Құнын жоғалтпаған кітап
Бала тәрбиесіне қатысты ата-ана мен ұстаздар қауымының бас ауыртар мәселесі ортақ. «Тәрбие – тал бесіктен» деген тәмсілді берік ұстанатын қазақ отбасында ұрпағына айтар өнеге еш уақытта таусылмаған. Жастайынан жыр жаттап, киіз кітапты жастанып оқыған аға буын өкілдері білім мен тәрбиенің қайнар көзі – ілім іздеуде екенін жақсы білген. «Мен оқыған бір кітап» айдары аясында қолымызға тиген ақын Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» атты зерттеу туындысымен толықтай танысып шыққан болатынбыз.
Педагогика ғылымының негізі балаға білім нәрін берудің алғышарттарынан құралады. Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім екенін анық аңғартатын автор зерттеу еңбектері арқылы бала тәрбиесіне айқын басымдық береді. «Тәрбие кең мағынасымен алғанда, қандайда болса бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету» деп тұжырым жасаған Мағжан Жұмабаев баланың дұрыс жетілуіне көңіл бөлген. Зерттеу еңбекте назар аударарлық дүние педагогика саласындағы тәрбиені дене, ақыл, сұлулық, құлық секілді бағытқа бөлгені болып табылады.
Шын мәнінде, балаға тәрбие бергенде әрбір тәрбиешінің алдымен қолданатын жолы – өз тәжірибесі болатыны кітапта анық дәлелденген. Кез келген бала күнделікті үлкеннен қандай тәрбие алса, сол жолмен жүретіні ақиқат. Ата-ана мен ұстаздар қауымы өмірден түйгеніне байланысты балаға ақыл-кеңесін жеткізіп отырады. Педагогика ұғымы – «баланы жетектеу» дегеннен шығады. Қадір-қасиеті жоғары мамандық иесі балаларды білім алуға жетектеп, саналы азамат болып шығуына барлық мүмкіндікті қарастырады. Бұл ретте, әрбір мұғалім ұлт тәрбиесін бәрінен жоғары қойғаны жөн. Өскелең ұрпақ болашақта еліне қызмет ететін болғандықтан, ұлт тәрбиесін ұстануды дұрыс жолға айналдыруы тиіс.
Жалпы педагогика ғылымын зерделей түскенде баланың өмірінде маңызды рөл ойнайтын дене тәрбиесі алдыңғы орынға шығады. Шыр етіп дүниеге келген күннен бастап сәбиді өмірге бейімдеудің өзі тәрбиеге жатқызылады. Қолымыздағы кітапта нәрестеге жасалатын сан түрлі амалдың өзіндік тәртібі бар. Дені сау бала өсіру жолында көпшілік мән беретін қағидаттар назардан тыс қалмаған.
Ендігі кезекте психология іліміне шолу жасап, жан тәрбиесіне тереңнен үңілген жазушының еңбектеріне тоқталамыз. «Жан көріністері мен дене көріністері арасында қанша айырма болғанымен, араларында тіпті жақындық жоқ емес, қайта бірлік, байлам бар. Дене жанға, жан денеге байлаулы, біреуінің біреуінсіз күні қараң» деген автор дені сау адам жанының ісі де сау, жақсы болатындығын айқындаған. Ақылы түзу, сезімі дұрыс, қайраты берік жанның барлық жағдайы болатыны сөзсіз. Өз кезегінде жан мен дене тәрбиесінде қалыпты даму тоқтаса, адам бойында сан алуан өзгеріс орын алады.
Шындығында, бала тәрбиесіне қатысты көптеген еңбекті қамтуға тырысқан жазушы ақыл-ес, зейіннің маңызды факторларын тізбектеген. «Ес өмір үшін аса керек. Ес болмаса, бүгін жаттағанын бүгін ұмытып тұрса, өмірінде адамның білімі артпас еді. Адам адам да болмас еді. Ес болса ғана адам дұрыс ойлай алады» деп дәлел келтірген автор неғұрлым ес мол, бай болса, ойдың тереңдей түсетінін жеткізген.
Бұл ретте, балаға білім, тәрбие барынша мұқият берілгенімен, олардың мінезіне аса мән беру керек. Әрине, мінез адамның жаратылысына байланысты тума болып келеді. Қоғам өмірінде жауыз, мейірімді, құлықты, құлықсыз адамдар ортақ мінездес болуы мүмкін. Сондықтан мінез ақылға немесе сезімге байлаулы дүние емес екенін аңғарғанымыз жөн. Тума мінездер көбіне тұқым қуалаушылықпен келетіндігін ұмытпайық. Негізінен, тума мінезді «Темперамент» деп атаса керек-ті. Оның өзіндік бөлінісі бар.
Білесіздер ме? Мінездің де өзіндік тәрбиесі бар. Тәрбиеші біткен балада берік мінез дұрыс қалыптастыру үшін басты екі шартты ұмытпағаны жөн. Өзінің қолынан келетін іспен айналысуға толықтай ерік беру арқылы басқаның күшіне тәуелді еместігін балаға көрсету керек. Сонымен қатар баланы құбылмайтын, ұсақтықпен, қажытпайтын темір тәртіпке бағындыру керек. Өз кезегінде оқушыны яки үйдегі перзентті еркіне жіберу ерлікке, батырылыққа үйретсе, қатаң тәртіпте ұстау оны шыдамдылыққа, табандылыққа тәрбиелейді.
Кітапты оқи отырып, баланың қабілетін арттыруға, сәби күнінен санасына ұлттық тәрбиені сіңіруге, ғылыми тұрғыдан педагогика мен психологияның оқушыға тигізер пайдасына жан-жақты қанықтық. Анығын айтқанда, 101 жыл бұрын Мағжан Жұмабаев жарыққа шығарған «Педагогика» кітабы ата-ана мен мұғалімнің көмекші құралына айналмақ. Жалпы, бала тәрбиесіне қатысты мол-мағлұматпен танысу мақсатында кітапты оқу ойлы оқырманның өз еншісінде.
Балтабай ОРДАБЕКОВ