қолдана білсе, онда мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлерінің жұмысы жеңілдейді. «E-Salyq-Azamat» қосымшасы арқылы тұрғындарға – салық әмияны, жалпыға бірдей декларациялау, салық салу объектілері, қызметкердің еңбек ақысы, электронды сервистер, калькулятор, салық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек туралы қызмет түрлері ұсынылған. Бүгінде мобильді қосымшаның тиімділігі мен танымалдылығын арттыру мақсатында сала мамандары түсіндірме жұмыстарын атқаруда.
«Е-Salyq-Business» мобильді қосымшасы арқылы да ешқайда бармай-ақ, жеке кәсіпкерлікті ашуға немесе жабуға мүмкіндік бар. Бұл мобильді қосымшаны оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдерді есептеу, оларды төлеу және оңайлатылған декларацияны ұсыну бойынша салықтық міндеттемелерді орындау үшін пайдалана алады.
– Жалпыға бірдей міндетті декларация туралы кеңінен айтсаңыз.
– Кірістер органының басты міндетінің бірі – салық салуды анық және сауатты басқару.Өйткені елдегі салық саясатының тиімділігі осы үдерісті ұйымдастыру деңгейіне байланысты. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, көлеңкелі экономиканың мөлшерін қысқарту мақсатында жеке тұлғалардың кірістеріне салық салуды толық ауқымды әкімшілендіру мәселесін шешуге арналған маңызды шарт – халықтың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау.
Жалпыға бірдей декларациялауға көшудің мақсаты көлеңкелі экономикамен және сыбайлас жемқорлықпен күрес үшін жеке тұлғалардың табысы мен мүлкіне тиімді бақылау жүйесін құру, сондай-ақ салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жинауды қамтамасыз етудегі мемлекеттің рөлін күшейту.
Елімізде жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңмен енгізілуде. Бірінші 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдардан және олардың жұбайларын декларациялау басталды. Екінші 2023 жылғы 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері және олардың жұбайлары декларация тапсырды.
Үшінші кезең 2024 жылғы 1 қаңтарынан басталады. Келесі жылдан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсырады. Ал 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап халықтың қалған санаттары да жалпыға бірдей декларация тапсыратын болады.
Әр кезеңнің қорытындысы бойынша талдау жұмысы жүргізіліп, проблемалық мәселелер анықталып, заңнаманы, әдіснаманы және ақпараттық жүйелерді жетілдіру бойынша шаралар қабылдануда.
– Жалпыға бірдей декларациялау кезінде жеке тұлғалар қандай декларация нысандарын тапсыруға тиіс?
– Декларациялау жүйесіне енген кезде активтер мен міндеттемелер туралы декларация ұсынылатын болады. Онда меншік құқығындағы мүлікті, пәтерлерді, автокөліктерді, банктердегі салымдардың міндеттемелерін көрсету қажет.Кейіннен халық жыл сайын кірістер, сатып алған мүлік туралы декларацияны тапсыратын болады.
Декларацияны ұсынудың 2 мерзімі көзделген. 15 шілдеге дейін қағаз тасымалдағышта, 15 қыркүйектен кешіктірмей электрондық түрде тапсырылады. Жалпыға бірдей декларацияны мобильді қосымшалар арқылы тапсыруға болады. Туындаған сұрақтар бойынша 1414 сенім телефоны жұмыс істейді.
– Бүгінде Мемлекеттік кірістер органдарында жаңашылдықтар мен өзгерістер жетерлік. Оларды тұрғындарға дер уақытында ақпараттандырып отыру керек. Әлеуметтік желідегі ресми парақша жұмысы жөнінде не айтасыз? Өзіңіз әлеуметтік желіде белсендісіз бе?
– Халыққа қолжетімді ақпарат ұсыну, ашықтық пен жариялылық қағидатын ұстану – Мемлекет басшысының да талабы. Бұл бағытта облыстық кірістер департаменті тарапынан бізге бірқатар нақты тапсыра берілген. Соған сәйкес біз әлеуметтік желілер жұмысын жандандырып жатырмыз. Мысалы, қазір халықтың басым көпшілігі ұялы телефон арқылы әлеуметтік желілерді пайдаланып, ақпарат алады. Сырдария ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының «facebook», «Instagram» әлеуметтік желісінде ресми парақшасы бар. Ресми парақша арқылы біз ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жүргізіп келеміз. «facebook»-та 3136 оқырманымыз болса, «Instagram»-да 3202 тіркелуші бар. Бұл парақшаларда басқарма қызметкерлері тікелей эфирге шығып, тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, олардың сұрақтарына жауап береді. Сонымен қатар күнделікті атқарылып жатқан жұмыстар суреттерімен бірге ақпараттандырылуда. Өзім де әлеуметтік желідегі ақпараттарды бақылап, бағамдап отырамын.
– Сыбайлас жемқорлықпен күрес – басым бағыттың бірі. Осы ретте басқармада жемқорлықпен күрес жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Ел Президенті Ұлттық құрылтайда «Әділетті Қазақстанды құру үшін жемқорлықпен күрес жұмыстарын күшейтуіміз қажет. Бұл жұмыс тек уәкілетті органдардың ғана міндеті емес. Қоғамның барлық мүшесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруы тиіс» деген еді. Расында да біз сыбайлас жемқорлықты қоғам болып күрескенде жеңеміз. Басқарма өз жұмысында заң аясында ұйымдастыруға ерекше мән беріп, қызметкерлердің білімін арттыруға баса назар аударуда. Тиісті түсіндірме жұмыстары да тұрақты түрде жүргізілуде. Сонымен қатар бірінші басшысының, әдеп жөніндегі уәкілдің аты-жөні, қабылдау күндері, байланыс нөмірлері басқармада ілінген.
– Басқарманың алдағы жоспарлары туралы айтсаңыз.
– Басқарма қызметінің ең негізгі міндеті – бекітілген болжамды сапалы орындау және өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда түсім көлемін ұлғайту. Мұнан бөлек МКБ қызметінің тиімділігін бағалау индикаторларының оң нәтижеде болуына жұмыс атқарып келеміз. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша іс-шара жоспарын назарда ұстаймыз. Сәйкесінше ақпараттандыру жұмыстарын да ұйымдастырып, мекеме тарапынан халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізетін боламыз.
Сұхбаттасқан
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ