Бір сыныпта он тоғыз арман
Мектептің жаны – мұғалім болса, күретамыры – оқушы екені сөзсіз. Ұстаздың тағылымын алған шәкірт үлкен өмірден өз орнын табады. Биыл аудан көлемінде 434 жас түлек мектепті тәмамдап, студенттік кезеңге қадам басады. Қоғалыкөл ауылындағы №44 орта мектепті биыл 35 оқушысы аяқтаса, қазір олардың өмірге деген өзіндік көзқарасы, арман-тілегі қалыптасқан. Мәселен, білім ошағында тарих пәнінің мұғалімі Бибіажар Көшекбаева жетекшілік ететін 11 «б» сыныбының оқушылары ата-ана сенімін ақтауға үмітті.
Ұстаз – оқушы – ата-ана. Қарапайым ғана үш ұғымның бір-бірімен байналысы қай кезде де берік. 11 жыл бұрын мектеп табалдырығын аттаған оқушылар санаулы уақыттан кейін алға қойған мақсат-міндетіне қол жеткізуге ұмтылады. Бүгінде сыныпта 19 оқушы білім алса, бастауыштан Бибіажар апайдың қамқорлығына 18 балғын келген. Кейіннен, бір сынып қысқартылып, білім алушы қатары толыққан. Өз кезегінде сынып жетекшісі оқушылары жөнінде кеңінен мағлұмат берді.
– Жақсы менен жайсаңды тудырған Қоғалыкөл ауылында жыл сайын білім көрсеткіші жоғары болатыны сөзсіз. Алдыңғы буын қалыптастырып кеткен көрсеткішті ұстап тұру міндеті – жас түлектерге жүктелді. Әріптесім Фарида Досмағанбетова екеуміз қос 11 сыныпқа жетекшілік етеміз.
Біздің ортақ арманымыз – оқушыларымыз ұстаздардан жақсы білім алып, білікті маман иесі атанса деген тілек бар. Сыныбымызда 1 Алтын белгіге және 2 «Ерекше аттестатқа» үміткер бар. Мақтаулы оқушыларымыз – Сая Жамбыл, Ақерке Жағыппар, Қаракөз Меңлібек оқу озаттары ғана емес, аудандық, облыстық республикалық олимпиаданың жеңімпазы, – дейді ұлағатты ұстаз.
Өмірде мамандық таңдаудан қателеспеу керектігін жақсы білеміз. Алдағы ҰБТ-да бір сыныптан 15 бала бағын сынауға үмітті. Мәселен, мектеп бітірушілердің басым көпшілігі биология, физика, математика, география, дүниежүзі тарихы, құқық бағыты бойынша оқытылатын мамандықтарды меңгергісі келеді екен. Ал сыныптағы Әкім Әбдінәбиұлы мен Дәулет Бахыт шығармашылықпен айналысқанды жақсы көреді. Сонымен қатар 4 оқушы білім сынағына қатыспастан колледжге оқуға түсіп, медицина және аграрлық сала маманы атануға бекінген.
– Қазір біз мектеп оқушысы ретінде алтын ұямыздағы соңғы айларымызды өткізіп жатырмыз. Әрине толқыныс та, қимастық сезім де бар. Біз 9 сыныпта 26 бала оқу жылын аяқтаған болатынбыз. 3 оқушы «Қызыл аттестатқа» қол жеткіздік. Мұның барлығы – ұстаздарымыздың қажырлы еңбегі деп білеміз. Бастауыш сыныпта Гүлнат Әдікенова апайымыз алғаш әріп үйретіп, еркелегімізді көтере білді. Мектеп директоры Сламбек Қаюпов ағайымыз үнемі бізді өз баласындай көріп, ақыл-кеңесін айтып отырады. Әр жылдары басқа қалаға қоныс аударған немесе 9 сыныптан кейін оқуға түскен достарымызбен араласып тұрамыз. Алдағы уақытта сыныптас достарым өздері қалаған мамандық иесі атанады деп сенемін, – дейді сыныптың топ басшысы Ақерке Жағыпар бізбен әңгімесінде.
Иә, бір сыныпта он тоғыз оқушы болса, он тоғыз арман бар екені белгілі. Сол армандар аласармаса, жас түлектер сенім мен ізденісті серік етсе, онда ұстаздардың да, ата-аналардың да үміті ақталады. Сондықтан арманы асқақ, мақсаты айқын оқушылар Қоғалыкөлден шыққан атақты тұлғалардың игі ісін жалғастыру үшін жауапкершілікті терең сезінуі тиіс.
Балтабай ОРДАБЕКОВ