Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңір дамуында оң динамика бар

Өңір дамуында оң динамика бар

Кеше облыс әкімі Г.Әбдіқалықованың тө­рағалығымен ағымдағы жылдың 10 айын­дағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен бюджеттің орындалуы бойынша мәжіліс өтті. Жиында облыстық қаржы басқармасының басшысы Елена Шаврова мен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мін­детін атқарушы Ринат Құдайбергенов ат­қарылған жұмыстарды баяндады.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Елена Шав­рованың айтуынша, 2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бо­йынша облыс бюджеті түсімдер бойынша ағымдағы кезеңге арналған болжам 101,8%, оның ішінде меншікті кірістер - 109,4% орындалып, облыс бюджетіне 5,4 млрд теңге ар­ты­ғымен түскен. Сондай-ақ, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 958 млрд теңгеге орындалған. Бұл көрсеткіш те межеден асып тұр.

2021 жылдың 10 айында облыс бюджеті шығыстар бо­йынша 98,4% орындалды. Оның ішінде, үнемделген қаржы 731 млн теңгені құрады.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау бас­қармасының міндетін атқарушы Ринат Құдайбергенов биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында облыс әкімінің іс-шаралар жоспарын орындау және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған жұмыстарды тізбектеді. Атап айтқанда, 2021 жылғы қаңтар-қазан айларында 620,5 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді, бұл 2020 жылдың осы ке­зеңімен салыстырғанда 0,3% артық. Өнер­кәсіптің өңдеуші секторы бойынша негізгі капиталға инвестиция көлемі 218,8 млрд теңгені құрады.

Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларында облыс­та жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілерінің саны 5,8%-ға артып, 50 492 бірлікті құрады. Биылғы жылдың 1 қарашасына аймақта 14 114 жаңа жұмыс орны құ­рыл­ған.
Облыс дамуының қорытындысын саралаған аймақ басшысы облыстық басқармаларға жұмыс қарқынын күшейтіп, ­жыл соңына дейін бюджет қаржысын толық игеруін қамтамасыз етуді және жоспарланған жұмыстарды уақытылы әрі сапалы орындауды тапсырды.

«ТТ» ақпарат
16 қараша 2021 ж. 331 0