Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аты аңызға айналған аға

Аты аңызға айналған аға

Осы ауылға ат басын бұрған кісі әкімқара ма, қарапайым еңбек адамы ма, беймезгіл қонақ па, әйтеуір Әбекеңнің үйіне соқпай кетпейтін. Табиғатынан аңқылдақ, қонақжай Әбекең ақ дастарханын жайып, елдің тұрмыс-тіршілігі жайлы ағынан жарыла әңгіме қозғайтын. Мерейлі де мәртебелі, үлгілі істерге көңілі марқайып, кемшіліктерге жаны күйзелетін. Сол кездері осы елді-мекенді «лауреат Абаттың ауылы» деп те атаушы еді.

Отбасында асыраушы болмағандықтан, қиындық көріп өскен Әбекең еңбекке ерте араласты. Бала кезінен арба айдап, шаруашылық жұмыстарына қолғабысын тигізді. Сонау мектеп бітірген 1968 жылы-ақ күрішші механизатор егістік алқаптың әр гектарынан 68 центнерден өнім жинады. Омырауына күміс медаль тағып, чемпион атанды.

Күндіз-түні тынбай тер төккен жас жігіт егін егудің озық технологияларын игеруге айрықша мән берді. Соның арқасында жыл санап тәжірибесі толығып, жаңа табыстарға қол жеткізді. Даңғайыр диқан «Еңбек Қызыл Ту» және Ленин орденімен марапатталды. Ыбырай Жақаев атындағы жүлденің иегері атанды. Жыл сайын Сыр күрішін жайқалтып, мол өнім жинаған Әбекең 1973 жылы Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Жетістіктері (ВДНХ) көрмесіне қатысып, қола медаль иеленді. Адал еңбегінің арқасында Үндістан мен Куба елдеріне саяхаттап қайтты. Еліміздің саяси өміріне белсене араласқан Абат ағамыз 1976 жылы Мәскеуде өткен СОКП-нің съезіне делегат болып қатысты. Компартия дәуірлеп тұрған 1978-1979 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің екі жыл қатарынан бюро мүшесі болды. «Еңбек ер атандырады» демекші 1982 жылы Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Көрмесіне қатысып, Сыр елінің мерей-мәртебесі мен абыройын асқақтатып, қанжығасына «Москвич-412» автокөлігін байлап қайтты.

Адал еңбегімен елге танылған Абат Сүлейменовтің өмірінде 1983 жыл айрықша оқиға болды. Ол осы жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, арнайы дипломмен марапатталды. Өмірі ауыр бейнет пен берекелі еңбекке толы Абат Сүлейменов ағамыздың мұндай жоғары атаққа жетуіне жұбайы Аяткүлдің зор ықпалы болды. Ол да жұбайының қасында жүріп, күріш егіп, адал жарын ерен еңбекке шабыттандыра білді.

Егін шаруашылығы саласында еселі еңбегімен елдің сый-құрметіне бөленген Абат ағамыз мал шаруашылығын дамытуға да өз үлесін қосты. Сонау 1990 жылдары мердігерлік әдіспен мал басын асылдандыру мақсатында «Ислам – Абат» шаруа қожалығын құрды. Ауданда мал басын көбейтуге айрықша күш-жігерін салды. Бұл салада да абыройлы болып, талай марапатқа, құрмет-қошеметке бөленді. «Ақжарманың» ардақты азаматы Абат Сүлейменов ағамыз 2008 жылы мәңгілік сапарға аттанды.

Аты аңызға айналған, ғұмыры ғибрат, ісі ұрпаққа үлгі Абат Сүлейменовтің ерен еңбек жолы туралы мол мағлұматты аудандық «Еңбек Даңқы» музейінен де көруге болады. Мұнда марқұм ағамыздың тұтынған заттары мен құрал-саймандары, орден-медальдары, басқа да құжаттарынан көрме ұйымдастырылған. Қазіргі жас ұрпаққа өмірі өнеге даңғайыр диқан және майталман малшы ағаның құнды жәдігерлері қызығушылық туғызары сөзсіз.

Ауданның ғана емес, бүкіл Сыр бойының мақтанышына айналған Абат Сүлейменов ағамыз құдай қосқан қосағы Аяткүлмен 6 бала өсіріп, тәрбиелеген, азамат қылған. Қазіргі таңда Айдархан, Абай, Гүлнәр, Гүлсім, Олжас, Қадыр есімді ұл-қыздарынан тараған немерелер өсіп-өркендеп келеді. Үлкен ұлы Айдархан – қара шаңырақ иесі. Ауылда медицина саласында, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі. Басқа да ұл-қыздары әр өңірде еңбек етіп, әке атын асқақтатып жүр.

–Ардақты әкеміздің есімі ел жадында мәңгі қалса, орталықтағы бір көшеге аты беріл­се деп армандаймыз, – дейді ұлы Айдархан.

Өте орынды. Ауыл атын аспанға асқақтатқан Әбекеңе қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Ерен еңбегімен биік белестер мен асуларды бағындырған, туған елі мен жері үшін аянбай еңбек еткен ағамыз Абат Сүлейменовтің аты шындығында да ел есінде қалуы тиіс. Ауылдағы орталық көшелердің біріне Әбекең есімі берілсе, дұрыс болар еді. Тіпті, аудан орталығынан да бір көше бұйырса, құба-құп. Бұл мәселені ауыл әкімдігі, басқа да тиісті орындар қолға алар деген сенімдеміз. Қарапайым еңбек адамына құрмет көрсету – біз үшін үлкен парыз, ұрпаққа үлгі-өнеге.

Мейрамбек Шілдебайұлы,
журналистика саласының ардагері

28 қараша 2023 ж. 225 0