Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңсесі биік еңбек адамы

Еңсесі биік еңбек адамы

Қазақ ССР-нің ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкері Ширек Сқақов – ғибратты ғұмыр иесі. Сонау 1937 жылы дүниеге келген бұл кісінің үлкендер қасиетті Құранды қарап, азан шақырып қойған шын есімі Шерияз­дан. Бір әулеттің жалғыз ұлы болғандықтан апалары кішкентай кезінде кезек-кезек көтеріп жүріп, Ширек деп кетіпті. Содан бастап осы есімді иеленіп, бала күнінен ширақ азамат болып өсіп, жетіледі. Балалық шағы соғыс өртіне шарпылған ұрпақтардың барлығы да өмір сынында болаттай қайралып, жетілді.

Адал еңбекті ту еткен Ширек ағамыз мектеп бітіргеннен кейін анасына қолқанат болып, ауылдағы жұмысқа араласады. Ол кезде Сқақовтар әулеті «Ақарық» колхозында тұратын. Еңбек жолын ауыл­да кітапханашы болып бастады. Екі жылдан кейін Оспан көкесінің (әкесінің інісі) қызмет бабына байланысты ата-бабасының атақонысы болған Ақжармаға көшіп келеді. Әкесі Маутай 1942 жылы соғысқа аттанып, майдангердің артынан 1943 жылы соңғы хаты Сталинградтан келген. Әкесі соғыстан оралмайды, анасы жетектеп жүріп, ер жеткізеді. Бала Ширек ерте есейіп, ересектермен қатар еңбек қамытына жегіледі.

Мектепте жақсы оқыған Ширек Сқақов «Ақжарма» колхозының кітап­ханашысы болып еңбек ете жүріп Қызылорда қаласынан мамандығы бойынша бір жылдық курсты бітірді. Ауыл кітапханашысы сол тұстағы «Ком­­со­мол» колхозының қоғамдық жұмысына белсене араласты. Ұйымдастыру қабілетімен көрінген Ширекті жастар өздеріне жетекші етіп сайлап алды. Сөйтіп ол кітапханашы әрі ауылдың комсомол жетекшісі болды. 1962 жылы жас­тар жетекшісі Ширек Сқақов даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың баспасөз бетінде жарияланған «Жас ұрпаққа сәлем хат» деп аталатын шақыруына үн қосып, күрішші болуға бел буады. Шын ниетпен кіріскен қай жұмыстың да нәтижелі болатыны белгілі. Алғашқы жылы-ақ жас күрішшінің жұлдызы жанып, айы оңынан туды. Ол өзіне бекітілген 26 гектар Сыр маржанын жыл бойы күтіп-баптап, егін құт қамбаға құйылатын сарыала күзде оның әр гектарынан 37 центнерден өнім жинады. Осы көрсеткіш нәтижесінде ол облыс бойынша жас күрішшілердің арасында чемпион атанды. Одан кейінгі жылдарда да табысын еселей түсіп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Мысалы, 1963 жылы әрбір гектардан 49 центнерден, 1964 жылы 58 центнерден өнім жинаса, ал 1965 жылы жастар арасында рекордтық көрсеткішті бағындырып, 67 центнерге қол жеткізді. Ы.Жақаевтың ізбасары, жас комсорг Ширек Сқақов осы еңбегі үшін жоғары марапат «Ленин» орденімен наградталды. Бұл әлі де отызға толмаған жас жігіт үшін үлкен мәртебе, зор абырой еді. Бір аттаса Еңбек ері болудың алдында тұрды. Өкінішке орай, ол атақ Ш.Сқақовқа бұйырмады. Дегенмен, атақ, мансап үшін емес, елінің, жерінің гүлденуі үшін еңбек еткен ардақты азамат сол заманның нағыз патриоты болды. Ол 1966 жылдары Сыр салысын жинаудан биік көрсеткішке жетті. Өзіне бекітілген 26 гектар жердің әр гектарынан 71 центнерден өнім жинауды қамтамасыз етті.

Жігерлі жас Ш.Сқақовты шаруашылық басшылығы 1967 жылы өндіріс бригадирлігіне көтерді. Ол осы қызметте 1994 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін табаны күректей 27 жыл бойы жемісті еңбек етті. Сол кезеңде өндіріс бригадирлерінің шаруашылық директорынан кейінгі шешуші тұлға болғанын көнекөз кісілер біледі. Ширек аға өзінің бригадирлік еңбек жолында туған шаруашылығының бес бірдей бригадасына жетекшілік еткен. Олардың барлығын да алдыңғы қатарға шығарған.

Жоспарлы экономика жолымен жүрген кеңестік кезеңнің жақсы дәстүрінің бірі еңбек адамының мәртебесін бірінші орынға қоятын. Сондықтан егіс шаруашылығындағы шешуші тұлға саналған бригадир Ширек Ысқақов «Ленин» орденінен басқа «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталды. «Қазақ ССР-нің ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкері» атанды. Көп жыл партком, партбюро мүшесі, жергілікті кеңес депутаты, аудандық, облыстық партия комитетінің пленум мүшесі болды. Ш.Сқақов 1994 жылы шаруашылықтан зейнеткерлікке шыққан бойда ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды. Ол осы қоғамдық жұмыста 13 жыл белсене еңбек етті. 2006 жылы ғибратты ғұмыр иесіне «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Даңқты еңбек адамының жары марқұм Қанымжан апа да жолдасының адал еңбегіне сүйеу болып, өзі де талай жыл күріштен мол өнім алған. Осы еңбегіне орай «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Өздерінен тараған 2 ұл мен 5 қыз бүгінде өрісті өркенін жайып отырған үлгілі отбасылар. Ш.Сқақовтың өмірі мен еңбек жолы – кейінгі жас ұрпаққа үрдісті үлгі. Еңбек адамдарының өмірі – тамаша тарих беттері, жас ұрпаққа берер тәрбие көзі. Оларға құрмет ең алдымен еңбектерін насихаттау болып табылады. Осы мақсатта Ширек ағамыздың суреті мен еңбектегі жетістіктерін дәлелдейтін құжаттары Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің қосымша ғимаратында орналасқан «Еңбек даңқы» музейінің экспозициясына қойылып, ауданға келген қонақтар мен жас ұрпаққа таныстырылып, насихатталуда. Сонымен қатар аталмыш музейде орналасқан ауданның экономикасы мен шаруашылығын, түрлі салаларын дамытуда өзіндік үлес қосқан 102 қайраткер бейнеленген «Суреттер композициясында» да орын алған. Осы жұмыстарға аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясының ақпараттық қолдау көрсетуі біздің жұмысымызға серпіліс сыйлайды. Сондықтан алдағы уақытта да күріштен аты шыққан, еңсесі биік еңбек адамдары туралы мақалалар жазатын боламыз.
Салтанат ҚУАНДЫҚОВА,
аудандық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері
23 тамыз 2022 ж. 537 0